Шеткі тігістер

Сабақтың тақырыбы

Шеткі тігістерді орындау.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Қолданылатын технология

Интерактивтік технология.

Көрнекілік құралдар

  • Үлгілер
  • Мультимедиялық тақта
  • Нұсқау карталар
  • Оқушылардың жеке құралдары
  • Шеберхана жабдықтары

Пәнаралық байланыс

  • Технология
  • Мататану
  • Жабдық

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

  • Шеткі тігістерді орындауды үйрету.
  • Өткен тақырыптар бойынша білімді қайталау.
  • Оқушылардың жүйелі ойлауын және тігу дағдыларын қалыптастыру.

2) Дамытушылық

  • Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуін және тігу қабілеттерін дамыту.
  • Мамандық бойынша құзыреттіліктері мен икемдіктерін жетілдіру.

3) Тәрбиелік

  • Еңбекке баулу, ұқыпты тігуге дағдыландыру.
  • Теориялық білімді практикада көрсетіп, сабақтағы белсенділікті арттыру.

Сабақ құрылымы

I. Ұйымдастыру бөлімі

3–5 минут

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.

II. Кіріспе бөлім: өткен сабақты қайталау

Мультимедиялық тақтада қосатын тігістердің суреттері көрсетіледі. Оқушылар жасырылған тігіс атауларын табады және олардың қайда қолданылатынын айтады.

Қайталанатын тігістер (қосатын тігістер)

  1. Сырып тігу (айыра үтіктеу).
  2. Сырып тігу (жатқыза үтіктеу).
  3. Айыра тігу (ашық түрі).
  4. Айыра тігу (жабық түрі).
  5. Бастыра тігу (ашық түрі).
  6. Бастыра тігу (жабық түрі).
  7. Жапсыра тігу (ашық түрі).
  8. Жапсыра тігу (жабық түрі).
  9. Қосып бастырып екі рет тігу.
  10. Түйістіре тігу.

Жаңа тақырыпқа кіріспе

Тігістердің үш түрі бар: қосатын тігістер, шеткі тігістер және безендіргіш тігістер. Қосатын тігістер өткен сабақта қарастырылды және бүгін қайталанды. Бүгінгі жаңа тақырып — шеткі тігістер: олардың түрлерін, қолданылу аймақтарын және өңдеу технологиясын үйренеміз.

Назар аударатын ұғым

Қайырып тігудің екі түрі бар: ашық және жабық.

Шеткі тігістер: түрлері және өңдеу жолдары

Төмендегі операциялар видеоролик арқылы көрсетіледі және нұсқау карталарымен бекітіледі.

1) Қайырып тігу — ашық түрі

Қалың маталарға жиі қолданылады

Қолданылуы: бұйым етегі, жең аузы, шалбар балағы сияқты бөліктерді өңдеу.

  • Матаның оң жағынан шетінен қайыру сызығын белгілейді: 0,5–4,0 см.
  • Матаны теріс жағына бүгіп, көктейді.
  • Үстінен бастырып тігеді: тігіс ені 0,5–3,0 см.

2) Қайырып тігу — жабық түрі

Жұқа маталарға ұсынылады

Қолданылуы: ашық түрімен ұқсас (етек, жең аузы, шалбар балағы және кез келген бұйым шеті), бірақ көбіне жұқа маталарды өңдеуде тиімді.

  • Матаның оң жағынан шетінен екі рет қайыру сызығын белгілейді: 0,5–4,0 см.
  • Теріс жағынан екі рет бүгіп, көктейді.
  • Үстінен бастырып тігеді: тігіс ені 0,1–0,2 см.

3) Жөрмеп тігу (шеттік шығару)

Қолданылуы: өңірді өңір астымен қосып өңдеу, қаттама өңдеу, қақпақшаны астар матасымен өңдеу, әдіпті мойын ойындысына және қолтық ойындысына қосып өңдеу және т.б.

  • Екі бөлшектің оң жақтарын беттестіріп, қиықтарын теңестіреді.
  • 0,5–0,7 см бойымен айналдыра көктейді және жөрмеп тігеді (матаның қасиетіне қарай).
  • Егер мата жұқа әрі сетінегіш болса — 0,7 см, ал сетінемейтін болса — 0,5 см.
  • Көктеу жібін суырады, оң жағына аударады.
  • 0,1–0,2 см шеттік шығару жасалып, баса үтіктеледі.

Жиектеу: негізгі түсінік

Ашық және жабық түрі

Жиектеу — бұйымның шеткі қиықтарын жинақы әрі сәнді етіп өңдеудің тәсілі.

4) Жиектеу — ашық түрі

Қолданылуы: бұйымның шеткі қиықтары, етек, жең аузы, мойын ойындысы, қолтық ойындысы, желбіршек шеті және т.б.

  • Жиек 45° қиғаш бағытта пішіліп, ені 2 см болуы керек.
  • Жиек пен бөлшектің оң жақтарын беттестіріп, қиықтарын теңестіріп 0,5 см сырып тігеді.
  • Жиектің екінші қиығын бөлшектің теріс жағына айналдырып көктейді.
  • Тігістен 0,1 см қашықтықта бастырып тігеді, баса үтіктейді.

5) Жиектеу — жабық түрі

Қолданылуы: шеткі қиықтар (етек, жең аузы, мойын және қолтық ойындысы), сондай-ақ жаға, қақпақша, қаттама шеттерін безендіру.

  • Жиек 45° бағытта пішіліп, ені 2,5–3,5 см болуы керек.
  • Оң жақтарын беттестіріп, 0,5 см сырып тігеді.
  • Жиектің екінші қиығын 0,5 см бүгіп, бөлшектің теріс жағына айналдырып көктейді.
  • 0,1 см бастырып тігеді.

Қауіпсіздік ережелерін қайталау (сұрақтар)

Оқушылармен өндірістік шеберханадағы қауіпсіздік талаптары қысқаша қайталанады.

  1. Тігін машинасының қауіпті жерлерін ата.
  2. Пішушінің жұмыс киімін сипаттап бер.
  3. Үтіктің температурасын қандай жағдайда өзгертеді?
  4. Диэлектрлік кілемшені не үшін және қай жерге төсейді?
  5. Механик пен электриктің атқаратын жұмыстары қандай?
  6. Пішушіге қажетті құралдарды ата.
  7. Машинаның инесі сынған кезде не істеу керек?
  8. Үтіктің қауіпті жерлерін ата.
  9. Инемен жұмыс істегенде не істеуге болмайды? Ине мен көздің арақашықтығы қандай болуы керек?
  10. Зардап шеккен адамға қандай алғашқы көмек көрсетесің?
  11. Үтіктің қызғанын қалай тексересің?
  12. Өрттің шығу себептерін ата.

III. Ағымды нұсқау (тәжірибелік жұмыс)

Оқушылар тапсырмаларды өз бетімен орындайды. Жұмыс барысында шебер төмендегілерді бақылап, бағыт-бағдар береді:

  • Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру.
  • Еңбек тәсілдері мен операциялардың дұрыс орындалуы.
  • Технологиялық процестің ретімен орындалуы.
  • Қауіпсіздік ережелерінің сақталуы.
  • Өзін-өзі және өзара бақылауды қадағалау.

IV. Қорытынды нұсқау

  • Жақсы орындалған жұмыстарды атап көрсету.
  • Жіберілген қателерді талдау және олардың себептерін түсіндіру.
  • Бағаларды жариялау.
  • Шеберхананы жинастыру.

Дерек

БҚО, Орал қаласы — МКҚК «Технологиялық колледж»

Өндірістік оқыту шебері: М. Б. Иманғалиева