Атмосфера және атмосфералық қысым

7-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Сабақ тақырыбы: Атмосфера және атмосфералық қысым (презентациямен).

Сабақтың мақсаты

  • Атмосфералық қысымның пайда болу себептерін түсіндіру.
  • Қарапайым тәжірибелер арқылы атмосфералық қысымның бар екенін дәлелдеу және талдау жүргізу.
  • Физикалық құбылыстарды бақылау және құралдарды қолдану дағдыларын дамыту.
  • Қауіпсіздік техникасы ережелерін түсіндіру.

Күтілетін нәтиже

  1. 1. Оқушылар атмосфералық қысым туралы түсінігін толықтырады.
  2. 2. Өз бетінше тәжірибе жасап, нәтижесін талдай алады.
  3. 3. Паскаль заңының мағынасын анықтайды.

Көрнекіліктер мен құралдар

Мультимедиялық проектор Слайд Таразы Шар Стақан Майшам Піскен жұмыртқа Тәрелке Білім бағалау парағы

Сабақтың жоспары

Уақыт пен әдіс-тәсілдері көрсетілген құрылым

Кезең Мазмұны Уақыты Әдіс-тәсілі
1 Ұйымдастыру бөлімі 1 мин Әңгімелесу
2 Үй тапсырмасын тексеру: сұрақ қою, жазбаша жауап алу (“Ойланып, жауап бер”) 3 мин Сұрақ-жауап, жазбаша жұмыс
3 Жаңа сабақты түсіндіру және бекіту:
  • Оқушылардың көмегімен тәжірибелер жүргізу
  • Ауаның салмағын өлшеу, бақылау және талдау
  • Электрондық оқулықпен жұмыс
  • Сапалық сұрақтар, құралдардың жұмыс принциптері
  • Бекіту сұрақтары
25 мин Тәжірибе, бақылау, талдау
4 Қорытынды жасау. Үй тапсырмасын беру Қорытынды бөлім Рефлексия, тапсырма

Сабақтың жүру барысы

Үй тапсырмасын тексеру: “Ойланып, жауап бер”

Флипчарт №3

  1. 1) Қысымның өлшем бірлігі? — Паскаль (Па).
  2. 2) Қысымның формуласы? p = F / S.
  3. 3) Сұйықтың ыдыс түбіне және қабырғасына түсіретін қысымы? p = ρgh.
  4. 4) Күштің өлшем бірлігі? — Ньютон (Н).
  5. 5) Заттың неше күйі бар? — Үш күйі бар.
  6. 6) Сұйық қысымы неге тәуелді? ρ және h (яғни, ρh).
  7. 7) Биіктіктің өлшем бірлігі? — Метр (м).
  8. 8) 2 м тереңдіктегі судың қысымы нешеге тең? — 20 кПа.
  9. 9) Деңгейлері бірдей ыдыста керосин мен су құйылған. Қысымы бірдей ме? — Әр түрлі.
  10. 10) Керосиннің 0,5 м тереңдіктегі қысымы неге тең? — 4 кПа.

Мотивация: “Жұмыртқа бөтелкеге қалай кіреді?”

Үй тапсырмасын тексергеннен кейін тәжірибе жасалады: бөтелкенің аузына піскен жұмыртқаны қоямыз — жұмыртқа ішіне түспейді. Кейін қағазды жағып, бөтелкенің ішіне түсіреміз де, жұмыртқаны қайта қойсақ, ол бөтелкенің ішіне өтеді.

Негізгі сұрақ

Жұмыртқаның бөтелкенің ішіне түсуіне не әсер етті? Бұл сұраққа бүгінгі тақырып жауап береді.

Жаңа тақырыппен танысу

Электрондық оқулық бойынша — 5 минут. Оқушылар негізгі анықтамаларды дәптерге жазады.

Теориялық бөлім: негізгі ұғымдар мен есептеулер

Атмосфера деген не?

Атмосфера — грек тілінен шыққан сөз: atmos (бу, ауа) және sphaira (шар). Атмосфера бірнеше қабаттан тұрады. Жер бетіне және ондағы барлық денелерге атмосфералық қысым әсер етеді.

Жер бетінде ауа болғандықтан, оған әсер ететін күш бар — ол ауырлық күші. Демек, ауаның да салмағы болады.

Ауаның салмағын бағалау (1 м³ ауа)

Ауаның тығыздығын кестеден аламыз: ρ = 1,29 кг/м³. Көлемі V = 1 м³ болса:

m = ρV = 1,29 × 1 = 1,29 кг

P = mg = 1,29 × 10 ≈ 13 Н

Қорытынды: ауа салмақсыз емес, оның салмағы бар, сондықтан қысым да тудырады.

Атмосфералық қысым және өлшем бірліктері

Атмосфера — газ. Сондықтан Паскаль заңы бойынша өзіне түскен қысымды барлық бағытта бірдей таратады. Атмосфералық қысымды көбіне сынап бағанының биіктігімен өлшейді.

Байланыс

1 мм сын.бағ. = 133,3 Па

Қалыпты атмосфералық қысым

760 мм сын.бағ. ≈ 101325 Па ≈ 10⁵ Па

Атмосфераның адамға әсер ететін күші (есеп)

Ауданы S = 1 м² бетке қалыпты жағдайда p = 10⁵ Па әсер етсін. Онда күш:

F = pS = 10⁵ × 1 = 10⁵ Н

Бұл шамамен 10 т жүктің ауырлық күшіне тең. Соған қарамастан, біз бұл қысымға төтеп береміз, себебі:

  • күш денеміздің бүкіл бетіне таралады;
  • ағзамызда атмосфералық қысымды теңгеретін ішкі қысым бар.

Тәжірибелер: атмосфералық қысымды дәлелдеу

1) “Төңкерілген стақан”

Стақанға жартылай су құйып, аузына қағаз жауып төңкереміз. Су төгілмейді.

Түсіндіру

Суды төменнен ауа қысымы ұстап тұрады. Қағаз судың бетінің тегіс сақталуына көмектеседі.

2) “Құрғақ тиын”

Тәрелкеге су құйып, ішіне тиын саламыз. Мақсат — тиынды суға қол тигізбей алу. Ол үшін стақанды қайнаған суға малып жылытып алып, тәрелкенің ортасына төңкереміз. Су стақанның ішіне кіреді.

Түсіндіру

Стақан ішіндегі ауа салқындағанда қысым төмендейді, ал сырттағы атмосфералық қысым суды стақанға қарай көтереді.

3) “Магдебург шарлары”

Атмосфералық қысымның күшін көрсететін классикалық тәжірибе: ішіндегі ауа сиретілгенде, шарларды ажырату өте қиын болады.

Негізгі идея

Сыртқы ауа қысымы ішкі қысымнан жоғары болғандықтан, денелер бір-біріне қатты қысылады.

Бастапқы тәжірибеге қайта оралу (жұмыртқа мен бөтелке)

Жұмыртқаның бөтелкеге енуіне әсер еткен күш — атмосфералық қысым. Қағаз жанғанда бөтелке ішіндегі ауа қызады, кейін салқындап, ішкі қысым төмендейді. Сырттағы атмосфералық қысым жұмыртқаны ішке қарай итереді.

Бекіту сұрақтары

Сұрақтар

  1. 1) Жердің бетін қоршаған ауа қабығы қалай аталады?
  2. 2) Қалыпты атмосфералық қысым неге тең?
  3. 3) “Атмосфера” сөзі грекше қандай мағына береді?
  4. 4) Атмосфераның ең төменгі қабаты қалай аталады?
  5. 5) Атмосфераның қандай физикалық сипаттамалары бар?
  6. 6) Атмосфералық қысымды анықтаған ғалым кім?
  7. 7) Атмосфера барлық денелерге нені түсіреді?

Жауаптар

  1. 1) Атмосфера.
  2. 2) 100 кПа (шамамен 105 Па).
  3. 3) Atmos — бу, ауа; sphaira — шар.
  4. 4) Тропосфера.
  5. 5) Қысым, ылғалдылық, температура, тығыздық.
  6. 6) Э. Торричелли.
  7. 7) Қысым.

Үй тапсырмасы

Оқу

§ 50

Жаттығу

24-тапсырма

Сабақ аяқталды.