Қолдану салалары

Сабақ туралы

Бұл сабақта компьютерлік графиканың мәні, негізгі бағыттары, қолдану салалары және түрлері қарастырылады.

Сабақтың тақырыбы

Компьютерлік графика

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Сабақтың көрнекілігі

  • Кеспе қағаздар
  • Компьютер
  • Слайдтар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Графика туралы түсінік беру, компьютерлік графиканың негізгі бағыттары, қолдану салалары және түрлерімен таныстыру.

Дамытушылық

Графикалық редактор ұғымын түсіндіру арқылы оқушылардың дүниетанымын, ой-өрісін және пәнге қызығушылығын дамыту.

Тәрбиелік

Эстетикалық талғамды қалыптастыру, шапшаңдыққа және ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері

  • Түсіндіре баяндау
  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік

Сабақтың құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2 Сергіту сәті
  3. 3 Үй тапсырмасын қайталау (кроссворд тарату)
  4. 4 Жаңа сабақты түсіндіру
  5. 5 Практикалық жұмыс
  6. 6 Оқушыларды бағалау
  7. 7 Үй тапсырмасын беру

Жаңа сабақ: Компьютерлік графика

Анықтама

Компьютерлік графика — әртүрлі кескіндерді (суреттер, сызбалар, мультипликациялар) компьютер көмегімен алуды және өңдеуді қарастыратын информатиканың маңызды саласы.

Неліктен бұл бағыт маңызды?

Дербес компьютер қолданушыларының ішінде компьютерлік графикамен айналысатындар саны күн сайын артып келеді.

Қазіргі таңда көптеген мекемелерге газет-журналдарға жарнама дайындау, жарнамалық парақша мен буклеттерді басып шығару қажет болады. Кейбір ұйымдар бұл жұмысты дизайнерлік бюролар мен жарнамалық агенттіктерге тапсырады, ал кейбірі қолда бар бағдарламалық құралдармен өздері орындайды.

Қолданылу әдісі бойынша негізгі салалар

Ғылыми графика

Алғашқы компьютерлер ғылыми және өндірістік есептерді шығару үшін қолданылды. Нәтижені дұрыс түсіну үшін деректер графикалық түрде өңделіп, графиктер, диаграммалар, сызбалар құрастырылды.

Бастапқыда графиктер символдық режимде басылып шығарылды. Кейін қағазға қаламұш арқылы сызатын арнайы құрылғылар — графиксалғыштар (плоттерлер) пайда болды.

Іскерлік графика

Мекеме жұмысының көрсеткіштерін көрнекі түрде ұсынуға арналған маңызды сала. Оның көмегімен жоспар көрсеткіштері, есеп құжаттары, статистикалық есептер түсінікті форматта беріледі.

Іскерлік графикаға арналған бағдарламалар көбіне электрондық кестелер құрамында болады.

Конструкторлық графика

Инженер-конструкторлар, архитекторлар және жаңа техниканы ойлап шығарушы өнертапқыштар жұмысында қолданылады. Бұл түрі САПР (жобалауды автоматтандыру жүйесі) үшін міндетті элемент болып саналады.

Конструкторлық құралдар тек жазықтықтағы кескіндерді (проекциялар, сызбалар) ғана емес, сондай-ақ үшөлшемді кеңістіктік модельдерді де жасауға мүмкіндік береді.

Суреттеу (көркем) графикасы

Компьютер экранында еркін түрде сурет салу мен сызуды білдіреді. Бұл бағыттағы бағдарламалар жалпы мақсаттағы қолданбалы жасақтамалар қатарына кіреді.

Суреттеу графикасында қолданылатын қарапайым бағдарламалық жабдықтар графикалық редакторлар деп аталады.

Жарнамалық графика

Теледидар кең тарағаннан кейін ерекше танымал бола бастады. Қазіргі кезде компьютер көмегімен жарнамалық роликтер, мультфильмдер, компьютерлік ойындар, видеодәрістер және видеопрезентациялар жасалады.

Мұндай өнімдерді әзірлеуге арналған графикалық пакеттер компьютердің жады көлемі мен жұмыс жылдамдығына жоғары талап қояды.

Практикалық жұмыс, бағалау және үй тапсырмасы

Практикалық тапсырма

Графикалық редакторда берілген тапсырмалар бойынша жұмыс орындау.

Бағалау

Оқушылардың теориялық жауаптары мен практикалық жұмысының сапасына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

Келесі сабақта әр жұп шығармашылық жұмыстың жобасын графикалық редакторда салып, қорғау үшін төмендегі тақырыптардың бірін таңдайды:

  • «Менің бөлмем» — бөлме сызбасын жасау
  • «Туған жер» тақырыбында жұмыс дайындау