Шығармашылық жазба жұмыстары - тіл дамыту жұмыстарының бір түрі
Ағылшын тілі сабағында оқушылардың шығармашылық және ізденіс қабілетін дамыту жолдары
Халқымыз «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Ұрпақ жалғастығы арқылы адамзат баласы мың емес, миллиондаған жылдар бойы өмір сүріп келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз — оқу. Егемен еліміздің берік тірегі — білімді ұрпақ.
Сусыз, құрғақ, көлеңкелі жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақты тәрбиелеуге жүйелі мән бермесек, олар да толыққанды өсіп-өнбейді.
Сондықтан өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып қалыптасуы үшін халық педагогикасының құндылықтарын оқу-тәрбие үдерісіне шығармашылықпен және тиімді енгізу — әрбір ұстаздың кәсіби міндеті.
Шығармашылық ұғымы және оның кезеңдері
Шығармашылық — нақты іс-әрекет барысында жүзеге асатын, өз бастауы, даму барысы және нәтижесі бар үрдіс. Ол, негізінен, үш кезеңнен тұрады: дайындық, ізденіс, орындау. Осы деңгейлерге сай оқушы өзінің шығармашылық мүмкіндіктерін танып, талдап, бағыттап, дамытып және жетілдіре алады.
Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның ішкі талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Қоршаған ортамен таныса отырып, оқушы жаңа білімді дайын күйінде емес, зерттеу арқылы өзі «ашады». Ізденіс екі қырынан маңызды: біріншіден, жаңа нәтижеге жеткізеді; екіншіден, ізденіс процесінің өзі тұлғаны өсіреді.
Дайындық
Мәселені түсіну, қызығушылық ояту, бастапқы білімді жинақтау.
Ізденіс
Сұрақ қою, салыстыру, талдау, болжам жасау, дәлелдеу.
Орындау
Нәтижені рәсімдеу: мәтін, диалог, жоба, презентация, қорытынды.
Шығармашылық — ойлау қабілетінің ең жоғары қасиеттерінің бірі. Ол арқылы оқушының өмірге, білімге, өз мүмкіндігіне деген сенімі мен көзқарасы өзгереді. Тіл дамыту жұмыстары жүйелі әрі жан-жақты болған сайын, ойдың дәлдігі артып, сөйлеудің көркемдігі қалыптасады. Сонымен бірге тақырыпты меңгеруге өз күшіне сену дағдысы бекиді.
Мотивация және психологиялық дайындық
Мектеп қабырғасында оқу үлгерімі әртүрлі болады. Дарындылықты тек табиғи талантпен шектемей, оқушыны табандылықпен еңбек етуге баулу қажет. Бұл мұғалімнен үздіксіз еңбек пен жақын қолдауды талап етеді.
Оқушыларды шығармашылыққа баулудың маңызды шарты — психологиялық дайындық: балалық шабытын оятып, ынталандырып, әрбір кішкентай жетістігін дер кезінде мадақтау. «Сенің қолыңнан келеді» деген сенім шығармашылыққа жол ашады.
Жазба жұмыстар арқылы тіл мен ойлауды дамыту
Сабақ үдерісінде оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулудың маңызы ерекше. Жазба жұмыстары олардың танымдық белсенділігін арттырып, ойлау жүйесін дамытады. Мұндай жұмыстар арқылы әр баланың өзіндік көзқарасы, эстетикалық талғамы, адамгершілік танымы, эмоциясы байқалады. Сондай-ақ талдау, қорытындылау, салыстыру және тұжырым жасау қабілеттері қалыптасады.
Шығармашылық жазба жұмыстары — тіл дамыту жұмыстарының бір түрі. Жазуға кіріспес бұрын оқушыға міндетті түрде бағыт-бағдар беремін. Негізгі мақсат: логикалық ойлауды, шығармашылық қиялды дамыту және нақты ойды еркін әрі қызықты жеткізуге үйрету.
5-сыныптан бастап байқалатын ерекшеліктер және диалогпен жұмыс
Әр сыныпта қабілеті, қызығушылығы, даму деңгейі, ой-өрісі мен сөйлеуі әртүрлі оқушылар болады. Ағылшын тілі мектепте 5-сыныптан басталады. Сол кезеңнің өзінде-ақ қай оқушының шет тіліне бейімі барын аңғаруға болады. Алайда нәтиже бірден көрінбейді: тұрақты жұмыс пен шығармашылық тәсіл қажет.
Практикалық тәсіл: диалогты рөлге бөліп ойнау
- Оқушылар диалогты оқып, мағынасын түсінеді.
- Кітапсыз, есте сақтау қабілетін пайдаланып, рөлге бөліп орындайды.
- Рөлдерді жиі ауыстыру арқылы белсенділік артады және тілдік икем қалыптасады.
- Диалогты өз ойымен аяқтау, тірек сөздерді сақтау тапсырмасы беріледі.
Екі оқушының өзара сөйлесуіне мүмкіндік туады: бір-бірінің қатесін байқап, толықтырып, жарыса отырып бір деңгейге ұмтылады. Бұл үдерісте әр оқушының жұмыс стилі айқын көрінеді, ал мұғалім олардың шығармашылығын дамыту үшін сәйкес әдісті таңдай алады.
Дамыта оқыту: мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда дамыта оқыту технологиясын қолданудың мүмкіндігі зор. Дамыта оқытуды ұйымдастыру оқушыға ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасайды. Бұл — сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы жаңа форматтағы қатынас.
Мұғалім мұнда дайын білімді түсіндіруші немесе тек бақылаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын, ұжымдық жұмыстың ұйытқысы болады. Осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің мүмкіндігін ашып, шығармашылығын дамытады.
Маңызды шарт: оқушы бұрынғы тәсілдері жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетіндей оқу жағдайына түсуі керек. Сонда оның білім алуға деген ынтасы артып, әрекетке көшеді.
Оқу мақсаттарын қоюда дайын үлгі ұсынылмайды. Мақсатқа жету іштей талқылау, салыстыру және жинақтау арқылы жүзеге асады. Мұғалім ұйымдастырушы әрі бағыттаушы рөлін атқарады. Шешім табылғанда әр оқушы оның дұрыстығын өз дәлелімен қорғауға үйренеді: өз ойын айтуға мүмкіндік алады, жауаптар тыңдалады, әркім өз еңбегінің нәтижесін бөлісіп, жеке тәжірибесін қорытады.
Қойылатын сұрақтар проблемалы ойлауды қажет ететіндей құрылады. Оқушы да мұндай сұрақтарға өз ойы мен пікірін білдіре жауап беруге дағдыланады. Бұл сабақтарда жаңа материалды талдауға ерекше мән беріледі, себебі талданбаған мәселе оқушы жүрегіне жетпейді.
Сабақтан мысал: “I need to buy a computer”
Тәжірибе жинақтау барысында “I need to buy a computer” тақырыбында оқушылар компьютерді үйде қайда орналастыру тиімді екенін, ыңғайлылықты және отбасы мүшелеріне кедергі келтірмеуді талқылайды. Сонымен қатар компьютер арқылы не істей алатынын сипаттайды.
Оқушы үлгісі
I need to buy a computer.
I want to put it near the window.
I can use it after classes to type and draw.
My brother and sister can play computer games.
Талдау — бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр баланың көңіл күйін, ой-пікірін бақылап, интеллектуалдық деңгейін де байқайды.
Әсіресе мәтіндер мен тақырыптарды талдау арқылы шығарманың негізгі ойы мен идеясы оқушы жүрегіне жетеді. Талдау нәтижесінде ар-ұят, қайырымдылық, әдептілік сияқты адамгершілік құндылықтар бойға сіңеді.
Электрондық ресурстар және сөйлем құрау дағдысы
“My room”, “Clothes”, “Seasons” тақырыптарында Oxford Platinum электрондық оқыту бағдарламасы бойынша сабақтар өткіздім. Мұндай жұмыс түрлері оқушының тез ойлап, мағыналы әрі дұрыс сөйлем құрауына ықпал етеді және сабақтың эмоционалдық деңгейін көтереді.
Ең бастысы — оқушыға дұрыс меңгерте отырып, сипаттама бере білуге үйрету. Қызығушылық тудыратын тапсырмалардың бірі — өмірде жиі кездесетін, бастапқыда жағымсыз болып көрінетін оқиғалардан пайдалы қыр табуға тырысу және оны әңгімелеу. Бұл тапсырмалар біртіндеп күрделендіріліп беріледі.
Деңгейлеп оқыту: жүйелілік және үздіксіз даму
Дамыта оқыту мен жеке тұлғаны қалыптастыру идеясын іске асыруға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі — Ж. Қараевтың «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі». Бұл жүйе деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушының білім сапасын жүйелі әрі үздіксіз дамытуға бағытталады. Өз іс-тәжірибемде осы технологияны қолданамын.
Жұмыс құрылымы
- 1 Жаңа тақырыпты алдыңғы тақырыппен байланыстыра отырып түсіндіру.
- 2 Деңгейлік тапсырмалар (I, II, III деңгей).
- 3 Тест тапсырмалары.
- 4 Өзіндік жұмыс.
- 5 Қатемен жұмыс.
- 6 Көпдеңгейлі бақылау жұмысы.
- 7 Рейтинг және мониторинг арқылы білім деңгейін сараптау.
Қорытынды
Қорытындылай келе, оқушылардың шығармашылығы мен ізденушілігін дамыта отырып, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қараймын. Олардың өзіне деген сенімін нығайтып, білімге деген ынтасын арттыру — сабақтағы басты бағыттарымның бірі.