Әртүрлі ойыншықтар
Білім саласы және ұйымдастырылған оқу қызметі
Білім саласы
Коммуникация
Оқу қызметі
Сөйлеуді дамыту
Тақырыбы
Менің ойыншықтарым
Мақсаты
- Балаларды ойыншықтардың түрімен және түсімен таныстыру.
- Тақпақ айтқызу арқылы сөздік қорын молайту, тіл байлығын дамыту.
- Қабылдау және есте сақтау қабілетін жетілдіру.
- Ойыншықтарға мейіріммен, ұқыптылықпен қарауға, оларды таза ұстауға тәрбиелеу.
Көрнекілік
Әртүрлі ойыншықтар.
Билингвальды құрағыш
Ойыншық — игрушка
Сабақтың барысы
Кіріспе. Сәлемдесу
— Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қайырлы таң! Бүгінгі күніміз көңілді, шуақты, сәтті өтсін.
Шаттық шеңбер
Кішіге де сіз,
Үлкенге де сіз,
Баршаңызды құрметтеп,
Бас иеміз біз.
Ойыншықпенен денеміз,
Шынығамыз, өсеміз.
Жылдан-жылға, бір жылға
Үлкен болып өсеміз.
Сұрақ-жауап: Жыл мезгілі
— Қазір жылдың қай мезгілі?
— Қыс мезгілі.
— Қыс мезгілі неше айдан тұрады?
— Үш айдан тұрады.
— Қыс айларын атайық.
— Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан.
— Қыс мезгілінің ерекшеліктері қандай? Ауа райы қандай болады?
— Қыс мезгілінде күн суық болады: аяз, боран, көк тайғақ болады, кейде қар жауады.
Әңгіме: Ойыншықтар әлемі
— Балалар, бос уақыттарыңда үйде немесе балабақшада не істейсіңдер?
— Ойнаймыз.
— Немен ойнайсыңдар?
— Ойыншықтармен.
— Дұрыс айтасыңдар. Қараңдаршы, қандай әдемі, әсем ойыншықтар! Бүгін біз осы ойыншықтар туралы әңгімелейміз.
Маңызды ой
Ойыншықтар балалар үшін жасалады. Оларды көптеген адамдардың еңбегімен дайындайды. Ойыншықтар пластмассадан, резеңкеден, матадан, ағаштан, темірден жасалуы мүмкін. Олар жұмсақ, қатты, былқылдақ болады.
Тәрбиелік бағыт
- Ойыншықтарды ұқыпты әрі таза ұстау керек.
- Оларды жұлқып, бөлшектеп, сындыруға болмайды.
- Ойнап болған соң орнына жинап қою қажет.
- Кірлесе, жуып тазалау керек.
(Бейне көрініс: ойыншықтарды тамашалау.)
Тақпақтар: Сүйікті ойыншық
Балалар сүйікті ойыншықтарын қолына алып, тақпақ айтады.
Мансур
Ойыншықтарым көп менің,
Бәрін жақсы көремін.
Кешке дейін жалықпай,
Бірге ойнап жүремін.
Айдана
Ойыншығым қонжығым,
Анасын да білмейді.
Қарбаңдаған аюды
Түсінде де көрмейді.
Іңкәр
Ойыншығым қуыршақ,
Не берсем де жемейді.
Еркелігі соншама,
Көтермесем жүрмейді.
Айбекқызы Аяару
Ойыншығым көжегім,
Қорықпайды, қашпайды.
Тәтті сәбіз ұсынсам,
Ұстай алмай тастайды.
Абыл Айару
Добым, добым домалақ,
Шаршамайсың домалап.
Үстел үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.
Шапағат
Үлкен болып өскенде,
Машина алам мен де.
Бірақ ол үшін әлі де
Оқу керек, әрине.
Сергіту сәті
Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен,
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына,
Қиығын сап көзінің,
Келе жатқан томпаңдап,
Көжегі екен өзінің.
Ойындар
- «Артық затты тап»
- «Жартысын тап»
Қорытынды
— Өте жақсы, балалар! Бүгінгі оқу қызметіне бәрің белсенді қатыстыңдар. Жарайсыңдар!
— Енді бәріміз бірге ән айтайық.
Ән: «Ойыншықтар»
Біздерде бар қуыршақ,
Бұзау, қозы, құлыншақ.
Ойыншықтар тыңдайды,
Әмір беріп бұйырсақ.
Қуыршақтар ұйықтайды,
Айтқаныңнан шықпайды.
Ал қозы мен құлыншақ,
Ұйықта десең ұқпайды.
Тыңдамайды ұрысса,
Осылары дұрыс па?
Тентектігін тыймаса,
Тұрғызамын бұрышқа.
Аяқталуы
— Бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметіміз аяқталды. Сау болыңдар!