Қымбатты қыздар

Сабақтың тақырыбы

«Бар ізгілік бір өзіңнен басталады»

Сабақтың мақсаты

  • Аналарымызды, қыздарымызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтау.
  • Оқушыларды инабаттылыққа және адамгершілікке баулу.
  • Алғырлыққа, ізденіске тәрбиелеу.

Мерекелік кеш «Қамажай» биімен ашылады.

Кештің ашылуы

1-жүргізуші

Бүгін осы залда көктемнің ерекше мерекесі — аналар мен қыздар мерекесін атап өтуге жиналып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Халықаралық әйелдер күнін Наурыздың шуақты көңіл-күйімен құттықтаймыз.

Қаракөз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал, қызыл тіл шекер балдай —
жұбым қайда екен?

Уақыт өтіп барады, ал ол әлі жоқ. Неге кешігіп жатыр екен? Көрген жоқсыздар ма?

2-жүргізуші

Сері жігіт, кешіккенім үшін кешірім сұраймын. Сыртта сенің әдемі киініп бара жатқаныңды көріп, мен де сәнді киініп шығайын деп едім. Енді… кешірерсің!

1-жүргізуші: Жарайды. Көрермен мерекелік кешімізді тағатсыздана күтіп отыр. Тездетіп бастайық.
2-жүргізуші: Олай болса, армысыздар, ақ жаулықты аналар!
1-жүргізуші: Бармысыздар, ақ тамақты арулар!
2-жүргізуші: Қайдасыңдар, қымбатты да сымбатты қыз-келіншектер!

Ізгі тілек

Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әйел — ана, әйел — ару, әйел — қарындас, әйел — қыз, әйел — шаңырақтың шырағы. Сондықтан сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, мәнді де сәнді ұзақ ғұмыр тілейміз!

Шыққандарыңыз тау, аралағандарыңыз бау болсын! Жүздеріңізден нұр таймасын, көңілдеріңіз жадырап жүре беріңіздер.

Әрқашан өмірімізді гүлдендіріп, сұлулықтың белгісі болып жүре беріңіздер!

«Бар ізгілік бір өзіңнен басталады» атты мерекелік жиынды ашу үшін алғашқы құттықтау сөз кезегі мектеп директорына беріледі.

Өнер бағдарламасы

Ән: «Ана, сен бақыттысың»

Аналар мерекесіне орай жүргізушілер сұрақ-жауап арқылы әнге кіріспе жасайды:

Ана, сен бақыттысың жыламаған,
Жай түсіп жатса дағы құламаған.
Тәңіріңнен мен едің ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын.

Бұл әнді әнші қызымыз Аида орындайды. Қошеметтеп отырыңыздар!

Құттықтау (орыс тілінде)

Желаем успехов, желаем удачи,
Легко отдыхать и трудиться с отдачей.
Чтоб радость в судьбе вашей чаще встречалась,
Чтоб всё удавалось и всё получалось.

Көркем сөз

Келесі кезекте көркем сөз оқылады. Орындайтын — Бақтыбай Самал.

Жүзімізге қараңыз — біз бақытты балаңыз.
Құтты болсын мерекең, бізге қымбат анамыз.

Би: «Балдаурен»

Біз өз анамыз үшін әрдайым кішкентай бала болып қала береміз. Сол себепті ортаға «Балдаурен» биімен 10-сынып оқушыларын шақырамыз.

Композиция: «Аналарымызға арналады»

Бала тәрбиесін басты міндет етіп, келешек кемеңгері — жас ұрпақты тәрбиелеуге жан шуағы мен жүрек жылуын төккен аналарымызға береке, телегей табыс, өрісті өмір тілейміз. Келесі қойылым — аналарға арналған композиция.

Ән: «Қыздар-ай»

Ежелгі жыр-шумақтарда қыз сұлулығы нәзік теңеулермен бейнеленген. Енді сахна төрінде Жалғасбек қыздар қауымына арнап «Қыздар-ай» әнін орындайды.

Қыздар, құлақтарыңа алтын сырға! Қол соғып, қошеметтеп отырыңыздар.

Би: «Гульбах» (ұйғыр биі)

Жүргізушілер әзіл-қалжың аралас диалог арқылы көрерменнің көңілін көтереді. Осы сәтте мың бұралған бишілеріміз сәнді көйлектерімен «Гульбах» ұйғыр биін билейді. Қарсы алыңыздар!

Көңілді көрініс

Алда қызықты сәт: ортаға жігіттеріміз шығып, көңілді көрініс ұсынады. Көрермен қауым бір сергіп, күліп алсын!

Ән: «Көңілді күн»

Бүгін — әйелдер мен қыздар қауымы үшін ерекше қуанышты күн. Осы орайда Ақбала «Көңілді күн» әнімен сахнаға шығады.

Ұстазға құрмет

Алғашқы әріп танытқан ұстазымыз Ағжан апайға арналған өлең жолдары:

Ұлылықты сездім сіздің бойыңыздан,
Даналық бар сөзіңіз бен ойыңыздан.
Адамның жан дүниесін түсінетін
Үлгі тұтар қасиет бар бойыңыздан.

Ән: «Мереке»

Келесі кезекте Аида, Дәуіржан, Зарина «Мереке» әнін орындайды.

Ана туралы ой (орыс тілінде)

Самые прекрасные слова на земле — «мама». Это первое слово, которое произносит человек, и оно есть в языке любого народа. На всех языках это священное слово звучит одинаково нежно и ласково — светло и значительно.

Қорытынды құттықтау

Қадірлі, асыл аналар! Қымбатты қыздар!

Көктемнің бейбітшілігіндей құлпырып, күндей күліп жүре беріңіздер. Сіздерге деген ізгі тілегіміз ешқашан таусылмасын. Аман-есен жүріп, еңбектеріңіздің жемісін ұзағынан көріңіздер.

Қош сау болыңыздар!