Тәуелсіздік билігі қолға қонған - Тәңіріме Желтоқсан шуақты күн

Сабақтың тақырыбы

Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарасын қалыптастыру.
  • Елін, Отанын сүюге, егемен елімізді сақтап, оны гүлдендіруге құштар, патриоттық рухы жоғары жастарды тәрбиелеу.
  • Желтоқсанда қаза тапқан қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына тағзым етіп, ерлігін ұлықтау.

Сабақтың көрнекілігі

Плакаттар Суреттер Буклеттер Нақыл сөздер Интерактивті тақта

Кіріспе сөз

Көк туым көтерілді бағым жанып,

Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.

Шырқаймын Әнұранды бар дауыспен,

Арманым — Ата заңым қабылданып.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Биыл 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына 27 жыл толып отыр. Бұл оқиға тәуелсіздік туын көтеріп, қазақтың көк байрағын биіктетіп, елімізді әлемге танытқан тарихи кезеңдердің бірі болды.

«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын, ұранға “Алаш” деген атты аламын…» — деп азаттықты аңсаған Алаш арыстары қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік террордың құрбаны болды. Сол азаттық идеясын жалғастырған кейінгі толқын 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күреске шықты.

Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сияқты арыстарды естен шығару мүмкін емес.

Тағзым

Желтоқсан оқиғасының салдарынан қаза болған жазықсыз жастардың рухына бас иіп, бір минут үнсіздік жарияланады.

Бір минут үнсіздік. Естелік — елдікке аманат.

1986 жылғы оқиғаның қысқаша өрбуі

Себеп және салдар

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтті. Сол пленумда Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г. В. Колбин сайланды.

Бұл шешім студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруіне ұласты. Алаңға шыққан жастарды қарулы күшпен басып-жаншыды, демонстрация аяусыз түрде таратылды.

Желтоқсан оқиғасы қазақ қоғамында ұлттық сана мен намысты оятқан жаңа, қайсар буынның келгенін айқын көрсетті.

Өлең жолдары: ерлік пен елдік

Жағасына жауының жетіп қолы,

Тартып алған тәуелсіздікті күшпен өткен.

Тәуелсіздік — елімнің ерлік жолы,

Олжа емес салбырап түскен көктен.

Еркіндікті сақтау үшін,

Талай ердің бұл жолда басы кеткен.

Жүргізуші

Оқушылардың толғауы

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.

Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып-жойып таптады.
Сонда елімнің ұл-қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.

Желтоқсанда ел үшін құрбан болған
Ербол, Қайрат — ерліктің айғағы еді.
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар —
Болашаққа даңғыл жол салған гүл еді.

Желтоқсан — халық жадындағы күн

Желтоқсан — тарихымда әйгілі күн,
Ар-ожданның алауын маздатқан күн.
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншісін қайтарған бәйгелі күн.

Желтоқсан — тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршыннан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде қазағымның.

Қайрат Рысқұлбеков: жала, сот, ақиқат

Тағылған айыптар

  1. 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында тәртіп бұзды.
  2. Савицкийді өлтірді деген айып тағылды.
  3. Ведельді ұрып-жаралады деген айып тағылды.
  4. Қазақстан қонақ үйі маңында милиция қызметкері А. Алмабековке қол жұмсады деген айып тағылды.

Сот үкімі

Сот процесі 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін өтті. Қайрат Рысқұлбеков Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 173-бабының 1-тармағы бойынша ату жазасына кесілді. Кейін үкім 20 жылға ауыстырылды. 1988 жылы 21 мамырда ол белгісіз жағдайда дүниеден өтті.

«Түрме жыры» (үзінді)

Тор темір жамбасыма тақылдайсың,

Өзіммен бірге туған жақындайсың.

Телміріп темір торға қамалғанша,

Сұм дүние, бұл жағынан неге алмайсың?

Ауылдағы жақсы еді ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлекорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,

Ас берер ортасында жалғыз тесік.

Күніне ұстатады үш тілім нан —

Өлмейтін саған ішер осы несіп.

Ләззат, Сәбира, Ербол: тағдырлар тағылымы

Ләззат Асанова

Желтоқсанға қатысқан жалын жүрек жастардың арасында Чайковский атындағы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова да болды. Озбырлықпен тапталған ар-ождан, көрсетілген қысым, Ләззаттың қазасы — әлі күнге дейін жұмбақ.

Анасының жоқтауы (үзінді)

Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді-ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді-ау,
Жарылқағыш құдайым…

Сәбира Мұхамеджанова

Сәбира Мұхамеджанова 8 жылдық мектепті үздік бітірген. Ол Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шындығын білуге ұмтылды. 26 желтоқсанда өткен жиналыста Сәбираға айып тағылып, артынша ол жатақханадағы бөлмесінен секіріп, қаза болды.

Нашақор деп, ұлтшыл деп,

Қазаққа күйе жаққан күн.

Әділдік пен шындықты

Өтірік жала жапқан күн…

Ербол Сыпатаев

Ербол Сыпатаев — Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Ленин атындағы совхоздың екінші бөлімшесінде туған. Энергетика институтының II курс студенті болған. 1986 жылдың 18 желтоқсанында кешкі сағат 20:00-де ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, есін жимастан қайтыс болды.

Біз Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізде сақтап, аруағына бас иеміз.

Ақталу туралы жарлық

1991 жылғы 12 желтоқсандағы жарлыққа сәйкес 1986 жылғы желтоқсанның 17–18-і күндеріндегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтар ақталды. Олардың қатарында Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Түгелбай Тәшенұлы, Қайыргелді Күзембайұлы, Жамбыл Тайжанұлы бар.

Ән

Орындау

Қорытынды: тәуелсіздік — өз қолымыздағы бақ

Өзіңдікі елің де,

Өзіңдікі жерің де.

Өзіңді өзің еткен бақ —

Тәуелсіздік төрінде.

Жүргізуші

Асқар тау да сенікі,

Бақша-бау да сенікі.

Қалтқысыз доспенен,

Қатал жау да сенікі.

Жүргізуші

Хор

Өзіңдікі туың да, отың да, ауаң да, суың да.
Жаса, Қазақстаным — белді бекем буында!

Елдік Ерлік Тәуелсіздік Жад