Бүгінгі сабақта қандай аппликация түрін жасауды үйрендік

Сабақ туралы мәлімет

Аймақ, мектеп
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, М. Тәжин атындағы орта мектеп
Пән мұғалімі
Мусаева Бану Кенжалықызы (технология пәні)
Сабақ тақырыбы
Қазақтың ұлттық ою-өрнектері және аппликациялық кесте
Сабақтың типі
Аралас сабақ
Пәнаралық байланыс
Сызу, геометрия, математика, тарих, орыс тілі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларды ою-өрнек пен аппликация ұғымдарымен, олардың түрлерімен таныстыру және даму тарихынан мағлұмат беру.

Тәрбиелік

Саналылыққа, ою мен аппликация түрлерін ажырата білуге, еңбекті құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Ою-өрнек түрлері туралы ой-өрісті кеңейтіп, аппликациялық кесте тігу барысында шеберлік пен икемділік дағдыларын қалыптастыру.

Көрнекіліктер мен ресурстар

  • Ою-өрнек түрлері бойынша плакаттар
  • Ою шаблондары
  • Ұлттық киім үлгілері
  • Кестеленген ою үлгілері және қосымша материалдар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу
  • Жоқ оқушыларды белгілеу
  • Кезекшілерді анықтау

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сұрақтар

  • Үйге қандай тапсырма берілді?
  • Жиек тігістерінің қандай түрлері болады?
  • Әдіптеудің қандай түрлерін білесіңдер? (кант, рамка)
  • Көмкерудің қандай түрлері қолданылады? (ашық, жабық)
  • Қайыру тігістерін атаңдар. (ашық, жабық бүктеу, астары бар тігіс)

III. Үй тапсырмасын қорытындылау

Киім тігу процесінде жиек тігістерінің маңызы ерекше. Қай киімді алып қарасақ та, жиек тігістерінсіз жұмысты аяқтау мүмкін емес. Оның түрлерімен тәжірибелік бөлімде таныстыңдар.

IV. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Қазақтың өрнекті әшекейімен орындалатын қолөнер түрлері мен атаулары өте көп. Соның ішінде халық арасында кең тарағаны — ою-өрнек өнері. «Ою» және «өрнек» сөздерінің мағынасы жақын болғандықтан, көбіне бірге қолданылып, ою-өрнек деп аталады.

Ою-өрнектерді ғылыми тұрғыдан зерттеу 100 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Бұл бағытта қазақ ғалымдары Ә. Марғұлан, Т. Бәсенов, Э. Масалов және басқа да зерттеушілер түрлері мен шығу тарихы туралы құнды деректер қалдырған.

Қазақ ою-өрнектерінің саны өте көп болғанымен, олардың шамамен 200-ге жуық түрі ғана жан-жақты зерттелген. Ұрпақтан ұрпаққа ауысу барысында өрнектер пішіні мен мәнері өзгеріп, жаңарып отырған.

Шеберлер жіктеуі бойынша

  1. Қазақ халқының өзіне тән, ертеден келе жатқан дәстүрлі оюлары
  2. Басқа халықтардан ауысқан жаңа ою-өрнектер

Ежелгі оюлардың мазмұндық негізі

  1. Мал шаруашылығы мен аңшылыққа қатысты ұғымдар
  2. Жер-су, көшіп-қону көріністері
  3. Заттардың сыртқы бейнесі

Қазақ ою-өрнегінің айқын ерекшелігі — «мүйіз» оюының көптеген композицияларда тұрақты түрде кездесуі.

Үлгілердің таралуы

  • Ру-тайпаға байланысты: арғын, керей, найман үлгілері
  • Аймаққа байланысты: Жетісу, Алтай үлгілері

Ою-өрнек атауларының топтары

Құрт-құмырсқаға байланысты
Қару-құралдарға байланысты
Ай, күн, жұлдыздар мен көк әлемге байланысты
Малдың дене мүшелеріне байланысты
Геометриялық пішін тектес
Құстарға байланысты
Аңның дене мүшелеріне байланысты
Жер-су, өсімдік бейнелі

Түстердің символдық мәні

  • Көк — аспанның символы
  • Қызыл — от пен күннің белгісі
  • Ақ — ақиқат, қуаныш, бақыт
  • Сары — ақыл-парасат; кейде қайғы-мұңды да білдіреді
  • Қара — жердің символы
  • Жасыл — жастық пен көктемнің белгісі

Аппликациялық кесте

Қазақ қолөнерінде аппликациялық кесте кеңінен қолданылады. Аппликация көптеген халықтың өнерінде ерекше орын алады, әсіресе қолданбалы өнерде жиі кездеседі. «Аппликация» атауы латын тіліндегі «жабыстыру», «қиыстыру» мағынасынан шыққан.

Аппликация түрлері (материалына қарай)

  1. Түрлі қағазбен орындалатын аппликация
  2. Мата, киіз, тері сияқты материалдармен орындалатын аппликация
  3. Табиғи материалдармен орындалатын аппликация (сабан, ши, қамыс және т.б.)

Қазақтың ақ және қара киізді оюлап жасаған сырмағы — аппликацияның жарқын үлгілерінің бірі. Ұлттық киімдер мен үй бұйымдарын әшекейлеуде де аппликация кеңінен қолданылады: бүтін мата бетіне мата қиықтарынан өрнек жапсырып, тігу арқылы орындалады.

Кесте тігу үшін әртүрлі жіп пен ине қажет. Сабақталған жіптің ұзындығы 50–60 см-ден аспағаны дұрыс.

V. Сарамандық жұмыс

Қауіпсіздік ережелері

  • Инені арнайы қобдишада сақтау.
  • Қайшының ұшын жоғары көтермеу.
  • Инені тістеп ұстауға болмайды.
  • Қайшыны көршіге бергенде, ұстайтын жағымен ұсыну.

Жұмыс тақырыбы

Ас үйге арналған тұтқыш тігу технологиясы (аппликациялық кестемен).

Маңызды

Тұтқыштың пішіні мен өрнек композициясы әр оқушының шығармашылық қиялына сай таңдалады.

Орындау кезеңдері

  1. Тұтқыштың сыртқы пішінін және оған түсетін ою-өрнек сызбасын салу.
  2. Сызба бойынша шаблон дайындау.
  3. Шаблон арқылы тұтқыштың екі бөлігін және таңдалған ою-өрнекті пішу.
  4. Ою-өрнектің орналасуын тексеріп, түстердің үйлесімін сәйкестендіру.
  5. Тұтқыштың бір қабатына ою-өрнекті симметриялы көктеп, жиегін көмкере тігу.
  6. Тұтқыштың жиегін айналдыра тігіп, әшекейлеу.
  7. Ылғалды-жылулық өңдеу жүргізу.

VI. Жаңа сабақты бекіту

  • Ою-өрнектің қандай түрлері болады?
  • Ою-өрнек атаулары қандай топтарға жіктеледі?
  • Түстердің символдық маңызы қандай?
  • Аппликация дегеніміз не? Оның қандай түрлерін білесіңдер?
  • Бүгінгі сабақта аппликацияның қай түрін орындауды үйрендік?

VII. Қорытынды

Бағалау

Оқушылардың орындаған жұмыстары тексеріліп, сапасына, ұқыптылығына және композицияның үйлесіміне қарай бағаланады.

Келесі сабаққа тапсырма

Келесі сабақ — осы тақырыптың жалғасы. Сондықтан бүгін қолданған құрал-жабдықтарыңды толық алып келіңдер.