Балалар қызығар

«Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысының мақсаты

  • Ата-бабамыздан қалған өшпес мұра — көлемі шағын болғанымен мазмұны терең, қымбат қазына мақал-мәтелдерді оқушыларға үйрету және ұғындыру.
  • Ой белсенділігін арттыру, сөздік қорды молайту.
  • Отбасы дәстүрін сақтауға, ата-ананы және қарттарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Жоспар

Бастау

  • Ойынды ашу
  • Ойыншыларды таныстыру
  • Әділқазылармен таныстыру
  • Ойын тәртібін түсіндіру

Айналымдар

  • Мақалшылар сайысы — I айналым
  • Жұмбақшылар сайысы — II айналым
  • Мақалшы–жұмбақшы — III айналым

Қосымша бөлімдер

  • Көрермендермен ойын: мақал-мәтел айтысы
  • Көрермендермен ойын: жұмбақ шешу
  • Абайдың қара сөзі
  • Ән шашу
  • Қорытынды

Кіріспе сөз

Құрметті ұстаздар, оқушылар, сайысқа қатысатын ата-аналар және жас ұландар! Бүгін 3 «Б» сынып оқушылары арасында отбасылық бағытта өтетін «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысын бастауға рұқсат етіңіздер.

Жанұямыз — сәніміз,
Отбасымыз — әніміз.
Біз бастадық сайысты,
Қош келіпсіз бәріңіз!
1-оқушы
Арым да, ардағым да — анам екен,
Ана деген мен үшін — атамекен!
Түн ұйқысын төрт бөліп берген сүті,
Жүрегімде жыр болып жатады екен.
2-оқушы
Өзің барда еш қатер де төнбейді,
Өзің болсаң, шырағым да сөнбейді.
Асыл әке, мейіріміңді ойласам,
Жыр оралып, шабыт мені тербейді.
3-оқушы

Барша оқушы (хормен):

Бұтағы — бабасының, Ұрпағы — атасының, Шуағы — әжесінің, Тұяғы — әкесінің, Тілегі — анасының, Тірегі — ағасының, Түлегі — даласының, Дарытқан бар асылын — Мен қазақ баласымын!

I айналым: Мақалшылар сайысы

Әділқазылар және ойын тәртібі

Ойынды бастамас бұрын, сайысқа әділ баға беріп, әр айналымның есебін шығарып, қорытындысын айтатын әділқазылар алқасымен таныстырамыз.

I айналым 3 тапсырмадан тұрады:

  1. Әр мақалшы өздері дайындап келген мақалдарын айтады.
  2. Жүргізуші мақалдың алғашқы жолын оқиды, ойыншы жалғастырады. Жалғастыра алмаса, көрермен жалғастырады.
  3. Екі ойыншы қалып, ұпайы аз жиналған мақалшы ойыннан шығады. Қалған екі ойыншы өзара «сөз жалғау» тәсілімен сайысады: бірінші ойыншы мақал айтады, екінші ойыншы сол мақалда кездескен сөз бар келесі мақалмен жауап береді.

Мысал

Отан — елдің анасы. → Отанды сүю отбасынан басталады. → Ел — ердің анасы.

Мақалдар қоры (жүргізушіге үлгі)

Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.

Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.

Ұлдың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге.

Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызынан құтыла алмайсың.

Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі.

Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.

Қарт кісіні қадірле — өзің де қарт боларсың.

Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер.

Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.

Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды.

Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.

Сөздің көркі — мақал, жүздің көркі — сақал.

Көрермендермен ойын: мақал-мәтел айтысы

Ұлдар мен қыздар болып екі топ құрайды. Жүргізуші бір мақал айтып бастайды, қай топ жалғастырса — сол топ айтысты бастайды.

Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.

Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.

Күш — білімде, білім — кітапта.

Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.

Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет.

Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.

II айналым: Жұмбақшылар сайысы

Ереже

Бұл сайыс 2 тапсырмадан тұрады:

  1. Жүргізуші жұмбақ айтады, ойыншы шешуін табады.
  2. Екі ойыншы қалады: өздері дайындаған жұмбақтарын бір-біріне айтып, шешуін табады.

Жеңімпаз III айналымға өтеді.

Жұмбақтар (іріктеме)

Қыр мен ойды тегістеп шықты, тұмсығы мықты. (Үтік)

Жаурағанды күлдірер, өз еркіне жіберсең, дүниені бүлдірер. (От)

Аласа ғана бойы бар, тоғыз қанат тоны бар. (Пияз)

Асқар тауда қалың орман, оны кейде шөптей орған. (Шаш)

Сақалы жоқ, шашы бар; бет-аузы жоқ, басы бар. (Сыпырғыш)

Бір үйге көзсіз боп басың сұғасың, бұл үйден көреген болып шығасың. (Мектеп)

Білім нұрын шашады. (Кітап)

Құстан аумайды, көкте заулайды. (Ұшақ)

Түзетуге қыңырды дәйім дайын тұрады, төбесінен ұрады. (Балға)

Көше бойлап аяңдайды, адам тасып аялдайды. (Автобус)

Әжем уыстап сығып, далада кептірген; қатты әрі тәтті дәмін кім бар жеп көрген? (Құрт)

Аппақ ас, сызы бар, балалар қызығар. (Балмұздақ)

Сүрткен киімі тазарып, өзі қалды тым арып. (Сабын)

Көрермендермен ойын: жұмбақ шешу

Ұзын мұрты сарылар, қойынында наны бар. (Бидай)

Күмбір-күмбір күйі бар, құлағыңа құйып ал! (Домбыра)

Тақылдатып таңдайды, уақыттан бір қалмайды. (Сағат)

Өзі өрмелі, сапты, жүргізеді атты. (Қамшы)

Маған да, саған да жақын туыс — бес адам. Үш әріптен тұрады, оңға оқы, солға оқы — өзгермейді. Айтыңдаршы: кім?
(Ата, Ана, Апа, Аға, Іні)

III айналым: Мақалшы мен жұмбақшы сайысы

Тапсырма

Бұл айналымға I және II айналым жеңімпаздары шығады. Жүргізуші жұмбақшыға жұмбақ айтады: жұмбақшы шешуін табады, ал мақалшы сол шешімге байланысты мақал-мәтел айтады.

Жеке өзін жей алмайсың, онсыз асты да аузыңа салмайсың. (Тұз)

Мақал:

Тұзы жоқ тағам — дәмсіз.

Баласымын даланың, туғаннан дақсыз қарамын. Қыс келсе, жұртты жылытып, үйді-үйге барамын. (Көмір)

Мақал:

Еңбексіз өмір — сөнген көмір.

Сөзі дана, үні жоқ; сөйлемейді тілі жоқ. Қолыңа алсаң — шешен, ақылы асқан көсем. (Кітап)

Мақал:

Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.

Садақша мойнын иілтіп, көрген жанды сүйсінтіп, жүзгенде көлдің сәні өзі. (Аққу)

Мақал:

Аққуды атуға болмайды, достықты сатуға болмайды.

Төңкерілмейтін күбі, көтерілмейтін күбі. Шүпілдеп-ақ тұрса да, көрінеді түбі. (Құдық)

Мақал:

Оқу — инемен құдық қазғандай.

Көп бытыра қорғасын, көбейткен жер олжасын. (Жаңбыр)

Мақал:

Жаңбыр жауса — жер ырысы, батыр туса — ел ырысы.

Соңғы айналымнан жеңімпаз анықталады.

Ақтық ойын: Абайдың қара сөзі

Абайдың қара сөзінен үзінді оқылады. Тапсырма: үзінді қай қара сөзден алынғанын анықтау.

Қорытынды және ән шашу

Оң қанатым — әкем де, Сол қанатым — анашым. Қос қанатың болғанда Табар өмір жарасым. Қарап тұрып шекені Шымшылады сан күдік. Қанатымның екеуі Сау болса екен мәңгілік.

Отбасы құндылығы Сыйластық Дәстүр

Отбасылық ән шашу

Сайыс соңында қатысушылардың орындауындағы отбасылық ән-шашу ұйымдастырылады.