Атауларын ата
Армысың, Әз Наурыз!
Мақсаты
- Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін және Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру; оны дамыту әрі көркейту.
- Оқушылардың ойлауын дамыта отырып, қиялын кеңейту, ізденіс дағдыларын қалыптастыру.
- Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу; халықтың салт-дәстүрін қастерлеуге және сақтауға баулу.
Көрнекілігі
- Буклеттер
- Шарлар
- Қанатты сөздер
- Үнтаспа
- Көрме
- Қазақ үйінен көрініс
Кештің ашылуы
Аяулым
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Босқа қарап тұрмаңыздар. Той дабылын қағып тұрған — мұнда қауым думан бар!
Ақмарал
Наурыз тойы басталды: көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қызықтан тыс қалмаңдар!
Би
«Шашу биі» — бишілер тобы.
Құттықтау сөз
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын. Аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалық ескі жылда қалып, жаңа жылда жаңа үміт, жаңа тіршілік орнасын. Барлық ақ ниет-тілектеріңіз қабыл болғай!
№14 мектеп-гимназиясының 8 «Д» және 9 «Д» сынып оқушылары дайындаған «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер!
Наурыздың мәні
Ақмаралдың түсіндірмесі
Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. 22 наурызда күн мен түн теңеліп, қыс өтіп, көктем келеді. Тіршілік жаңғырады. Қазақ халқы үшін бұл — Жаңа жыл.
Наурыз мейрамы өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке. «Наурыз» парсы тіліндегі «нау» — жаңа және «рыз» — күн деген сөздерден шыққан.
Күн мен түн теңелген шақта жер бусанып, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиіп, мал аузы көкке іліккен берекенің басын қазақ елі «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Ән
«Наурыз-думан» — Света мен Диана.
Бата: Қыдыр ата тілек айтады
Ақмарал
Қош келдің, жас Наурыз — жылдың басы!
Батаңды бер, жарылқа — жыл мырзасы.
Әумин деп қол жайдық, әз ақсақал,
Бата сұрап өзіңнен, Қыдыр баба!
Қыдыр ата (Санжар)
- Жаңа жыл бақыт жылы болсын!
- Күніміз ұлысты болсын!
- Жеріміз ырысты болсын!
- Дастарқаның мол болсын!
- Абыройың зор болсын!
- Төрт түлігің ақты болсын!
- Ұлысың бақты болсын!
- Қайда барсаң — жол болсын!
- Еліміз бен жеріміз тыныш болсын!
- Тәуелсіздігіміз берік болсын!
- Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті 50 елдің бірі болсын!
Әумин.
Наурыз көже: берекенің дәмі
Мағынасы
Наурыз көже — Наурыз мейрамының символы. Сондықтан Наурыз тойы көжесіз сәнді болмайды.
Наурыз көже 7 түрлі тағамнан жасалады. Бұл — жаңа жылда тоқшылық пен молшылық болсын деген ниет.
Ән
«Қазақы дастархан» — Света, Диана, Ақерке.
Дәм таттыру
Наурыз көжеден дәм татыңыздар! (Қыздар көже таратады.)
Ән
«Бір бала» — Бағдат.
Көрініс: Күн мен түннің теңелуі
Аяулым
Ұлыстың ұлы күні — 22 наурыз, жыл басы. Күн ұзарып, түн қысқарып, жер бусанып, Самарқанның көк тасы ерігендей, күн мен түн теңеледі.
Күн (Феруза)
Армысың, түн! Жер бетіндегі тіршілік иесіне тыныс беріп, жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосар азаматтар өссін. Ортамыз өзіңмен ажарлансын!
Түн (Диана)
Армысың, күн! Тылсым тыныштықта жатсам да, жер бетіндегі тіршіліктен хабардармын. Елдің әл-ауқатын көтерудегі игі қадамдар — менің де қуанышым. Ашық аспан аясында жүздерінен бақыт нұры төгілген халқымды құттықтағалы келдім.
Жер-ана (Маржан)
Уа, халқым! Күн мен түн теңеліп, ортамызға келгені құтты болсын! Мен де қалың ұйқымнан оянып, жан дүнием бусанып, ырыс-несібені өндіретін мерзім жеткенін жеткізуге келдім.
Алдың тұнық, тынысың тыныш болсын! Қазағымның әр үйінде күнде той болсын!
Күй
«Балбырауын».
Би
Шығыс биі — 7 «Г» сыныбының бишілер тобы.
Дәстүр, өнер және ұлттық ойын
Дәстүрден көрініс
Бесікке салу салтынан көрініс.
Ән
«Қазақтың жігіттері» — Бағдат пен Нұрболат.
Домбыра және күй айтысы
Қазақ халқының қастерлі музыкалық аспаптарының бірі — домбыра. Домбырамен ән айтылып, күй шертілген, тіпті күй айтысы да жасалған.
Күй айтысынан көрініс.
Ұлттық ойын: «Сақина салу»
Жастар жиналады. Аяулым сақина салып жүреді.
— Қане, менің сақинам кімде екен? Ортаға шық!
Ойын 1–2 рет ойналады. Дилназ ұсталып қалады.
Аяулым: Қане, айыбыңды қалай өтейсің?
Дилназ: Наурызда ән айтпай, би билемей кету — айып. Халық әні «Дедім-ай»-ды орындап берейін, қабыл алыңыздар!
Ән
«Жылайды жапырақ» — Диана мен Ақерке.
Жыр жолдары
Құтты болсын Наурыз той!
Құлпырып тұр ғой қыр мен ой.
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Жыл басы: Ұлу жылының тілегі
Аяулым
Қош келдің, жаңа жыл! Жаңа бақыт, жаңа нұр.
Төрлет төріме, жыл басы — береке бер еліме!
Ортаға жыл басын — Ұлу жылын шақырайық.
Ұлу (Жандар)
Ассалаумағалейкум, халқым менің! 12 жылды артқа тастап, мен де алдарыңызға келіп қалдым. Соңғы келгенімде ертеңге сеніммен тәй-тәй басқан жас буын едіңіздер. Енді міне, бәсекеге қабілеті артқан, алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына ұмтылған ел ретінде жүздеріңізді көріп, қуанып тұрмын.
Еліміздің ертеңі, келешегі — өздеріңсіңдер. Салауатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттен аулақ болыңдар! Жаңа жыл сіздерге бақ-береке, шаттық сыйласын! Жер бетінде тыныштық бұзылмасын!
Ән
«Астана» — квартет.
Сайыс: Тазша бала және сұрақтар
Ақмарал
«Ән қосылсын әніңе, сән қосылсын сәніңе!» — деп ортамызға Тазша бала да келіп қалған сияқты.
Тазша бала дорбасындағы нөмірленген асықтарды оқушыларға үлестіреді. Содан соң нөмірлерді атап, сұрақтар қояды. Сайыс түрінде өтеді. Дұрыс жауап берген оқушыларға сыйлықтар беріледі.
Сұрақтар
- Наурыз дегеніміз не?
- Наурыз туралы қандай мақал-мәтел білесің?
- Наурыз туралы ән немесе өлең айт.
- Жеті қазынаны ата.
- Жеті ата дегеніміз қандай ұғым? Атауларын ата.
- Үш алысты ата.
- Үш арсыз деген не?
- Шұбат дегеніміз не? Ол қалай дайындалады?
- Төрт түлікке қандай жануарлар жатады? Аттарын ата.
- Наурыз көже дегеніміз не?
Ән
«Атамекен» — Нұрболат. (Барлық қатысушылар сахнаға шығып, әннің қайырмасын бірге орындайды.)
Қорытынды тілек
Жүргізушілер
Бақ дарысын бәріңе!
Ой қосылып ойыңа,
Бой қосылсын бойыңа!
Аман-есен жетейік —
Келер Наурыз тойына!
Наурыздың рухы
Бұл кеш — береке мен бірліктің, дәстүр мен өнердің тоғысқан сәті. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа тыныштық, молшылық және жаңару алып келсін.