Қыздарға байланысты қандай тыйым сөздерді білесің

Тақырыбы

Қыз бала — ұлттың ұяты, халықтың шырайы

Мақсаты

Халықтық тәлім-тәрбие негізінде қазіргі қазақ қыздарының бойында жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету, адамгершілікке үндеу.

Түрі

Сұрақ-жауап, пікірталас, баяндама

Көрнекілігі

Слайд арқылы көрсетілген мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер

I. Ұйымдастыру

Кіріспе бөлім

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де — біздің қазақ» деген ойы көп нәрсені аңғартады.

Рухани тарихымыздың беттерін парақтасақ, қазақ қыздары, қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек. Жүрек тербер, сезімге нәр берер халық әндерімізді, мақал-мәтелдерімізді тыңдап, зер салсақ, оларда қызға да, анаға да тән тәрбиелік әрі тағылымдық мағына терең екенін көреміз.

Қазақ қауымында қыз баланың орны ерекше болған. Ата-бабаларымыз қызды «қонақ» деп танып, барған жерде бағы ашылсын деп, үйде отырып-ақ тәрбиесін түгендеген. Ізетті, сыпайы, мейірімді, ісмер; қылықты әрі көрікті болуын үнемі қадағалаған. Еркін ұстағанымен, шектен тыс еркінсітпеген.

«Қыз — өріс, ұл — қоныс» деген түсінікпен ел өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша мән берілген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деп, қызға жауапкершілікті де қатар жүктеген. Сондықтан да «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін тәмсіл тәрбиенің өлшемі ретінде айтылған.

II. Қыздарға кеңес

Сұлулықтың өлшемі: табиғилық, білім, мінез

Табиғи бол

Кей қыздар сән қуамыз деп, бояуды шамадан тыс қолданып, өз келбетін жасанды етіп жібереді. Табиғилық — ең әсерлі әсемдік. Шынайы, жылы жүзді болғанда ғана адам жанын баурайсың.

Негізгі ой: әдемілік — әсер қалдыру емес, жүрекке жылу беру.

Тартымдылық — ішкі өре

Тартымды болу — «қуыс кеуде болма» деген сөз. Қымбат киімнің өзі ішкі мәдениет пен дүниетанымды алмастыра алмайды. Оқы, танымдық бағдарламалар мен фильмдер көр, музейге, театрға, көрмелерге бар, спортпен айналыс — көкжиегің кеңейеді.

Ең бастысы: сыртқы келбет емес, рухани байлық.

Нәзіктік пен мәдениет

Нәзіктік — тек сыртқы пішін ғана емес. Бұл — дұрыс мүсін, мәнді жүріс, өз қимыл-қозғалысын қадағалау. Дөрекі қимыл, жұлқынып сөйлеу, дауысты көтеріп күлкіге салыну — әсіресе қоғамдық орында — мәдениетке жараспайды.

Киіну де талғамды қажет етеді. Талғам — туа бітетін ғана қасиет емес, тәрбиеленетін мәдениет.

III. Сауалнама

Өзіңді бағамдауға арналған сұрақтар

Төмендегі сұрақтарға ой жүгіртіп, қысқа әрі нақты жауап беруге тырыс.

  1. 1) Қыз балалардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

  2. 2) Өзіңді ұстау ережелерін білесің бе? (қонақта, театрда, сабақта, спорт залда, асханада)

  3. 3) Сен киіну мәдениетіне мән бересің бе?

  4. 4) Инабаттылық, әдемілік, әсемдік туралы қандай көркем шығармаларды білесің?

  5. 5) Қыздарға байланысты қандай тыйым сөздерді білесің?

  6. 6) «Қазіргі заманда қыздар тәрбиесі ақсап бара жатыр» деген пікірге келісесің бе?

IV. Баяндама

«Қыз тәрбиелей отырып — ұлт тәрбиелейміз»

Ой өзегі

Ойшыл ақын С. Торайғыровтың: «Байқасаң қазақтықтың өзінде бар, дүниенің генийлігі пайғамбары» деген сөздері қазақ халқының өзіндік ұлттық болмысын даралайды.

Тарихымызға көз жүгіртсек, халқымыздың этикалық әрі рухани мәдениеті, салт-дәстүрі, философиялық ойлау жүйесі, көне әдебиеті және терең тәрбиелік тәжірибесі бар.

Оқушыларға сөз бермес бұрын Айнакулова Гүлнара Рүстемқызының «Қыз тәрбиелей отырып — ұлт тәрбиелейміз» тақырыбындағы шағын баяндамасының мазмұнына назар аударайық.

Тәрбиенің уақыты — ең шешуші кезең

Бала тәрбиесі — игілікті іс. Халықта: «Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесу керек, ал үлкен ағаш болғанда түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.

Бүгінгі ұл — ертеңгі әке; бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Ұл әкеге қарап өссе, қыз анаға қарап бой түзейді. Балаға білім мен тәрбие берудегі негізгі тұлға — ұстаз, ал оны жалғастырушы әрі демеуші — ата-ана және қоғам.

Қазіргі орта: ықпал көп, жауапкершілік жоғары

Бүгінде бала тәрбиесіне тек ана ғана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітап пен кино, түрлі ойын-сауық орындары да әсер етеді. Бұл ықпалдың жағымды қыры да, жағымсызы да бар. Ал ата-ананың күн ұзақ жұмыста болуы бала тәрбиесіне бөлінетін уақытты азайтып барады.

Қыз тәрбиесінің 3 кезеңі

1) Бастауыш сынып

Тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа баулу; көп білуге құштарлықты арттыру; кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

2) 5–8 сынып

Алғашқы кезеңдегі дағдылар дамытылады. Бұл шақта қыз бала анасымен ашық сөйлесіп, сырын жасырмайды. Осы сенімді пайдаланып, нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру — басты міндет.

Осындай қасиеттер болашақта жарасымды жар, аяулы ана, қоғамның белсенді мүшесі болатын қыздың бойынан нұр болып көрінеді.

3) 9–11 сынып

Бұл кезең алдыңғылармен тығыз байланысты. Мейірім бала кезден, ең жақын адамды сүюден басталады. Қыз балаға ата-анасын, туысын, ұстазын сыйлап, қадірлеуді үйретсек, ертең елін-жерін сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, баласын жанындай көретін қамқор ана қалыптасады.

Қорытынды ой

Қыз бала — ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Сондықтан қыз тәрбиесі — отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.