Тәрбие дәстүрі
Ата-баба дәстүрі — асыл қазына (ата-аналармен жұмыс)
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы — ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Бұл жұмыстың түпкі мақсаты — балаларға өз тегін танытып, ата-баба мұрасын бойына сіңіру, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыту және халық өнегесі арқылы достыққа баулу. Сонымен қатар ата-анамен тығыз байланыс орнатып, ортақ тәрбиеге жұмылдыру көзделеді.
Мақсаты
- Салт-дәстүрдің тәрбиелік мәнін ұғындыру.
- Баланың ұлттық болмысын нығайту, тегін білуге баулу.
- Адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыту.
- Ата-анамен бірлесе отырып ортақ тәрбие жүргізу.
Көрнекіліктер
- Мультимедиа
- Бесік
- Киіз үй жабдықтары
Кіріспе: тәрбиеші сөзі
Ата салтым — асыл мұра, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім —
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
1-бала
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен-кіші — жасымыз да, кәріміз де.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл-гүл жайнап тұр бүгінгі төріміз де.
2-бала
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой — сынағы да, тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты — үлкен-кіші, балдырған.
Бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлер
Салт-дәстүрдің ішінде бала тәрбиесіне қатысты ғұрыптар ерекше орын алады. Олар — өмірдің алғашқы қадамдарынан бастап, баланың амандығын тілеп, жақсылыққа бағыттайтын тәрбиелік мектеп.
Тәрбие дәстүрлері (салт)
- Шілдехана — жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, қуаныш тойы.
- Кіндік кесер — нәресте туған сәтте кіндікті «кіндік шеше» кеседі. Бұл мәртебелі, абыройлы іс саналған.
- Бесікке салу — сәбиді бесікке бөлеу. Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, «алтын ұя».
- Қырқынан шығару — қырық күн толғанда қырық қасық су құйып шомылдырып, дені сау өссін деген ақ тілекпен жасалатын ғұрып.
- Тұсаукесер — сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен орындалатын дәстүр.
Ғұрыптар
- Ат қою — жаңа туған сәбиге жақсы есім беру, көбіне беделді, көпті көрген қарияға қойғызу және бата алу.
- Айдар — ер балаға төбесіне шаш қалдырып өсіру.
- Кекіл — шашын алып, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, жиегін тегістеп қию.
Дәстүрлер
Тыштырма — бесікке салғанда түбек тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәтті өткізіп, «тыштырма» деп ырым жасау. Оны әйелдер бөлісіп, бала-шағасына үлестірген.
Базарлық — алыс сапардан оралғанда жақын-жуыққа, көрші-көлемге, балаларға әкелінетін сыйлық.
Байғазы — балалар мен жастардың жаңа киіміне байланысты берілетін ақшалай не заттай сый.
Тілашар — бала 7 жасқа толғанда жаңа киім кигізіп, оқу құралдарын дайындап, шағын той жасау.
Сахналық көрініс: «Сүйінші» және бесікке салу
Төмендегі көрініс — ұлттық салттың тәрбиелік мазмұнын балаларға әсерлі жеткізуге арналған. Диалог, бата, ырым, өлең және ойын арқылы салттың мәні ашылады.
«Сүйінші» сәті
1-бала: «Сүйінші! Сүйінші! Ерден ата немерелі болды!»
Тәрбиеші: «Қазақта жақсы хабар жеткізген адамға сүйінші беру бар. Міне, саған тәтті сый.»
Осыдан кейін балалар мен ата-аналар Ерден ата мен әженің шаңырағына қонаққа барады.
Қонақ күту әдебі
Бала: «Ассаламағалейкум, ата!»
Ата: «Уағалейкумассалам!»
Әже: «Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер. “Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады”, төрге шығып, қонақ болып кетіңіздер.»
Ат қою рәсімі
1-бала:
Туғаннан соң адам бол,
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең,
Жұрт айтады надан деп.
Ата (азан шақырып):
«Бисмилләһир-рахманир-рахим. Сенің атың — Қамбар!» (үш рет)
Әженің тілегі: «Баламның денсаулығы мықты болсын» деп тұзды суға күміс теңге салып жуындырады. Шомылдырған соң маймен сылап, өсіп-өну тілегін арнайды.
Бесікке салу және ырым
Бесікті аластау:
Алас, алас, пәледен алас,
Иесі келді, пәледен қаш!
Алас, алас — көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас.
Тыштырма: бесіктің түбек тесігінен тәтті, құрт, ірімшік өткізеді. Әйелдер оны ырым етіп бөліседі.
Тыйым мен нақыл
- Бос бесікті тербетпе.
- Ел болам десең — бесігіңді түзе!
Қазақ ұғымында 7 саны — қасиетті. «Ержүрек, күшті, мықты болсын» деген ниетпен бесікке жеті түрлі киім жабу ырымы айтылады.
Сергіту: ұлттық ойындар
«Қыз қуу» — көңіл көтеру, ептілік пен шапшаңдықты дәріптейтін ойын.
«Арқан тартпақ» — бірлік, күш және ұйымшылдыққа баулитын ойын.
Танымдық ойын: «Сиқырлы сандықша»
Сандықшадағы асықтардың бетіне сандар жазылған. Қатысушы бір асықты таңдап алады да, сол санға сәйкес сұраққа жауап береді.
Сұрақтар
- Он атаны атаңыз. Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жекжат, жұрағат, жамағай.
- Үш жүзді атаңыз. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
- Үш даусыз. Мінез, кәрілік, ажал.
- Жігіттің үш жақын жұрты. Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.
- Үш арыс. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров.
- Төрт қонақ. Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ.
Жауап үлгілері
- Төрт түліктің пірі. Түйе — Ойсылқара, жылқы — Қамбар ата, сиыр — Зеңгі баба, қой — Шопан ата, ешкі — Шекшек ата.
- Төрт қымбат. Алтын ұя — Отан қымбат; құт-береке — атаң қымбат; мейірімді — анаң қымбат; бәрінен де — ұят пен ар қымбат.
- Бес қару. Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.
- Бес қатер. От, жау, борыш, ауру, сөз.
- Бес жақын. Тату болса — ағайын жақын; ақылшы болса — апайың жақын; бауырмал болса — інің жақын; инабатты болса — келінің жақын; қимас жақын — қарындасың.
- Жеті қазына. Ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, берен мылтық, қыран бүркіт, құмай тазы.
Қонақкәде: мақал құрастыру тапсырмасы
Сергіту сәтінде қатысушылар үзік-үзік берілген сөздерден мақал-мәтел құрастырады.
Тапсырмалар
- 1) Ұяда..., ұшқанда....
- 2) Ата..., бала....
- 3) Ер... ез....
- 4) Өле..., бөле....
- 5) Таяқ..., сөз....
Дайын нұсқалар
- 1) Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
- 2) Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
- 3) Ер бір өледі, ез мың өледі.
- 4) Өле жегенше, бөле же.
- 5) Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді.
Жалғасы
- 6) Мал..., жер....
- 7) Тентектің ақылы....
- 8) ... сүйіндіреді, ... күйіндіреді.
- 9) Мысық... тышқан....
- 10) Мектеп..., білім....
Дайын нұсқалар
- 6) Мал баққандікі, жер жыртқандікі.
- 7) Тентектің ақылы түстен кейін кіреді.
- 8) Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.
- 9) Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек.
- 10) Мектеп — кеме, білім — теңіз.
Қорытынды және бата
Бүгінгі жұмыстың түйіні — заман өзгерсе де, ұлттық салт-дәстүрдің маңызы кемімейтінін ұғындыру, ұлттық мұраны жаңғырту. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір жан ұлттық құндылықты ісімен дәлелдеп, өзгеге өнеге болуы тиіс. Ұлттық қадір-қасиеттердің өзегі — әдептілік, қонақжайлылық, бауырмалдық, қайырымдылық.
Атаның немереге берген батасы
Бөбектің бауы берік болсын,
Өскен сайын өрлей түссін.
Еш жамандық көрмесін,
Өзі жарық күн болсын.
Жасы ұзақ, ғұмыры мың болсын!
Оқуда алғыр бол,
Қатарыңның алды бол.
Қыдыр атаң жолдасың болсын!
Бастарыңызға амандық беріп,
Отбасымызға ырыс-құт берсін.
Халқымызға тыныштық берсін!
Әмин.
Мекенжай/ұйым: Атырау қаласы, МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы
Автор: II санатты тәрбиеші Темірханова Жаңыл Жумаханқызы