Жеке сұқ саусақпен орындау
Сабақтың тақырыбы: Штрихтармен жұмыс
Бұл сабақ домбыра орындаушылығында штрихтардың рөлін түсіндіруге, оларды тәжірибеде қолдануға және шығарманы көркем орындауға бағытталған.
Білімділік
Домбыра ойнауда қолданылатын негізгі штрихтармен таныстыру және орындап көрсету.
Дамытушылық
Оқушының орындаушылық шеберлігін шыңдау, есту және қабылдау қабілетін дамыту. Шығармалардағы штрихтарды анықтау арқылы танымдық қызығушылық пен меңгеру дағдысын арттыру.
Тәрбиелік
Шығарманы әсемдеуге, әрлеуге және музыканы құрметтей білуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушының сабаққа әзірлігін тексеру.
- Назарын сабаққа аударып, жұмысқа бағыттау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- G-dur гаммасы.
- «Бала наз».
III. Актуалдау
Домбыраның негізгі ойнау тәсілдерін меңгерген орындаушы шеберлігін одан әрі жетілдіру үшін күрделірек әдіс-амалдар мен ерекшеліктерді үйренуі қажет.
Екпін (темп)
Музыкалық шығарманы орындаудағы жылдамдық қарқыны екпін деп аталады. Әр шығарманың нотасының басында оның екпіні көрсетіледі. Екпін негізгі үш топқа бөлінеді: жай, орташа, жылдам.
Динамика
Динамика — дыбыс күшін азайту немесе арттыру дәрежесі. Шығарманың мазмұны мен табиғатына, орындаушының мәнеріне қарай дыбысты күшейту немесе бәсеңдету динамикалық белгілер арқылы көрсетіледі. Олар көбіне орындау мағынасын білдіретін итальян сөздерінің бас әріптерімен белгіленеді.
IV. Жаңа сабақ: Штрих түрлері және орындалуы
Дыбыс шығару тәсілдері штрих деп аталады. Домбырада жиі қолданылатын штрихтар: пиццикато, тремоло, қос тремоло. Бүгін осы штрихтарға тоқталамыз.
Оң қолдағы пиццикато
Шығармаларда оң қол саусақтарымен ішекті шертіп қағу пиццикато штрихы деп аталады. Ол екі әдіспен орындалады:
- Бас бармақпен төмен қарай орындау. Мысалы: 1-жаттығу.
- Сұқ саусақпен төмен және жоғары қарай орындау. Мысалы: 2-жаттығу.
Тремоло
Тремоло — бір немесе бірнеше дыбыстың өте жиі қайталануы. Ол дыбысты ұзақ ұстап тұруға немесе әуенді көркем әрлеуге қолданылады. Домбырада тремоло әртүрлі орындалғанымен, негізінен екі түрі кең таралған:
- Жеке сұқ саусақпен орындау. Оң қол білегін шанақ түбіндегі түйме тұсынан қаусыра ұстап, алақанды төмен қаратып орындаған дұрыс. Тремолоны әр ішекте жеке-жеке жаттықтыру тиімді. Мысалы: соль ішегінде және ре ішегінде жаттығу.
- Сұқ саусақ пен бас бармақ арқылы орындалатын тремоло. Бұл тәсілде қолдың қимыл-қозғалысы өзгеше: бірінші түрінде қозғалыс саусаққа көбірек берілсе, екіншісінде буынға түседі.
V. Шығарма: Жаяу Мұса — «Ақ сиса»
Бүгін біз Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін үйренеміз. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ өнерінде елеулі орын алатын көрнекті дарын иелерінің бірі — Жаяу Мұса (Байжанұлы).
Ол 1835 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келіп, 1929 жылы 94 жасында қайтыс болған. Әндері 1959 жылы жеке жинақ болып жарық көрді.
Кеңінен танылған әндері
- «Баянауыл»
- «Шормановқа»
- «Көгершін»
- «Ақ сиса»
Өлең үзіндісі
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса.
Орындап көрсету
«Ақ сиса» шығармасын мұғалім орындап көрсетеді.
Музыкалық мәлімет
Шығарма G-dur тональдігінде, өлшемі 2/4.
VI. Дамыту жұмыстары
- «Ақ сиса» шығармасын талдау.
- Тактпен жұмыс жасау (қиын тұстарды бөліп, баяу қарқында пысықтау).
VII. Сергіту сәті
«Ойлан тап» ойыны
Музыкалық сауатты шыңдау: дыбыс ұзақтықтары мен динамикалық белгілерді карточкалар арқылы көрсету және ажырату.
VIII. Бекіту сұрақтары
- Штрих дегеніміз не?
- Штрихтың қандай түрлері бар?
- «Ақ сиса» шығармасында қандай штрихтар кездеседі?
- Пиццикато штрихы дегеніміз не?
- Жаяу Мұса қай жылы дүниеге келді?
IX. Қорытынды
Бүгін біз штрих түрлерін және олардың орындалу тәсілдерін үйрендік. Енді шығарманы орындау барысында штрихтарды орнымен қолданып, музыканы көркемдеп, әрлей білуіміз керек.
Музыканың жан дүниені тебірентетін үні адамға қайғыда да, қуанышта да, демалыста да, еңбек пен тұрмыста да серік болады. Адам өз тіршілігін ғана емес, аңсаған арманын да, көңіл түкпіріндегі үмітін де музыка арқылы білдіреді. Сондықтан музыканы қастерлей білуіміз қажет.
X. Үй тапсырмасы
«Ақ сиса» шығармасын берілген жерге дейін нота бойынша ойнап келу.
XI. Бағалау
- Жақсы
- Өте жақсы