Төріміз дайын

Білім беру саласы

Қатынас, Таным, Шығармашылық

Бөлімі

Тіл дамыту

Сабақтың мақсаты

Бүлдіршіндердің өз ұлтына, еліне сүйіспеншілігін арттыру; сөйлеу мәдениетін, қиял-ойын дамыту; ойындар арқылы қызығушылығын күшейтіп, сөздік қорын молайту. Халықтың салт-дәстүрін біліп өсуге баулу, талғам мәдениетін қалыптастыра отырып, имандылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі

  • Слайдтар, суреттер
  • Жұлдызшалар
  • Қоржын
  • Асықтар
  • Ұлттық бұйымдар
  • Проектор

Шаттық шеңбері

Өлең жолдары

Біз балдырған тең басқан,

Дос құшағын елге ашқан.

Тілегіміз — тыныштық,

Ашық болсын кең аспан.

Мықты болсын іргеміз,

Бәріміз де біргеміз.

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — «Киелі төр». Мақсатымыз — сіздерді қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын танып-білуге тәрбиелеу, ізденіске баулу және ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін арттыру.

Төр ұғымы және оның мәні

Сұрақтар

  1. Төр дегеніміз не?
  2. Төрге кімдер шығарылады?

Жауап (толықтырылған түсіндірме)

Төр — сыйлы қонақтың орны. Киіз үйге енген әрбір адамға, мейлі хан болсын, мейлі қария болсын, тіпті бес жастағы бала болса да, үй иесі ілтипат көрсетіп төрге шығарады.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал амандасар» — деген сөз осы құрметтен туған.

Төрдегі адам төрелік айтады, яғни әділ сөз айтуға лайықты орынға отырғызылады. Төрге көбіне ақ пен қара түсті сырмақ төселеді. Мағынасы — бұл орын ақ пен қараның ара-жігін ажырата білетін адамның орны.

Қазақта: «Еділ — үйдің есігі, Жайық — үйдің жапсары, Түркістан — ұлы төріміз» деген сөз бар.

Бабалардан қалған тағы бір нақыл: «Қыз бала — төр иесі, ұл бала — үй иесі». Сондай-ақ төр жаққа үйдің жабдықтары (киіз-кілем, көрпе-жастық, сырт киім және басқа да бұйымдар) ретімен орналастырылады.

Қонақжайлылық — ұлт мінезі

Ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі — қонақжайлылық. Қандай жағдайда да «Құдайы қонақпын» деп келген адамды кері қайтармай, жылы шыраймен қарсы алып, қолдағы барымен сый-құрмет көрсетіп, киелі төріне отырғызған.

Ән және талқылау

Қадыр Мырза Әлінің қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру әні

Жайлауың болар жеріміз,

Төсегің болар төріміз.

Білгіңіз келсе қазақты,

Қонағы болып көріңіз.

Әуелден жомарт елміз біз,

Асылын жырдың терміз біз.

Білгіңіз келсе қазақты,

Әнін тыңдап көріңіз.

Сұрақтар

  1. Әнде кімдер туралы айтылған?
  2. Қазақ халқы қандай халық ретінде сипатталады?

Қорытынды: қазақ халқы — қонақжай, батыр, ақын, шешен қасиеттерін бойына жинаған халық.

Ендеше, балалар, киелі төрімізге төрлетіңіздер. Төріміз дайын.

Сиқырлы қоржын: сұрақтар мен тапсырмалар

Қоржынның «сөзі»

Балалар, мен сендерді киелі төрге бірден шығара алмаймын. Киелі төрге ең білгір, ең ақылды адам отырады. Қоржыным сұрақтар мен тапсырмаларға толы. Егер барлығына мүдірмей жауап берсеңдер, киелі төрдің иесі боласыңдар.

Ереже: тапсырманы дұрыс орындаған балаға асық беріледі. Бір асық бос ұпай болып саналады.

1-тапсырма

Отан туралы қандай тақпақтар, мақал-мәтелдер білесіңдер?

Тақпақтар

Отан — менің ата-анам,

Отан — досым, бауырым.

Отан — өлкем, астанам,

Отан — туған ауылым.

Қазақстан — туған өлкем,

Жер көп пе сендей көркем.

Көрсін деп күллі әлемге,

Көк туымды мақтан етем.

Мақал-мәтелдер

  • Отан — елдің анасы.
  • Ел — ердің анасы.
  • Отан — оттан да ыстық.
  • Отан отбасынан басталады.
  • Жат елдің жақсысы болғанша, өз еліңнің сақшысы бол.

2-тапсырма

Қазақтың қандай мерекелерін білесіңдер?

Жауап үлгісі

  • Тұсаукесер
  • Алтыбақан
  • Шілдехана

3-тапсырма

Қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?

Жауап үлгісі

  • Арқан тарту
  • Қыз қуу
  • Көкпар

Сергіту сәті

Көтеріліп шаңырақ,

Керегелер керілер.

Уықтары шаншылып,

Өрлей-өрлей,

Бәріміз жүрсек айналып,

Киіз үй боп көрінер.

Шығармашылық жұмыс

Қоржынның келесі тапсырмасы — қазақтың ұлттық бұйымдарын өз қолымызбен жасау. Балалар екі топқа бөлінеді:

І топ

Құрақ көрпе жапсыру (қыздар)

ІІ топ

Қамшы өру (ұлдар)

Қорытынды кезең: «Киелі төр» иесін анықтау

Ойынның шешуші кезеңіне жеттік: киелі төрдің иесі кім болады? Ол үшін жиналған асықтар саналып, ұпай шығарылады. Жеңімпаз төрге шақырылып, құрмет көрсетіледі.

Сыйлық: қоржынның сыйлығы үлестіріледі.

Дәстүр: жеңімпаздан «қонақ кәде» сұралады.

Қатысу: ұтылған балалар өз өнерін көрсетеді (өлең айту, би билеу).

«Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той» әні орындалады.

Сабақты аяқтау

Осымен «Киелі төр» атты сабағымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Автор туралы мәлімет

Өңір
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
Мекеме
ҚМҚК «Айгерім» ясли-бақшасы
Тәрбиеші
Құбышева Светлана Қайнеденовна