Мерекелеріңіз мерекеге ұлассын

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын сценарийі

«Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы»

Көктемнің алғашқы лебі сезіліп, жер-ана бусанып, қар астынан бәйшешек қылтиып шыққан шуақты шақта 8 наурыз мерекесі де қатар келіп, жүректерге қуаныш пен жылылық сыйлайды. Бұл — тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған аналарды, қоғамға нұр әкелген аруларды ұлықтайтын күн.

Мақсаты

  • Ұстаздар қауымын, ата-аналарды және оқушы қыздарымызды мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
  • Қазақ халқының қыз баланы сыйлау, ананы құрметтеу дәстүрін дәріптеп, нәзік жанды, ізгілікті қалыптастырушы ұстаз-аналардың қадірін арттыру.
  • Ананың тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы мейірім мен сұлулықты, бірлік пен берекені нығайтатын тірек екенін айқындау.

Сахналық кіріспе

Музыкалық бастау

Оркестр: «Балбырауын» күйі

Жүргізушілер

1-жүргізуші және 2-жүргізуші — мерекелік кештің негізгі желісін жүргізеді.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен қыздар! Көктеммен бірге келетін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер-ана жаңаша нәр беріп, айнала нұрға бөленген шақта аналар мерекесі де көңілдерге қуаныш сыйлайды.

2-жүргізуші

Әйел есімімен әрдайым ұшқыр қиял мен нәзік сезім астасып жүреді. Әйел — қоғамдағы тыныштық пен береке, мейірімділік пен отбасының жылуы.

1-жүргізуші

Әйел — пәктік пен жан байлығы, шынайы махаббат пен аналық құдірет. Осы мереке қарсаңында әйел затының сұлулығы мен көркемдігіне, шыдамы мен сеніміне, өмірге құштарлығы мен қайсарлығына бас иеміз.

2-жүргізуші

Бүгін тіршіліктің бұлағы — әйел-ананы ұлықтайық! Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, тарихтағы Домалақ ана, Айша бибі, Абақ ана, Абайды дүниеге әкелген Ұлжан — бәрі бір ғана қасиетті атқа ие. Ол — Ана!

Музыкалық нөмір

«Ақ мамам» әні — құрметпен қабыл алыңыздар.

Диалог-ойтолғау

1-жүргізуші

Қалай ойлайсың, дүниедегі ең сұлу, ең ақылды, ең мейірімді жан кім?

2-жүргізуші

Ол, әрине, қазақ әйелі. Қазақ әйелі — бар мұратын отбасының игілігіне арнайтын ізгі жан. М. Әуезовтің сөзімен айтқанда, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» жандар. Қазақ әйелі — адал жар, ұрпақтың анасы, ұлттың ұйытқысы, қоғамның тірегі.

Құттықтау сөз

Алғашқы құттықтау сөз кезегін бар өмірін мектепке, бала тәрбиесіне арнаған білікті басшы, аяулы ана — мектебіміздің директоры ________________________ ортаға шақырамыз.

Би нөмірі

«Теңіздей тербетіліп көл бетінде…» Бишілер өнерлерін көрсетеді.

Үйірме жетекшісі

________________________

Шәкірт

________________________

Сынып

________________________

Балғын тілектер

«Шәкірттер шын жүректен тебіреніп, өнерлерін аналарға бағыштайды…» 1-сынып оқушыларының балғын тілектерін бірге тыңдайық.

Ән

«Анам менің, асылым, лағыл әнім…» ________________________ орындауындағы «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.

Анаға құрмет — асыл парыз

Риуаятта бір адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Мен ауыр күнә жасадым. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе?» — деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Анаң бар ма?» — дейді. «Бар», — дегенде: «Олай болса, анаңа қызмет ет», — деген екен.

Хадисте: «Жәннат — аналардың аяғының астында» делінеді. Ислам діні әйел-ананы ерекше құрметтеген. Сонымен бірге халық ұғымында қыз бала — береке мен молшылықтың, бейбітшіліктің нышаны.

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ғибратты сөз ана алдындағы парыздың өлшеусіз екенін айқындай түседі.

Музыкалық-бишілік нөмір

Қазақ биі

Тілек пен тағзым

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де бірегейі де — біздің қазақ» деген. Бүгінгі ақ тілек пен жылы сөз, күмбірлеген күй мен шырқалған ән — сіздерге арналады.

Құттықтау сөз (ұстаз-аналар)

Мерекемен құттықтау үшін сөз кезегін отбасының ұйытқысы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнерлі жан — ________________________ пәнінің мұғалімі ________________________ апайға береміз.

Ән

Аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар. Әнші қызымыз ________________________ орындауындағы «Мереке күніңмен!» әні.

Отбасы туралы ой

Отбасы — шағын мемлекет. Ынтымағы жарасқан, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ — елдің құты. Әйел-ана — отбасының жылуын сақтаушы, ертеңгі қоғамды құрайтын ұрпақты тәрбиелеуші.

Музыкалық нөмір

Хор

Жетістікті шәкірттерді марапаттау сәті

«Адам бар ма ана сүтін татпаған…» — дей келе, келесі кезекті түрлі жарыстарда топ жарып жүрген көркемсөз және мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпаздарына береміз.

Ән шашу

«Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған…» — мерекелік ән шашу: ________________________

Қоғамдағы әйел орны

Ана — өмір тірегі, жылылық пен нәзіктіктің үйлесімі, бар жақсылықтың жаршысы. Олар — еңбек озаттары, қайраткерлер, өнер жұлдыздары. Әр салада сан қырлы қызмет атқарып, заман көшін алға сүйрейтін де — біздің ару қыздарымыз бен аналарымыз.

Ер-азаматтардың құттықтауы

Аяулы аруларымызды, жаны шуақ ұстаз-аналарымызды құттықтау кезегі ер-азаматтарға да келіп жетті. Бала тәрбиесіне әрдайым белсене араласу — ортақ парыз. Құттықтау сөзді жігіттерімізге береміз.

Ән

«Көңілің Алатаудың ақ қарындай…» — абзал аналарымыз бен аруларымыздың құрметіне ________________________ орындауындағы «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.

Жас ұрпақтың тілегі

«Халқымызға билік айтар даналар, даналардың өзі анадан жаралар…» — алтын ұя мектебіміздің қанат қаққалы отырған, білімді елдің білікті ұландарына сөз береміз.

Би

«Жарқ етіп шыға келген ел алдында…» — би нөмірі: ________________________

Қорытынды тілек

Ана — перзент тәрбиелеуші. Ана — қызметкер. Ана — ғалым. Ана — тіршіліктің гүлі. Анаға арналған ән де, жүректен шыққан алғыс та ешқашан толастамайды.

Бүгінгі шуақты мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға жақсылық, береке мен бірлік тілейміз. Мерекелеріңіз мерекеге ұлассын!