Күннің көзі оянды
Біздің заманымыз — жазу заманы. Сөздің жүйесін, қиысын келтіріп жаза білу үшін сөздің орнымен қалай өзгеретінін, бір-біріне қалай қиындасып, қалай жалғасатынын білу қажет. Сондықтан қазақ бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйесін де үйрету керек.
А. Байтұрсынов
Сабақтың тақырыбы
К, к дыбысы мен әрпі
Мақсаты
- К дыбысымен таныстыру.
- К дыбысына тіл ұстарту арқылы сөз құрату, буын ішінде бекіту, дыбыстық талдау жасау.
- Дидактикалық материалдар арқылы есте сақтау мен ойлау қабілетін дамыту.
- К дыбысы бар сөздер мен сөйлемдер ойлауға дағдыландыру.
- Таза қазақ тілінде сөйлеуге, байланыстырып сөйлеуге, дұрыс отыруға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері
- Әңгімелеу
- Көрнекілік
- Ойын
- Сұрақ-жауап
Көрнекіліктері
- К дыбысының баспа түрі
- Текшелер
- Кеспе әріптер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: «Балалар, “Ұзын құлақ сұр қоян” өлеңін хормен, қимылмен айтайық».
Одан кейін өткен тақырып қайталанады: Е, е әрпі мен дыбысы.
Е дыбысы бар сөздер
Емен, ешкі, есік, екі, есен, еркін, есек, елік, емші.
Үлгі сөйлем: «Еркін емен ағашын отырғызды».
Түсініктеме сұрақтары
- Е, е қандай дыбыс? — Дауысты.
- Неге дауысты? — Өкпеден шыққан ауа еркін шығады.
- Дыбыс пен әріптің айырмашылығы қандай? — Әріпті көреміз, жазамыз; дыбысты естиміз, айтамыз.
- Е әрпі сөздің қай жерлерінде кездеседі? — Басында, ортасында, соңында.
Ойын: «Буын құра»
Оқушылар жекелей буын құрайды: де, бе, ең, ер, ре және т.б.
Мақал-мәтел (мысал)
- Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі.
- Ер қадірін ел біледі, зер қадірін зергер біледі.
Жыл мезгілі туралы әңгіме
Қазір — қыс. Е дыбысы кездесетін жыл мезгілі — көктем. Көктем қыстан кейін келеді.
Балалар көздерін жұмып, көктемді елестетеді: көк шалғын, қардың еруі, құстардың келуі, күн сәулесінің жылынуы.
II. Қызықты тапсырмалар арқылы жаңа дыбысқа шығу
«Көктемнің ертерек келгенін қалайсыңдар ма? Онда тапсырмаларды орындау керек» деген шарт қойылады. Күннің суреті төрт бөлікке бөлініп, әр бөлікке тапсырма беріледі.
Тапсырмалар
- «Емен» сөзін оқып, буынға бөл.
- «Тер» сөзін тақтаға жазып, дыбыстық талдау жаса.
- Суреттегі затқа сөйлем құра (етік).
- Еңбек туралы мақал-мәтел айт.
Еңбек туралы үлгі
- Еңбек түбі — береке, көптің түбі — мереке.
- Егін екпесең, жерге өкпелеме.
- Еңбек етпесең, елге өкпелеме.
Төрт бөліктің тапсырмалары орындалып, бөліктер біріктірілгенде күннің бейнесі шығады. Күннің жылуы — көктемнің алғашқы нышандарының бірі.
«Күн» сөзіндегі бірінші дыбыс қандай? — К.
III. Жаңа тақырып: К дыбысы мен әрпі
К әрпі бар сөздер (суретпен жұмыс)
Кірпі, көпір, керуен, көзілдірік, кептер, күрек, кітап, күн, кілт және т.б.
Оқушылар сөздерге сөйлем құрайды және К дыбысының сөздің басында, ортасында, соңында келуін талдайды.
Қонақтармен тапсырма (талдау)
Тақтаға күшік, кенгуру, бүркіт суреттері ілінеді. Әр сөз буынға бөлінеді, дауысты және дауыссыз дыбыстар саны анықталады.
Дыбыстау және түсіндіру
К дыбысын хормен дыбыстайды. К — дауыссыз дыбыс, сауат ашуда ол көк текшемен белгіленеді.
Әріпті бекіту
К әрпін ауада жазып көру. Одан кейін әліппе дәптерімен жұмыс орындалады.
IV. Жұмбақтар
Жер көрдім — қаласы бар,
Үйлері жоқ мекендейтін.
Көл көрдім, өзен көрдім,
Сулары жоқ тереңдейтін.
Жауабы: карта
Көреді бәрін өзгенің,
Көре алмайды өздерін.
Жауабы: көздер
Мен жүгірсем, ол да жүгіреді,
Мен мүдірсем, ол да мүдіреді.
Жауабы: көлеңке
V. Сергіту сәті
Жаза, жаза қолымыз,
Талып кетті көзіміз.
Бір, екі, үш —
Отырамыз тып-тыныш.
VI. Сөзжұмбақ
Сұрақтарға жауап бере отырып, сөзжұмбақ шешіледі.
Сұрақтар
- Еліміздің туының түсі қандай?
- Әжелеріміз шайды немен ішеді?
- Қоянның баласын қалай атайды?
- Жаңбырдан кейін қалған кішкентай су қалай аталады?
Шешуі
көк, кесе, көжек, көлшік.
VII. Сөйлем құрау (сызбамен жұмыс)
Үлгі 1
Кемел, мектепке кел.
Үлгі 2
Мектепке кел, оқы.
Тапсырма
Осы үлгілерге ұқсас өз сөйлеміңді құрастыр.
VIII. Жаңылтпаштар
Есет атам ет асатар,
Ет асатса, бес асатар.
Кербез керік кері кетті,
Көтере алмай керегін.
Кезі келіп кезігіп,
Кекілік оны келемеж етті.
Ақ көбелек, көк көбелек,
Ұшып-қонған көп көбелек.
Жалт бергенде топ көбелек,
Таба алмайсың — жоқ көбелек.
IX. Қорытынды жұмбақтар және бекіту
Қайталап атымды,
Көктемде ән салам.
Кез келген ұяға
Жұмыртқа табамын.
Жауабы: көкек
Дөп-дөңгелек ілінген,
Күннен көмек тілеген.
Жауабы: күнбағыс
«Көкек», «күнбағыс» сөздерінде неше дыбыс бар? Бірінші дыбыс қайсы? Ол қалай естіледі? — деген сұрақтар арқылы балалардың жауабы тыңдалып, сабақ қорытындыланады.
Оқушылар мадақталады.