Сабаққа қажетті құралдар

Бейнелеу өнері (6-сынып): Плакат өнері

Сабақтың мақсаты

Плакат өнерінің пайда болуы мен ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың міндеттері

  1. Кітап графикасының бір түрі ретінде плакат өнерін жан-жақты түсіндіру.
  2. Бояу мен қылқаламды қолдану дағдыларын жетілдіру.
  3. Иллюстрациялық суреттер арқылы әсемдікті тани білуге тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Жұптық жұмыс.

Сабақ әдістері

  • Сұрақ–жауап
  • Баяндау
  • Сарамандық жұмыс

Көрнекіліктер мен құралдар

Сабақ көрнекілігі

  • Иллюстрациялық суреттер
  • Плакат үлгілері
  • Интерактивті тақта
  • Қалташалар
  • Оқулық

Қажетті құралдар

  • Түрлі-түсті бор
  • Қарындаш, өшіргіш
  • Бояу, қылқалам
  • Сызғыш, тушь
  • Ватман

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, тарих, математика, музыка және күнделікті өмірмен байланыс.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару үшін үстел үстіне сұрақтар жазылған дөңгелектер қойылады. Оқушылар оларды бірлесе отырып шешеді:

  • 1. «Білім бұлағы не?» (кітап)

  • 2. «Жаза-жаза батыр, бойы қысқарып жатыр.» (қарындаш)

  • 3. «Оқушы қате жазса кешіреді, сосын өзі сүртіп-сүртіп өшіреді.» (өшіргіш)

  • 4. «Түрлі-түсті “бөкендер”, суреттерге сән берген. Олар болмаса, суреттер қара күйге енген.» (түрлі-түсті бояулар)

Мұғалім қорытындылайды: бәріміздің бейнелеу өнері кітабымыз, өшіргішіміз, альбомымыз, қарындашымыз, бояуларымыз толық болса — бүгінгі сабаққа дайынбыз. «Солдат майданға мылтықсыз бармайды» дегендей, бейнелеу өнеріне де құрал-жабдықсыз келуге болмайды.

II. Үй тапсырмасын сұрау

Бұрынғы тақырып бойынша қысқаша сұрақ-жауап арқылы білім тексеріледі, негізгі ұғымдар еске түсіріледі.

III. Жаңа тапсырманы түсіндіру

Графикалық өнердің ең көп тараған түрлерінің бірі — плакат. Плакат түрлері әртүрлі болғанымен, қоғамдық өмірде елеулі рөл атқаратын ең маңызды бағыты — саяси және үгіт плакаты.

Плакаттың аса маңызды ерекшелігі — сурет пен қысқа жазудың мағыналық және композициялық тұрғыдан біртұтас болуы.

Франциядағы плакат өнерінің өркендеуі

Францияда плакат өнері қарқынды дамыды. Суретші әрі график Пьер Боннар (1867–1947) “France Champagne” атты плакатымен кең танылды. Ар Нуво стиліндегі жеңіл, ойнақы образда әйел қолында шампан толы бокалды ұстап тұрады. Шаш үлгісі, киім пішіні және бокалдың композициядағы орны бір-бірімен үйлесімді байланысып, тұтас көркем шешім береді.

Анри де Тулуз-Лотрек және литография

Анри де Тулуз-Лотрек (1864–1901) — П. Боннарға ықпал еткен суретшілердің бірі. Ол литографиямен шұғылданып, шамамен 30 афиша жасады. Дега шығармашылығы мен жапон өнері Лотректің өзіндік мәнерін қалыптастыруға ықпал етті. Оның афишаларында танымды кейіпкерлер, дара мінез және гротеск элементтері айқын көрінеді.

1892–1893 жылдардағы “Le Divan Japonais” афишасында ашық түсті фонда әсем мәнерлі әйелдің қара силуэті (бийші Джейн Авриль) иероглиф секілді әсер береді. Қалған бөлшектер негізгі ойды қысқа әрі нұсқа ашады.

Альфонс Муха және модерн стилі

Жаңа бағыттың жетекшілерінің бірі — чех суретшісі әрі график Альфонс Мария Муха (1860–1939). Ол модерн бағытын кең аудиторияға танытып, Париждегі театр плакаттарының шебері атанды. Парижде оның стилін жиі “Муха стилі” деп атады.

1895 жылы жаңа жыл түні ол актриса Сара Бернармен танысып, “Жисмонда” спектакліне алғашқы афишасын жасайды. Кейінгі плакаттары да кең танылып, Муханың атағын одан әрі нығайтты.

IV. Бекіту кезеңі: сарамандық жұмыс

Оқушыларға плакат үлгілері көрсетіледі, негізгі қағидалар еске түсіріледі. Одан кейін жұппен жұмыс жасап, көршісімен бірлесе отырып ватманға өз ойларынан плакат құрастырады.

Тапсырма талабы

  • Негізгі идеяны қысқа мәтінмен нақтылау
  • Композицияны ықшам әрі түсінікті құру
  • Түстер үйлесімін сақтау

Нәтиже

Әр жұп өз жұмысын таныстырып, қандай көркем құралдар қолданғанын түсіндіреді.

V. Бағалау

  • Идеяның айқындылығы
  • Сурет пен мәтіннің бірлігі
  • Композициялық шешім
  • Түстердің үйлесімі және ұқыптылық

VI. Үй тапсырмасы

Өз ойларыңнан бір иллюстрация салып келу.