Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру

Жалпы ережелер

Бұл бөлімде Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар жүйеленіп беріледі. Төмендегі анықтамалар экологиялық реттеу, парниктік газдар, қалдықтарды басқару және табиғи ресурстарды қорғау салаларындағы құқық қолдану тәжірибесінде бірізді түсінік қалыптастыруға арналған.

Назар аударатын бағыттар

Терминдер бірнеше ірі тақырыпқа топтастырылады: шығарындылар және климат, қалдықтар, табиғи ресурстар, бақылау және мониторинг.

Анықтамалар жинағы

Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

  1. 1) Атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көзі

    Әртүрлі отынмен жұмыс істейтін, ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған көлік құралдары, техника және өзге де жылжымалы құралдар мен қондырғылар.

  2. 2) Байқау пункті

    Қоршаған ортаның метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық сипаттамаларын байқаудың стационарлық немесе жылжымалы пункті.

  3. 3) Белгіленген мөлшер

    Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелері шеңберінде айқындалған, парниктік газдар сіңірулері ескерілген парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі.

  4. 4) Белгіленген мөлшер бірлігі

    Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы үшін парниктік газдар шығарындыларының көлемін айқындауға пайдаланылатын көміртегі бірлігі.

  5. 5) Биологиялық әртүрлілік

    Бір түр аясындағы, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерінің әртүрлілігі.

  6. 6) Биологиялық ресурстар

    Генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөліктері, популяциялар немесе экожүйелердің адамзат үшін нақты немесе ықтимал пайдасы не құндылығы бар кез келген басқа биотикалық компоненттері.

  7. 7) Бірлесіп жүзеге асыру тетігі

    Парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары арасында көміртегі бірліктерін беруге мүмкіндік беретін, Қазақстан Республикасының бірлесіп жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі халықаралық шарттарында көзделген рәсім.

  8. 8) Валидация (детерминация)

    Аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындыларын азайту және сіңіру жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде жобалық шешімдер мен құжаттамада әдістемелерді қолданудың және оларды дайындау тәртібінің халықаралық шарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру.

  9. 9) Верификация

    Парниктік газдар шығарындыларын азайту саласында қабылданған ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындылары көлемін азайтуға қатысты деректерді растау процесі.

  10. 10) Генетикалық түрлендірілген организмдер

    Тұқым қуалайтын генетикалық материалдың өсімін молайтуға немесе берілуіне қабілетті, табиғи организмдерден ерекшеленетін, гендік инженерия әдістері қолданылып алынған және құрамында гендік-инженерлік материал (гендер, олардың фрагменттері немесе гендер комбинациясы) бар организмдер.

  11. 11) Генетикалық түрлендірілген өнімдер

    Құрамында жансыз генетикалық түрлендірілген организмдер немесе олардың компоненттері бар, гендік инженерия әдістері пайдаланылып, өсімдіктерден және (немесе) жануарлардан алынған өнімдер.

  12. 12) Ең озық қолжетімді технологиялар

    Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларымен қамтамасыз етілетін қолданылатын және жоспарланатын салалық технологиялар, техника мен жабдық.

  13. 13) Жойылуы қиын органикалық ластаушы заттар

    Ыдырауға төзімді, био-жинақталу қасиеті бар және ауа, су және көшпелі түрлері арқылы трансшекаралық таралуы мүмкін, сондай-ақ құрлық және су экожүйелерінде жинақталып, шығарынды көздерінен алыс қашықтықта шөгетін аса қауіпті органикалық қосылыстар. Олар тірі организмдердің иммундық және эндокриндік жүйелерінің бұзылуына, онкологиялық ауруларды қоса алғанда, түрлі ауруларға әкелуі мүмкін.

  14. 14) Квота бірлігі

    Квота көлемін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі.

  15. 15) Коммуналдық қалдықтар

    Елді мекендерде, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілген тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен түзілу сипаты жағынан соларға ұқсас өндіріс қалдықтары.

  16. 16) Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган

    Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

  17. 17) Көміртегі бірлігі

    Көмірқышқыл газының (CO₂) бір тоннасына тең есептік бірлік.

  18. 18) Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы

    Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын ұйым.

  19. 19) Көміртегі бірліктерінің қайталама айналымы

    Парниктік газдар шығарындылары нарығы субъектілері арасында көміртегі бірліктерін беру, сату және өзге де айналымы кезінде қалыптасатын құқықтық қатынастар.

  20. 20) Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі

    Көміртегі бірліктерін айналымға енгізу, сақтау, беру, сатып алу, резервке қою, жою және айналымнан шығаруға байланысты операцияларды есепке алу жүйесі.

  21. 21) Қалдықтарды есепке алу

    Қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс істеу тәсілдері туралы ақпаратты жинау және беру жүйесі.

  22. 22) Қалдықтарды жою

    Қалдықтарды көму және жою жөніндегі операциялар.

  23. 23) Қалдықтарды залалсыздандыру

    Механикалық, физика-химиялық немесе биологиялық өңдеу арқылы қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою.

  24. 24) Қалдықтарды кәдеге жарату

    Қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану.

  25. 25) Қалдықтарды көму

    Қалдықтарды қауіпсіз сақтау үшін арнайы белгіленген орындарда шектеусіз мерзімге жинап қою.

  26. 26) Қалдықтардың түрі

    Шығу көзіне, қасиеттеріне және жұмыс істеу технологиясына сәйкес ортақ белгілері бар, қалдықтар сыныптауышы негізінде айқындалатын қалдықтар жиынтығы.

  27. 27) Қалдықтарды орналастыру

    Өндіріс және тұтыну қалдықтарын сақтау немесе көму.

  28. 28) Қалдықтарды өңдеу

    Сұрыптауды қоса алғанда, қалдықтардан кейіннен тауарларды немесе өзге де өнімдерді өндіру (дайындау) үшін пайдаланылатын шикізатты және (немесе) өзге де материалдарды алуға бағытталған, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеуді жеңілдету, олардың көлемін немесе қауіпті қасиеттерін азайту мақсатында қалдықтардың қасиеттерін өзгертуге арналған физикалық, химиялық немесе биологиялық процестер.

  29. 29) Қалдықтарды сақтау

    Қалдықтарды кейіннен кәдеге жарату, қайта өңдеу және (немесе) жою үшін арнайы белгіленген орындарда жинап қою.

  30. 30) Қалдықтарды сыныптау

    Қалдықтардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіптілігіне сәйкес оларды деңгейлерге жатқызу тәртібі.

  31. 31) Қалдықтармен жұмыс істеу

    Қалдықтардың түзілуінің алдын алу және оларды барынша азайту, қалдықтарды есепке алу мен бақылау, олардың жиналып қалуы, сондай-ақ қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, кәдеге жарату, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау (жинап қою) және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлері.

  32. 32) Қалдықтар сыныптауышы

    Қалдықтарды сыныптау нәтижелері қамтылған қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат.

  33. 33) Қауіпті емес қалдықтар

    Қауіпті қасиеті жоқ қалдықтар.

  34. 34) Қауіпті қалдықтар

    Құрамында уыттылық, жарылыс қаупі, радиоактивтілік, өрт қаупі немесе жоғары реакциялық қабілет сияқты қауіпті қасиеттері бар зиянды заттарды қамтитын және дербес немесе басқа заттармен қосылған кезде қоршаған ортаға және адамның денсаулығына тікелей немесе ықтимал қауіп төндіретін қалдықтар.

  35. 35) Қауіпті қалдықтар паспорты

    Қалдықтардың шығу көзі бойынша пайда болу процестерінің, сандық және сапалық көрсеткіштерінің, олармен жұмыс істеу қағидаларының, бақылау әдістерінің, сондай-ақ қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалардың мүлкіне зиянды әсер ету түрлерінің стандартталған сипаттамасы қамтылатын құжат. Құжатта қалдықтарды шығарушылар және меншігінде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәліметтер көрсетіледі.

  36. 36) Қауіпті химиялық заттар

    Адам денсаулығына және қоршаған ортаға тікелей немесе ықтимал зиянды әсер ете алатын қасиеттері бар заттар.

  37. 37) Қолайлы қоршаған орта

    Жай-күйі экологиялық қауіпсіздікті және халық денсаулығын сақтауды, биологиялық әртүрлілікті сақтауды, ластанудың алдын алуды, экожүйелердің тұрақты жұмыс істеуін, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін қоршаған орта.

  38. 38) Қондырғы

    Парниктік газдар шығарындыларының нақты көзі.

  39. 39) Қондырғы операторы

    Қызметі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін және Қазақстан Республикасы аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында қондырғысы бар заңды тұлға.

  40. 40) Қондырғы паспорты

    Парниктік газдар шығарындыларын жүзеге асыратын қондырғының географиялық орналасуы туралы деректерді, технологияның қызмет түрлері мен сипаттамаларын, шығарындылардың базалық көлемін және оларды есептеу әдістемесін, сондай-ақ мониторинг жоспарын және есепке алу үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын құжат.

  41. 41) Қоршаған орта

    Атмосфералық ауа, Жердің озон қабаты, жер үсті және жер асты сулары, жер, жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ олардың өзара әрекеттесуінен туындайтын климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектілердің жиынтығы.

  42. 42) Қоршаған ортаға келтірілетін залал

    Табиғи ресурстардың жұтаңдануын немесе сарқылуын, не тірі организмдердің қырылуын туындатқан немесе туындататындай етіп қоршаған ортаны ластау, сондай-ақ табиғи ресурстарды белгіленген нормативтерден артық алу.

  43. 43) Қоршаған ортаға эмиссиялар

    Ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділері, қоршаған ортада өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету, сондай-ақ күкіртті қоршаған ортада ашық түрде орналастыру және сақтау.

  44. 44) Қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер

    Қоршаған ортаға белгілі бір мерзімге белгіленетін эмиссиялардың нормативтік көлемі.

  45. 45) Қоршаған ортаға эмиссияларға квота

    Нақты табиғат пайдаланушыға белгілі бір мерзімге бөлінетін, қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттің бөлігі.

  46. 46) Қоршаған ортаны қорғау

    Қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіруге, шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға теріс әсерін болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі.

  47. 47) Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган

    Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары.

  48. 48) Қоршаған ортаны ластау

    Қоршаған ортаға ластаушы заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс және тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ шудың, тербелістің, магнит өрістерінің және өзге де зиянды физикалық әсерлердің ықпалы.

  49. 49) Қоршаған ортаның авариялық ластануы

    Шаруашылық және өзге қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыру кезінде орын алған авария салдарынан, зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға ағызу нәтижесінде, не жер бетінде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түріндегі ластаушы заттардың жайылуынан, сондай-ақ иіс, шу, тербеліс, радиация немесе сол уақыттағы жол берілетін деңгейден асатын өзге де физикалық, химиялық, биологиялық әсерлерден туындайтын кенеттен абайсыз ластану.

  50. 50) Қоршаған ортаның ластану учаскелері

    Қалдықтарды орналастыру және сарқынды суларды ағызу үшін арнайы жабдықталған объектілерді қоспағанда, белгіленген нормативтерден артық қауіпті химиялық заттармен ластанған жер бетінің шектеулі учаскелері және су объектілерінің учаскелері.

  51. 51) Қоршаған ортаның сапасы

    Қоршаған орта жай-күйін сипаттайтын көрсеткіш.

  52. 52) Қоршаған орта сапасының нормативтері

    Қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштер.

  53. 53) Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері

    Қоршаған ортаның сапасын біртіндеп жақсарту қажеттігін ескере отырып, белгілі бір уақыт кезеңіне нормаланатын параметрлердің шекті деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер.

  54. 54) Мекендеу ортасы

    Қандай да бір организмнің немесе популяцияның табиғи мекендейтін жерінің тұрпаты немесе орны.

  55. 55) Мемлекеттік бақылау жасау желісі

    Қоршаған ортада болып жатқан физикалық және химиялық процестерді қадағалауға, оның метрологиялық, климаттық, аэрологиялық, гидрологиялық, гелиогеофизикалық және агрометеорологиялық сипаттамаларын айқындауға арналған стационарлық және жылжымалы пункттер, зертханалар мен орталықтар жүйесі.

  56. 56) Мемлекеттік экологиялық бақылау

    Уәкілетті органның өз құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі.

  57. 57) Озонды бұзатын заттар

    Өз бетінше немесе қоспада болатын, шаруашылық және өзге қызметте пайдаланылатын не осы қызметтің өнімі болып табылатын және озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық зат.

  58. 58) Озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру

    Озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтіндей, үнемі түрленуіне немесе компоненттерге бөлінуіне әкелетіндей бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою.

  59. 59) Озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату

    Қалпына келтіруге болмайтын озонды бұзатын заттарды қайтадан пайдалану немесе залалсыздандыру мақсатында, техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығару алдында тетіктерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан алынатын озонды бұзатын заттарды жинау және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені.

  60. 60) Өндіріс қалдықтары

    Шикізаттың, материалдардың және өзге де бұйымдар мен өнімдердің өндіріс процесінде түзілген және бастапқы тұтыну қасиетін толық немесе ішінара жоғалтқан қалдықтары.

  61. 61) Өндіріс пен тұтынудың орнықты моделі

    Қайта жаңартылмайтын ресурстарды тұтынуды азайту, қайта жаңартылатын ресурстарды қалпына келтіру және қоршаған ортаның антропогендік ластануын төмендету жағдайында өндірістің өсуімен сипатталатын әлеуметтік-экономикалық модель.

  62. 62) Парниктік газдар

    Атмосферада табиғи және (немесе) антропогендік жолмен пайда болатын, жылулық инфрақызыл сәулені сіңіретін және (немесе) оның шығу көзі болып табылатын газ тәрізді құрамдас бөліктер.

  63. 63) Парниктік газдарды сіңіру бірлігі

    Парниктік газдардың сіңірілуін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі.

  64. 64) Парниктік газдарды түгендеу

    Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің көлемін айқындау.

  65. 65) Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры

    Парниктік газдар шығарындылары көздерін, олар шығарған шығарындылар мөлшерін, сондай-ақ қондырғы операторы үшін белгіленген шекара шегіндегі парниктік газдар сіңірулері мөлшерін есепке алу жүйесі.

  66. 66) Радиоактивті қалдықтар

    Мөлшері мен жинақталуы атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамада белгіленген радиоактивті заттар үшін регламенттелген мәндерден асатын радиоактивті заттарды қамтитын қалдықтар.

  67. 67) Сараптама объектісін іске асыру

    Жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасында көзделген шешімдерге сәйкес өнеркәсіптік және өзге де объектілерді салу, пайдалану, жою, қызметтер көрсету, бұйымдар мен технологияларды шаруашылық айналымға енгізу жөніндегі жұмыстарды бастау және жүргізу, сондай-ақ нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуі немесе сараптама объектісінің өзге де нақты жүзеге асырылуы.

  68. 68) Сарқынды сулар

    Өндірістік немесе тұрмыстық мұқтаждықтарға пайдаланылған және бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен, қосымша қоспалар (кір) араласқан сулар. Атмосфералық жауын-шашын түскен сәтте елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар аумағынан ағатын, көшелерге су себу кезінде немесе одан кейін ағатын, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру барысында пайда болған сулар да сарқынды суларға жатады.

  69. 69) Су объектілері

    Құрлық бетінің рельефінде және жер қойнауында шоғырланған, шекаралары, көлемі және су режимі бар сулар.

  70. 70) Сұйық қалдықтар

    Сарқынды сулардан басқа, сұйық түрдегі кез келген қалдықтар.

  71. 71) Табиғат пайдаланушы

    Табиғи ресурстарды пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

  72. 72) Табиғи объектілер

    Шекарасы, көлемі және тіршілік режимі бар табиғи объектілер.

  73. 73) Табиғи ресурстар

    Тұтыну құндылығы бар табиғи объектілер: жер, жер қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар дүниесі.

  74. 74) Табиғи ресурстарды қорғау

    Табиғи ресурстардың әрбір түрін олардың тұтыну қасиеттерін жоғалтуға әкелетін тиімсіз пайдаланудан, құрып кетуден және жұтаңданудан қорғауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі.

  75. 75) Табиғи ресурстардың сарқылуы

    Табиғи ресурстар қорларының сандық және сапалық сипаттамаларының ішінара немесе толық жоғалуы.

  76. 76) Таза даму тетігі

    Парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері жоқ елдер аумағында, мұндай міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары қаржыландыратын парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту жобаларын жүзеге асыру тетігі.

  77. 77) Тәуелсіз ақпарат беруші

    Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласында жобалық тетіктерді есепке алу, мониторингтеу және іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.

  78. 78) Тұрмыстық қатты қалдықтар

    Қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар.

  79. 79) Тұтыну қалдықтары

    Өнімдерді, бұйымдарды және өзге де заттарды тұтыну немесе пайдалану процесінде түзілген қалдықтар, сондай-ақ бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан тауарлар.