Бейнелеу өнері

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Бейнелеу өнерінің негізгі түрлері мен жанрларымен таныстыру.
  • Жанрларға арнап шығарма жазған суретшілер еңбектерін талдауды үйрету.

Дамытушылық

  • Өнер шығармалары туралы түсінікті кеңейту.
  • Жанр ерекшелігін ажырата білу қабілетін дамыту.
  • Өнерге қызығушылықты арттыру.

Тәрбиелік

  • Эстетикалық тәрбие беру.
  • Суретшілер шығармалары арқылы әсемдік пен сұлулықты сезінуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды сабаққа дайындау.
  • Қажетті құрал-жабдықтарды түгендеу.
  • Жұмыс орнын реттеп, ұйымдастыру.

2) Жаңа сабақ: ұғымдар мен негізгі түсініктер

Бейнелеу өнері — айналамыздағы өмір көріністерін жазықтықта және кеңістікте көркем бейнелеу арқылы суреттейтін өнер саласы. Сан ғасырлық даму барысында бейнелеу өнері бірнеше түрге бөлінді.

Живопись (кескіндеме)

Қағаз, тақтай, картон, кенеп бетіне әртүрлі бояулармен орындалатын көркем шығарма.

Графика

Қағаз не картон бетіне қарындаш, қаламұш, көмір, тушь арқылы орындалатын сурет.

Мүсін

Тас, ағаш, металл, сазбалшық, ермексаз сияқты материалдармен кеңістікте көлемді етіп сомдалатын шығарма.

Сәулет өнері

Үйлерді, ғимараттарды, көшелерді жобалау және оны жүзеге асыру өнері.

Сәндік-қолданбалы өнер

Халық тұрмысында кең қолданылатын көп салалы өнер. Әр халықтың дәстүрлі шығармашылығымен тығыз байланысты. Бұл салаға қазақтың ұлттық қолөнері де жатады.

Кескіндеме туралы аңыз

Кескіндеме өнерінің шынайылық қуатын сипаттайтын аңыз бар: бірде грек суретшісі Зевксис жүзімнің суретін салып, бояуы кебуі үшін терезе алдына қояды. Құстар оны шын жүзім деп ойлап, шұқып кетеді. Бұл оқиға живописьтің табиғаттағы нысандарды айқын, нанымды жеткізе алатынын аңғартады.

Кескіндеме жанрлары

Орындау ерекшелігіне қарай живопись бірнеше жанрға бөлінеді: натюрморт, пейзаж, портрет, маринистік, анималистік, тарихи, батальдық жанр. Осы жанрлармен танысу үшін «галереяға саяхат» әдісін қолданамыз.

«Галереяға саяхат»: ұғым және қысқаша тарих

Галерея — көркем шығармалар қоры жинақталған орын. Қазақстандағы бейнелеу өнері туындылары шоғырланған алғашқы ірі орын 1935 жылы Алматыда ашылып, Қазақ Мемлекеттік көркемсурет галереясы деп аталды. 1976 жылы Қазақ қолөнер мұражайымен бірігіп, 1984 жылы оған Әбілхан Қастеев есімі берілді. Қазіргі атауы — Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі.

Жанрлар түсіндірмесі

Натюрморт

Жансыз заттар мен бұйымдар үйлесімді композицияда бейнеленген шығарма. «Натюрморт» — француз сөзі, мағынасы «өлі табиғат». Бұл жанр алғаш рет XVII ғасырда Голландияда қалыптасты.

Пейзаж

Табиғат көріністері бейнеленген шығарма. Пейзаж алуан түрлі болады: бір еңбектер нақты өмірдегі көріністі дәл берсе, кейбірі суретшінің қиялынан туады.

Портрет

Адам бейнесі (бет-пішіні, тұлғасы) көрсетілген көркем шығарма. Портретші үшін маңыздысы — сыртқы ұқсастықпен қатар адамның ішкі жан дүниесін, рухани келбетін аша білу.

Тарихи жанр

Белгілі оқиғалар мен тарихи кезеңдер бейнеленген көркем шығармалар.

Батальдық жанр

Соғыс оқиғалары, Отан қорғау, ел мен жерді қорғау көріністері бейнеленетін шығармалар.

Маринистік жанр

Теңіз, көл, мұхит сияқты су кеңістігі мен соған тән табиғат көріністері бейнеленген шығармалар.

Анималистік жанр

Жан-жануарларды бейнелейтін көркем шығармалар. Атауы латынның animal («хайуанат») сөзінен шыққан.

Бекіту: топтық сайыс

Топқа бөлу

  • 1-топ — «Қызыл бояу»
  • 2-топ — «Сары бояу»
  • 3-топ — «Көк бояу»

Сайыс бөлімдері

  1. Халық суретшілері туралы не білесің? (үй тапсырмасы)
  2. Картина құрастыру (қиындылардан құрастыру)
  3. Суретші шығармасын талдау
  4. Тест сұрақтарына жауап беру

Бағалау ережесі

Әр дұрыс жауапқа ұпай ретінде «қарындаш» беріледі. Қарындаш саны көп топ жеңіске жетеді. Соңында оқушылар бағаланады.

1-топ: Тест

  1. Жылы түстерді ата.
    • көк
    • сары
    • күлгін
  2. Иллюстрация дегеніміз —
    • ертегі мазмұнына арнап салынған сурет
    • ойдан салынған сурет
    • түрлі нобай суреттер
  3. Ә. Ысмайыловтың «Хантәңірі» шығармасы қай жанрға жатады?
    • натюрморт
    • портрет
    • пейзаж
  4. Маринистік жанр дегеніміз —
    • соғыс тақырыбындағы шығармалар
    • теңіз, көл тақырыбындағы шығармалар
    • жансыз заттар бейнеленген шығармалар
  5. Акварель бояуын немен езеді?
    • сумен
    • тек ыстық сумен
    • арнайы ерітіндімен

2-топ: Тест

  1. Суық түстерді ата.
    • қызыл
    • қоңыр
    • көк
  2. Түс шеңбері неше түстен тұрады?
    • 8
    • 6
    • 4
  3. Оқулықтағы Ж. Қайранбаевтың «Қыз келбеті» шығармасы қай жанрға жатады?
    • пейзаж
    • портрет
    • тарихи жанр
  4. Түрлі-түсті бояулармен салынған көркем шығарма қалай аталады?
    • графика
    • сәулет өнері
    • живопись
  5. Живопись сабағына қажетті негізгі бояу құралын ата.
    • гуашь
    • акварель
    • тушь

3-топ: Тест

  1. Негізгі түстерді таңда.
    • күлгін, сары, жасыл
    • қызыл, көк, сары
    • жасыл, қызыл, көк
  2. «Композиция» сөзі нені білдіреді?
    • бейнелеу
    • құрастыру
    • суретті бояу
  3. Пейзаж қандай шығарма?
    • жануарлар бейнеленген сурет
    • табиғат көрінісі бейнеленген сурет
    • адам келбеті бейнеленген шығарма
  4. Сазбалшық, тас, ағашпен жұмыс жасайтын шебер.
    • мүсінші
    • суретші
    • сәулетші
  5. «Амангелді сарбаздары» туындысының авторы кім?
    • Қ. Телжанов
    • Ә. Қастеев
    • М. Кенбаев

Қорытынды

Бүгінгі сабақта бейнелеу өнерінің негізгі түрлері мен кескіндеме жанрларымен таныстық. Түрлі жанрда жазылған суретші еңбектері қоршаған ортаны, табиғатты және дүниені танып-білуге көмектеседі; сұлулық пен әсемдікті көріп, сезіне білуге жетелейді. Бейнелеу өнері адамды сұлулық әлеміне бастайды.

Үй тапсырмасы

Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары туралы оқып келу.