Сәулет ескерткіштері

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Комсомол ауылы

Т.Жүргенов атындағы орта мектеп

Тарих пәнінің мұғалімі: Аязбаева Нүрия Қайырбекқызы

Қазақстан тарихы, 5-сынып

Сабақ тақырыбы: Сәулет ескерткіштері

Бұл сабақ орта ғасырлардағы сәулет өнерін, архитектуралық құрылыс жүйелерінің ерекшеліктерін түсіндіре отырып, олардың тарихтағы орнын айқындауға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

Орта ғасырлардағы сәулет өнері мен құрылыс жүйелерінің ерекшеліктерін аша отырып, олардың тарихтағы алатын орнын анықтау.

Сабақтың міндеттері

  • Білімділік: сәулет өнері туралы жалпы түсінік беру; Қазақстандағы ортағасырлық сәулет өнерінің дамуы мен тарихи ерекшеліктерін ұғындыру.
  • Дамытушылық: сәулет ескерткіштерінен мысалдар арқылы оқушылардың танымдық және сөйлеу қабілеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: ортағасырлық туындыларды қазіргі архитектураның үздік үлгілерімен салыстыра отырып, сәулетке сүйіспеншілікті арттыру және эстетикалық тәрбие беру.

Құралдар мен байланыстар

Көрнекілігі

Қазақстан картасы, кесенелер суреттері, қазіргі заманғы архитектура үлгілері, буклет, макет.

Пәнаралық байланыс

География, әдебиет, архитектура, салт-дәстүр.

Әдіс-тәсілдер

СТО технологиясы элементтері, презентация, картамен жұмыс.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

  1. 1 Оқушылармен амандасу.
  2. 2 Сыныпты түгендеу.
  3. 3 Психологиялық дайындық.

II. Үй тапсырмасы бойынша жұмыс

Тапсырма

  • Оқушылардың Шоқан, Абай, Ыбырай туралы жазған эсселерін оқыту.
  • Сұрақтарға жауап беру.

Талқылау сұрақтары

  1. Ш. Уәлихановтың қазақ халқы тарихындағы орны қандай?
  2. А. Құнанбаевтың қандай өлеңдерін білесің?
  3. «Ы. Алтынсарин — ағартушы, педагог» дегенді қалай түсінесің?

Мұғалімнің қорытынды пікірі

Қазақстан тарихында бұл дана тұлғалардың рөлі ерекше. Шоқан Уәлиханов аз ғана ғұмырында ғылымның бірнеше саласын меңгеріп, 1868–1869 жылдардағы реформаларға үлес қосты. Абай Құнанбаев — қазақ халқының дара да дана тұлғасы: оның асыл сөздері бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды. Ал Ыбырай Алтынсариннің еңбегі қазақ халқының мәдени және рухани дамуына, алдыңғы қатарлы білім мен өркениетке ұмтылуына зор ықпал етті.

III. Жаңа сабақ жоспары

1) Сәулет өнерінің тарихы

Киіз үй — ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Ол тек қазақ халқына ғана емес, түркі жұртына және көрші елдерге де ортақ қасиетті тұрақ болған. Ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс тәжірибесінен қалыптасқан киіз үй — сәулет, құрылыс және қолөнер жетістігінің көрнекті үлгісі.

Назар аударайық

Киіз үйдің күмбез пішіні қазіргі нысандарда да кездеседі: Президент әкімшілігі ғимаратында, Парламент палаталарының бірлескен мәжіліс залында, Президенттік мәдени орталықта және басқа да құрылыстарда.

Сұрақ

Еліміздің Елтаңбасында киіз үйдің қай бөлігі бейнеленген?

Жауап: Шаңырақ.

Шаңырақ — қазақ халқы және Қазақстандағы өзге халықтардың ортақ Отанының нышаны. Ол амандық, береке-бірлік, татулық, тыныштық пен тұрақтылық, беріктілік ұғымдарымен байланысты.

Ой қозғау

Біз «орта ғасырлар» деп қай ғасырларды атаймыз?

2) Орта ғасырлардағы сәулет ескерткіштері

Қазақстан аумағында бүгінге дейін сақталған ортағасырлық сәулет мұралары көп. Олардың ішінде Айша бибі, Қарахан, Жошы хан, Қожа Ахмет Ясауи және басқа да кесенелер ерекше орын алады.

Картамен жұмыс

Кесенелердің орналасқан жерлерін картадан көрсету және тарихи-географиялық ерекшеліктерін талқылау.

Мағынаны тану (топтық жұмыс)

Оқушылар топтарға бөлінеді. Әр топқа бір кесененің суреті беріледі. Топ мүшелері оқулықтан тиісті мәліметті тауып, ерекшеліктерін дәптерге жазады және бір оқушы сыныпқа таныстырады.

  • 1-топ: Айша бибі кесенесі
  • 2-топ: Алаша хан кесенесі
  • 3-топ: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Тренинг: сәйкестендіру

Сәулет ескерткіштерін тұрғызылған орындарымен сәйкестендіріңіз.

Сәулет ескерткіштері Орналасқан жері (нұсқалар)
1. Айша бибі кесенесі A) Жезқазған қаласы
2. Қарахан кесенесі Ә) Түркістан
3. Жошы хан күмбезі Б) Тараз
4. Алаша хан кесенесі В) Қарағанды
5. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Г) Тараз
6. Бабаджа қатын кесенесі Д) Тараз

Жауап кілті

1 — Б, 2 — Г, 3 — А, 4 — В, 5 — Ә, 6 — Д

Картамен бекіту

Аталған кесенелердің Қазақстан аумағындағы нақты орындарын картадан көрсету.

3) Қазіргі заманғы сәулет өнері

Қазіргі кезеңде сәулет өнері қарқынды дамып келеді. Көп қабатты тұрғын үйлер, театрлар, қонақ үйлер, Алматыдағы собор, «Бәйтерек», «Ақ Орда», «Нұрмешіт» сияқты нысандар заманауи архитектураның бағытын айқындайды.

Мұғалімнің ой түйіні

Дегенмен ортағасырлық ескерткіштердің құрылыс деңгейінен асып түсу әрдайым оңай емес: олар ғасырлар өтсе де беріктігімен, көркемдік шешімімен, өзіндік ерекшелігімен таң қалдырады.

Сұрақ

Осы мұраны сақтау үшін біздің міндетіміз қандай?

Жауап: ескерткіштерді сақтау, қорғау және ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.

IV. Сабақты қорытындылау

«Орнына қой» ойыны арқылы оқушылардың алған білімдері тексеріліп, сабақ бекітіледі.

Сөйлемдерді толықтырыңыз

  1. Құрылыс, тұрғын үй салу өнерін __________ дейді.
  2. Еңбек құралдары мен шаруашылық түрлерінің көбеюіне байланысты адамдар біртіндеп __________ салуды үйренді.
  3. Жерді қазып жасаған үйді __________ деп атады.
  4. Көшіп-қонған кезде түйеге артып жүруге және құрастыруға __________ қолайлы еді.
  5. Құрылыс салуға сапалы материалдар ретінде __________ қолданған.
  6. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қазақ халқы қасиетті __________ ретінде құрметтейді.

Керекті сөздер

Жеркепе Киіз үй Сәулет өнері Пантеон Тұрғын үй Тас Күйдірілген кірпіш

V. Үй тапсырмасы

§38. Өзің тұратын өңірде сәулет өнерінің ескерткіштері бар ма? Мәлімет жинап келу.

VI. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысып, тапсырмаларды орындаған оқушылардың жұмысы бағаланады.