Ағаш өңдеу құралдары
Сабақ туралы
- Сынып
- 5-сынып
- Сабақтың тақырыбы
- Ағаш өңдеу құралдары
- Сабақтың түрі
- Жаңа сабақ
- Оқыту әдісі
- СТО әдісі
- Көрнекіліктер
- Құрал-сайман түрлері, интерактивті тақта
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларды ағаш өңдеуге арналған негізгі құрал-саймандармен таныстыру.
- Жас ұрпақтың сарамандық шеберлігі мен шығармашылық қабілетін дамыту.
- Еңбекке сүйіспеншілікпен қарауға, еңбек адамдарын құрметтеуге және құрал-сайманды ұқыпты қолдануға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныпты түгендеу. Оқушыларға құралдарын дайындап, жаңа сабаққа әзірлену тапсырмасы беріледі.
1) Қызығушылықты ояту (көрнекілік стратегиясы)
Тақтада ағаш өңдеуге арналған құралдар көрсетіледі. Оқушылар құралдардың атауын атап, олардың қайда және не үшін қолданылатынын түсіндіреді.
II. Жаңа сабақ
Ертеректе қолөнерге қажетті ағаш бұйымдардың көбін ұсталар өз қолымен жасаған. Мысалы: киіз үйдің сүйегі, ұлттық жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдар — сандық, кебеже, асадал, жүкаяқ, жастық ағаш және т.б.
Ұсталар ағашты мезгілімен кесіп, дұрыс кептіріп отырған. Ағашпен жұмыс істеуде шабу, кесу, тегістеу және өңдеу жұмыстары құрал-саймансыз орындалмайды. Ендеше ағаш өңдеуге арналған құралдармен толық танысайық.
1. Кескіш құралдар
Бір жағы біркелкі қайралған, ұшы өткір құралдар кескіш құралдар деп аталады.
- Қос қолды пышақ
- Бір жақты пышақ
- Ауыспалы жүзді әшекей пышақ
2. Шабуға қажетті саймандар
- Шаппа шот
- Ағаш балға
- Балта
- Ыңғыру құралдары
3. Кесуге арналған құралдар
- Қол ара
- Жақ ара
- Екі кісілік ара
4. Тегістеу құралдары
- Сүргі
- Шерхебель
- Фуганок
Кесу әдістері: арамен жұмыс
Ағашты кесудегі ең негізгі құрал — ара. Араның қалыңдығы әртүрлі болаттан жасалады; ол төсем деп аталады. Төсем өте қатты, иілгіш және тегіс болуы тиіс.
Ара тістері үшбұрыш пішінде қиғаш қайралады. Ара тісі екі қызмет атқарады: біріншісі — ағаш талшығын кесу, екіншісі — кесу кезінде пайда болған ұнтақты сыртқа ысырып шығару.
Дұрыс ұстау және қауіпсіздік
- Ара оң қолда, сол қолмен кесілетін ағашты тіреп ұстайсың.
- Оң аяқ сол аяқтан сәл алшақ тұрады.
- Араны күшпен қинамай, бірқалыпты қимылмен кесу керек.
- Көлденең кесуде бағыт талшыққа перпендикуляр, ал ұзын бойымен кесуде — параллель болады.
- Арамен жұмыс кезінде қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтау қажет.
Көлденең кесу үшін ара тісінің кескіні үшбұрышты болады, ал ұзын бойымен кесуге арналған тістер қиғаш қайралады. Жасалатын бұйымға және ағаштың түріне қарай әртүрлі ара қолданылады.
III. Семантикалық карта
Төмендегі құралдарды тиісті санаттарға сәйкестендіріп, олардың қызметін қысқаша түсіндіріңдер.
| Құрал-саймандар | Санаттары |
|---|---|
| Балта | Шабу құралы |
| Ара | Кесу құралы |
| Қос қолды пышақ | Кескіш құрал |
| Сүргі | Тегістеу құралы |
| Балға | Ұрғыш құралы |
| Шаппа шот | Шабу құралы |
| Қашау | Жону (ойып-жону) құралы |
Қайталау сұрақтары
Бүгінгі сабақта ағаш өңдеу құралдарымен таныстық. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер:
- 1 Ара не үшін қажет?
- 2 Сүргі не үшін қолданылады?
- 3 Ара тісі не үшін қиғаш қайралады?
- 4 Арамен жұмыс кезінде денеңді қалай дұрыс ұстайсың?
- 5 Ағаштың қандай түрлерін білесің?
- 6 Ағаш (дің) құрылымы неше бөліктен тұрады?
Жұмбақтар
Жауабын құрал-сайманды көрсету арқылы табыңдар.
Азулы хайуан — темір ер, әндетіп сүйек кемірер.
Бір қыры — балта, бір қыры — балға. Ағаштан шапқан, шегені қаққан.
Қолға алсаң қызмет етер, бүтінді бөлшектеуге шебер.
Кедір-бұдыр тақтайды тегістейді тілімен. Жеген асын татпайды, шығар желке түбінен.
Болат түкті, көсеуі мықты, тозаңдатып темірді үкті.
Қалпақты жымырады, төбесінен ұрады. Түзетуге қыңырды, дайым дайын тұрады.
IV. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі және тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.
V. Үй тапсырмасы
- §1 оқып келу.
- Өнер туралы мақал-мәтелдер жинақтау.
Сабақтың сарамандық бөлімі келесі сабақта жалғасады.