Курстың мазмұны Экология және биосфера - экология ғылымының негізгі салалары
Қостанай облысы
Жангелдин ауданы, Аралбай ауылы, Жангелдин орта мектебі. Химия-биология пәнінің мұғалімі — Естайлақ Ақгүл Абусағитқызы.
Түсінік хат
Жалпы биология курсында экология маңызды тараулардың бірі болып есептеледі. Экология — биология ғылымының дербес саласы ретінде қалыптасып, қарқынды дамыған ғылым. Бүгінде ол күрделі әрі кешенді зерттеу деңгейіне көтеріліп, түрлі ғылым салаларымен сабақтастықта қарастырылатын тұтас бағытқа айналды.
Адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты. Қазіргі кезде эколог ғалымдарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі — адамзат мекені болған Жер-Анамызды сақтау және қорғау. Осыған байланысты 11-сыныпта ұсынылып отырған «Экология және биосфера» қолданбалы курсы оқушылардың табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға, экология ұғымын терең меңгеруіне бағытталған.
Курстың оқушыға беретін мүмкіндіктері
- Жергілікті жердің экологиясы туралы жүйелі мәлімет алу.
- Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасын және аймақтағы тірі ағзалардың ерекшеліктерін танып-білу.
- Теорияны практикамен байланыстыру арқылы экологиялық ойлау дағдысын дамыту.
- Мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру.
Сонымен қатар, курс биология бағыты бойынша болашақ мамандық таңдауға, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға, ғылыми жоба байқауларында білімді тексеруге және жоғары оқу орындарына түсуге жүйелі түрде әзірлік жасауға ықпал етеді.
Оқу жүктемесі
Курсты оқыту табиғатты пайдалануда өнегелілік және құқықтық қағидаларды сақтау, өз өңірінің табиғатын белсенді қорғау, сондай-ақ экологиялық жауапкершіліксіздіктің кері әсерін түсіндіру қажеттілігінен туындайды. Оқушыларға табиғатты белгілі бір мөлшерде ұтымды пайдаланудың маңызын жаңа көзқарас негізінде қалыптастыру көзделеді.
Мақсаты мен міндеттері
Курстың мақсаты
Оқушылардың экологиялық білімін тереңдетіп, оларды шығармашылықпен ойлауға және өз бетінше шешім қабылдауға үйрету.
Курстың міндеттері
- Экологиялық білім мен тәрбие берудің проблемасын теориялық тұрғыдан негіздеу.
- Экологиялық білім мен тәрбиені жергілікті жер табиғатын қорғау міндетімен ұштастыру.
- Оқушыны табиғатқа қамқорлық жасауға дағдыландыру жолдарын қарастыру.
- Болашақ мамандық таңдауға ықпал ету.
- Жергілікті жер табиғатына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Бағдарламаның мазмұны мен құрылымы
I. Мазмұндық бөлім
Курстың мазмұны «Экология және биосфера» ұғымдарын экология ғылымының негізгі салалары ретінде қарастыруға негізделеді.
- Қоршаған орта және табиғат туралы түсініктер.
- Жергілікті жердің экологиясы, өсімдіктері мен жануарлары.
- Қазақстанда кездесетін экологиялық проблемалар.
II. Нормативті бөлім
«Экология және биосфера» қолданбалы курсы бағдарламасының мазмұны мен құрылымы оқу процесін жоспарлауға, бөлімдер бойынша жүйелеуге және күтілетін нәтижелерді айқындауға бағытталады.