Оқушылардың қазақтың байырғы қолөнеріне, шеберліктеріне қызығушылығын арттыру

Қазақтың ұлттық қолөнері

Қазақтың ұлттық қолөнері — халқымыздың ата-бабадан ұрпаққа жеткен шеберлігі, ұсталығы және ісмерлігінің айқын көрінісі. Ол тұрмыстық қажет пен көркемдік талғамды ұштастырып, табиғи материалдарды ұқсатудың сан алуан тәсілдерін қалыптастырды.

Мақсаты

  • Оқушыларға қазақтың ұлттық қолөнері туралы мәлімет беру, әр түріне қысқаша тоқталу.
  • Оқушылардың байырғы қолөнерге және шеберлік дәстүріне қызығушылығын арттыру.
  • Өз ұлтының дәстүрін, бабадан қалған өнерді құрметтеуге және дәріптеуге тәрбиелеу.

Психологиялық дайындық

Үш саусағым орамды,

Жүгіртеді қаламды,

Өнерлі екен он саусақ,

Қала салсақ, жол салсақ.

Қолөнер түрлері

Қазақтың ұлттық қолөнерінің түрлері көп. Төменде кең тараған бағыттар берілген:

Ағаштан жасалатын бұйымдар

Үй жабдығы, тұрмыстық және көлікке қатысты заттар.

Ұлттық киімдер

Тігін, өрнек, әшекей арқылы көркемделетін киім үлгілері.

Ши орау

Ши мен қамыстан тоқылатын қоршау, төсеніш және тұрмыстық бұйымдар.

Теріден жасалатын бұйымдар

Етік, қайыс, қап, ыдысқа қатысты бұйымдар.

Сүйек, мүйіз бұйымдары

Әшекейлеу мен тұрмыстық заттарға арналған ұқсату жұмыстары.

Жүннен жасалатын заттар

Киіз, басқұр, алаша, арқан-жіп секілді тұрмысқа қажет өнімдер.

Зергерлік бұйымдар

Алтын-күмістен жасалатын сәндік әшекейлер.

Кесте, көркемдеп тігу

Біз және ине арқылы өрнек түсірудің дәстүрлі тәсілдері.

Ою-өрнек

Қолөнердің барлығына ортақ көркемдеу тілі.

Өрмек, тоқыма

Тоқымашылық дәстүрі: өрмекпен мата, алаша және басқа да бұйымдар тоқу.

Ағаш бұйымдары

Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген бұйым жасалған. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайың мен үйеңкіні; үйшілер мен ағаш оюшылар, шыбық өріп тоқушылар көбіне талды пайдаланған.

Балташы

Үй борап, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу секілді ірі бұйымдар жасаған.

Ағаш ұстасы

Үй жиһаздарын: үстел, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасаған.

Ағаш оюшы, шыбық өруші

Ағашты жонып, күйдіріп, бояп өрнектеген; қамыс пен шиден қорап, шыпта, орындық, шарбақ тоқып-өрген.

Мұндай жұмыстарға әдетте бұтақсыз, бұжырсыз, таза әрі мықты ағаш таңдап алынған.

Киіз үй

Қазақтың байырғы ұлттық баспанасы — киіз үй (кейде «қазақ үйі» деп те аталады). Үйдің үлкен-кішілігі кереге санына қарай анықталған: екі-үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, тіпті отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған.

Атаулары мен түрлері

Хан-сұлтандар мен дәулетті адамдардың үйлері көбіне 8 қанаттан 30 қанатқа дейін болып, ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп аталған. Ал орташа шаруа мен кедей отбасыларға тән түрлер: алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, жаба салма, көтерме туырлықты, күрке, қамсау (шошала), отау, итарқа, жаппа.

Киіз үй сүйегі ағаштан жасалған бөлшектерден құралады: кереге, уық, шаңырақ, сондай-ақ маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауық секілді бөлшектер.

Жүн және одан жасалатын заттар

Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ерекше рөл атқарған. Жүнді ұқсату тәсілдері мыңдаған жыл бұрын-ақ белгілі болған. Бұйым жасауға ең көп әрі ең сапалы қолданылғаны — түйе мен қой жүні, ешкі түбіті және қылы. Одан кейін жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы кең пайдаланылған.

Зергерлік бұйымдар

Зергерлік — өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Алтын-күміс әшекейлі бұйым жасаушыларды «зергер» деп атау Орта Азия халықтарында ертеден қалыптасқан. Қазақ шеберлері зергерлік өнерді жетік меңгергенімен, алтын-күмісті өздері өндіріп, қорыта бермеген. Сондықтан бағалы металды көбіне көрші елдерден сатып алып, айырбас арқылы тапқан.

Кесек күміс пен алтын оңай табылмағандықтан, зергерлер жиі түрде алтын-күміс теңгелерді қайта балқытып немесе сол күйінде пайдаланған.

Шолпы

Әйел әшекейлерінің сәнді әрі күрделі түрлерінің бірі. Оны сән үшін де, «салмағының әсерінен шаш өседі» деген наныммен де таққан. Шолпыны көбіне қыздар мен жас келіншектер таққан, егде әйелге жараспайды деп санаған.

Білезік пен сақина

Бұл әшекейлерді қарт әйелдер де таға берген. Әшекейдің өзі сән ғана емес, әлеуметтік мәртебе мен дәулеттің нышаны ретінде де бағаланған.

Шолпы түрлері

Қазақ арасында кең тараған атаулары: қоңыраулы шолпы, қозалы шолпы, қос үзбелі шолпы, көзді шолпы, көп үзбелі шолпы, сағат баулы шолпы, маржанды шолпы, шаш теңге және т.б.

Кесте және көркемдеп тігу

Кесте және көркемдеп тігу — ою-өрнекпен әшекейлеудің ертеден келе жатқан негізгі салаларының бірі. Бізбен де, жай инемен де кестелеу — көптеген халықтарға ортақ өнер. Дегенмен кесте қазақ тұрмысында халықтық сипат алып, әдісі мол, таңдауы кең өнерге айналды.

Қазақ кестесінің көне түрлері

біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Ал біз кестенің өзі шым кесте және әредік кесте болып екіге бөлінеді.

Ою-өрнек: мағынасы және мазмұны

Ою-өрнек ісі тым ерте замандардан-ақ қолөнердің барлық түріне ортақ көркемдеу негізі болды. «Ою» мен «өрнек» сөздері мағынасы жағынан жақын: бір нәрсені ойып, кесіп жасап шығару, екі бөлікті оя кесіп қиюластыру, немесе бетіне ойып бедер түсіру ұғымдарын білдіреді. Ал «өрнек» — түрлі ою, бедер, бейне, бояу, қалыптау арқылы жасалған көркемдік әшекейлердің жалпы атауы. Сондықтан бұл ұғым көбіне қосарланып «ою-өрнек» деп айтылады.

1) Мал және аңшылық

Мал өсіру мен аңшылыққа қатысты белгілер мен бейнелер.

2) Жер-су, көш-қон

Табиғат көрінісі, мекен, су, жол және көшпелі өмір сарыны.

3) Күнделікті заттар

Тұрмыста кездесетін бұйымдардың сыртқы пішіні мен бейнесі.

Шеберлер ісіне беріліп, тәжірибе жинақтаған сайын бұрын көрген ою-үлгілерін жатқа жасап қана қоймай, жаңа түрлер енгізуге дейін жеткен. Мұндай адамдарды халық оюшы деп атаған.