Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қалатына көз жеткізу

Мақсаты

  • Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің берік негіз болып қалатынын ұғындыру.
  • Бастауыш сыныппен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін айқындап, ақ жол тілеу.
  • Мектебін білім ордасы ретінде құрметтеуге баулу, ұстазға ілтипатты арттыру және білімге құштарлығын күшейту. Отанын сүйетін, елінің адал ұлы мен қызы болып өсуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Қанатты сөздер, тақырыптық жазулар және шарлармен безендіру.

Барысы

Жүргізуші сөзі

Армысыздар, мұғалімдер, ата-аналар, білім іздеп инемен құдық қазғандар! Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан, өмір деген ұзақ жолда талай тарландар!

Бүгін, міне, балбұлақтар бастауышпен қоштасады. Әні мен жырына құлақ түріңіздер: кеше сәби еді, бүгін — жас ұлан. Болашағың лаулап жансын, шамшырақ!

Кеше ғана тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған шәкірттеріміз ақыл-ойы толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренді. Осындай қасиетті шаңырақта өтетін «Бастауышым — бастамам, білім жолын бастаған!» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

Құрметті қонақтарға үндеу

Құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — ерекше күн. Өйткені осыдан төрт жыл бұрын мектеп есігін жүрексіне ашқан балаларымыз бастауышта білімнің іргетасын қалап, қанаттарын қатайтып, енді бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

Білім бізді қызғалдақтай гүлдетті,
Бастауышты тәмамдайтын күн жетті.
Қошеметпен шақырамыз ортаға,
Қадам басқан шәкірттерді құрметті!

Толқимыз. Толқып тұрсыз баршаңыз да — мұндай күй талайдың жүрегін тербеген шығар. Қол соғып, қошеметтеп қарсы алайық: 4-сынып оқушыларын ортамызға!

4-сыныптар таныстырылымы

4 «А» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Бибажар апай

Бассақ бұрыс — жол сілтеп, «қате» дейсіз,
Әр балаға сіз ана мен әкедейсіз.
Болашақтың көктеген жас шыбығын,
Бағбанындай аялап, мәпелейсіз.

4 «Ә» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Гүлзира апай

Әр отбасы еркесінің бабын таба білдіңіз,
Ұстаздықтың қиын жолын көтеріп сіз жүрдіңіз.

4 «Б» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Гүлбану апай

Болашақтың үлкен жолын сізден сызып бастадық,
Еркеліктің, жалқаулықтың көп түрін біз тастадық.

4 «В» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Назира апай

Біз қаншама көп болсақ та сізге үмітпен қарадық,
Басқа ұстаздар алдында енді оқуға да жарадық.

4 «Г» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Раушан апай

Ұқсаттыңыз сіз бізді балаңызға,
Ұқсатып ек біз сізді анамызға.
Жақын тарттық, біртіндеп бауыр бастық,
Жүргеніңізді ұнаттық арамызда.

4 «Д» сыныбы

Сынып жетекшісі:

Жадыра апай

Төрт жыл бойы тынбастан өнер-білім үйреттіңіз,
Әрбір жүрек кілтін тауып, бүгін, міне, түлеттіңіз!