Білім еліне саяхат
Сабақ тақырыптары
Төменде оқу жылы барысында өтетін негізгі сабақ тақырыптары берілген:
- 1. Білім еліне саяхат
- 2. Жомарт күз
- 3. Бау-бақшада
- 4. М. Етекбаевтың «Нан қайдан келеді?» ертегісі
- 5. Менің отбасым
- 6. Біздің үй
- 7. «Қасқыр, түлкі, әтеш» ертегісі
- 8. Үй құстары және үй жануарлары
- 9. Жабайы аңдар
- 10. Балабақшадағы ойыншықтар мерекесі. Ойыншықтар
- 11. Елордасы — Астана
- 12. «Жыл басына таласқан жануарлар» ертегісі
- 13. Қысқы киімдер
- 14. Көңілді қыс. Қысқы ойындар
- 15. Тәуелсіздік төрімде
- 16. Қош келдің, Жаңа жыл!
- 17. Құстардың тіршілігі
- 18. Жабайы жануарлардың қысқы тіршілігі
- 19. Көшедегі көліктер
- 20. «Жеті қазынаның бірі» ертегісі
Білім еліне саяхат (тіл дамыту)
Білім беру саласы
Қатынас
Оқу іс-әрекеті
Тіл дамыту
Қостілділік компонент
Білім — знания
Мақсаты
- 1) Білім әлемі туралы түсінік беру; 1 қыркүйек — Білім күні екенін атап өтіп, мектеп пен балабақша табалдырығын алғаш аттаған балаларды құттықтау.
- 2) Саяхат жасау арқылы балалардың білімге деген құштарлығын арттыру, қиялын дамыту.
- 3) Ұжымды достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Мектепке және балабақшаға бара жатқан балалардың суреттері.
Сабақ барысы
1) Ынталандыру және сезімді ояту
Педагог балаларды дөңгелене тұрып, бір-бірінің жүзін көріп, жымиып, жылы лебіз айтуға шақырады. Осылайша ортақ қуаныш пен мейірімге бөленеміз.
Бүгін — мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінде Білім күні аталып өтуде. Мерекелік көңіл күймен бір-бірімізге қуаныш сыйлайық.
Сұрақ:
Балалар, бір-бірлеріңнің алақандарыңды ұстап тұрып, нені сезіндіңдер?
Күтілетін жауаптар: жылылық, қуаныш және т.б.
Балаларға бүгін «Білім еліне» саяхатқа шығатынымыз, алда қызықты тапсырмалар күтіп тұрғаны айтылады. Сабақ барысында бірнеше аялдама болады: әр аялдамада сұрақтарға жауап беріп, тапсырмалар орындап, дыбыстар мен әріптер, сондай-ақ сандар туралы жаңа мәліметтер аламыз.
2) Ізденіс және ұйымдастыру: «Білім елі» аялдамалары
Әдебиет әлемі
Бұл аялдамада өлең-тақпақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, ертегілер және қызықты әңгімелер туралы қысқаша мағлұмат беріледі.
Сұрақ:
Қандай өлең немесе ертегі білесіңдер?
Әріптер әлемі
- Дыбысты айтамыз және естиміз.
- Әріп — дыбыстың таңбасы.
- Әріпті жазамыз.
Тапсырма:
Балалар, әрқайсысың өз есімдеріңнің қай дыбыстан басталатынын айтыңдар.
Дидактикалық ойын: «Дұрыс айт»
Тәрбиеші «А» дыбысының әртүрлі интонациямен айтылуын мысал арқылы көрсетеді. Балалар бірнеше рет қайталайды.
Осы жұмыстар арқылы болашақта сөз, сөйлем, буын, дыбыс, әріп ұғымдарын меңгеретініміз түсіндіріледі.
Математика әлемі
Бұл аялдамада балалар математикалық ұғымдармен, таңбалармен және геометриялық пішіндермен танысады.
Геометриялық пішіндер
Тәрбиеші фигуралардың суретін көрсетеді, балалар атайды: үшбұрыш, төртбұрыш және т.б.
Қарапайым есеп
Ағаш бұтағына 3 торғай қонып отыр. Бір торғай ұшып кетті. Бұтақта неше торғай қалды?
Жауабы: 2 торғай қалды.
Математика арқылы санау мен есеп шығарудың қарапайым тәсілдері меңгертіліп, осы бағыттағы дағдылар қалыптастырылады.
3) Қорытынды
Балалар, Білім елі сендерге ұнады ма?
«Білім — сарқылмас қазына». Өмірде тек білімді ғана емес, сондай-ақ қайырымды, мейірімді болу да маңызды.
Білімді әрі тәрбиелі адам Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосады.