Сұрақтар беру ата - анаға

7–9 сынып оқушылары мен ата-аналарға арналған пікірлесу-тренинг

Тақырыбы

«Мен және менің жасөспірім балам»

Мақсаты

  • Ата-аналарды жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктерімен таныстыру.
  • Ата-ана мен жасөспірім арасындағы қарым-қатынасты анықтау және нығайту.

Әдістері

Арт-терапия Фототерапия Топтық жаттығулар

Кіріспе

Әрбір ата-ана өз тәжірибесінен біледі: жасөспірімдік кезеңнің басталуы баланың физиологиясында, психикалық реакцияларында және мінез-құлқында айтарлықтай өзгерістердің пайда болуымен байланысты. Жасөспірім шақты «дағдарыс жасы» деп атау да кездейсоқ емес.

Жалпы алғанда, жасөспірімдік кезең көбіне 5-сыныптан басталып, әр балаға әртүрлі әсер етеді. Бұл кезеңнен қалай өтетіні көп жағдайда жасөспірімнің өзіне, сондай-ақ ата-ананың дер кезінде көрсеткен қолдауына байланысты.

Дәл осы уақытта ата-ана мен баланың болашақ қарым-қатынасының сипаты айқындалады: жақындық, сенім, сыйластық қалыптаса ма, әлде алшақтық, эмоционалдық салқындық, тұйықтық күшейе ме.

Егер бала мен ата-ана бір-бірін тыңдамай, түсінуге ұмтылмаса, бұл отбасындағы атмосфераға кері әсер етіп, кейіннен ұрыс-керіс пен жанжалдардың жиілеуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі тренинг ата-ана мен жасөспірімге өзара түсіністікке жақындауға көмектесу үшін ұйымдастырылды.

Талқылауға арналған сұрақтар

Ата-аналарға

  • Балаңыздың жасөспірімдік кезеңге өткенін байқайсыз ба?
  • Қандай өзгерістерді байқап жүрсіз: мінезінде, эмоциясында, дене бітімінде?

Оқушыларға

  • Жасөспірімдік кезеңді қалай түсінесің?
  • Өзіңнен қандай өзгерістерді байқайсың?

Бейнематериал

Көрсетілген бейнематериал ержетіп келе жатқан баланың мінез-құлқындағы эмоциялық арынның қайдан шығатынын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, ол тренингтің бастапқы атмосферасын жеңілдетіп, жағымды көңіл күй қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаттығулар мен бөлімдер

«Ыммен түсінісейік» (ата-аналарға)

Қатысушылар сұраққа «иә/жоқ» деп жауап берудің орнына, қимыл арқылы білдіреді.

  • Бала тәрбиесіне қатысты бағдарламаларды, пайдалы ақпараттарды тыңдайсыз ба? (Иә — қол шапалақтау, Жоқ — аяқпен тарсылдату)
  • Балаңызбен ашық сөйлесесіз бе? (Иә — жымию, Жоқ — басын ұстау)
  • Балаңызға өтпелі кезеңдегі өзгерістер туралы айтып көрдіңіз бе? (Иә — оң қолды көтеру, Жоқ — сақалды сипау)

Қысқа сергіту: «Қол шапалақтайық»

Жүргізуші айтқан тұжырым өзіңізге сай келсе, қол шапалақтайсыз.

Ұйықтағанды жақсы көретіндер
Дәмді тамақтанғанды ұнататындар
Сабаққа кешігіп келетіндер
Жазғы демалысты жақсы көрмейтіндер
«Мен ержеттім» дейтіндер
«Мен бойжеттім» дейтіндер
Көңіл күйі көтеріңкілер
«Жалқаумын» дейтіндер
«Мен әлі кішкентай баламын» дейтіндер
Сабақты жақсы оқитындар

Танысу: «Қуыршақ терапиясы»

Мақсаты: жиналған адамдар арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-біріне жақындастыру.

Танысуды қуыршақ терапиясы арқылы бастаймыз. Қатысушыларға фольга беріледі. Әр ата-ана фольгадан өз қалауынша қуыршақ жасап, оған ат қояды.

  • Қуыршақтың аты өз атыңыз болуы мүмкін немесе өзіңізге ұнайтын есім болуы мүмкін.
  • Бала кезіңізде ұнатқан есіміңізді де таңдауға болады.
  • Қаласаңыз, балаңыздың атын да қоюға болады.

Таныстыру үлгісі: әңгімені «Бір кезде бір қуыршақ болыпты…» деп бастап, өзіңіз туралы, қайда туып-өскеніңізді, отбасыңыз бен балаларыңыз туралы қысқаша баяндаңыз.

Балалармен танысу (топтық жұмыс)

Оқушылар 2 топқа бөлінеді. Әр топ өз мүшелерінің есімдерін бір параққа жазып, әрқайсысының жанынан бір-екі қасиетін көрсетеді.

Бірінші топ өз сипаттамаларын оқиды, ал қарсы топ қай оқушы екенін табуға тырысады.

«Қарым-қатынас шеңбері»

Ата-аналар сыртқы шеңберге, балалар ішкі шеңберге тұрады. Жүргізуші айтқан әрекеттерді ата-аналар көрсетеді, кейін балалар орын ауыстырып отырады.

  • Балаңызды мектепке қалай шығарып саласыз?
  • Балаңыздың шашын қалай дұрыстайсыз?
  • Балаңыз алыстан келгенде сағынышыңызды қалай білдіресіз?
  • Балаңыздың қуанышты хабарын қалай қабылдайсыз?
  • Балаңызды ұйқыдан қалай оятасыз?

Фототерапия: таңдау және ой бөлісу

Қатысушылар ұсынылған фотосуреттердің ішінен өзіне әсер еткенін таңдап, сол сурет арқылы ішкі ойымен, сезімімен бөліседі.

Арт-терапия: «Шеңбер бойынша сурет»

  • Ата-аналар кезекпен баланың портретін салады.
  • Балалар кезекпен өздері қалаған суреттерін салады.

Фототерапия: бірге фотоға түсу

Ата-ана мен бала бірге фотоға түсіп, ортақ естелік қалыптастырады. Бұл жақындасуға және жылы эмоцияны бекітуге көмектеседі.

Рефлексия

Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен, байқаған жаңалықтарымен және өздері үшін маңызды болған ойларымен бөліседі.

Қорытынды

Тренингтің негізгі мақсаты — өтпелі кезеңдегі оқушыға және ата-анаға психологиялық қолдау көрсету, екі тараптың бір-бірін жақсырақ түсінуіне жағдай жасау. Бір-бірін түсіне білу — отбасы үшін үлкен бақыт. Бүгінгі жұмыс сол бақытқа апарар жолды айқындауға көмектесті деп сенеміз.

Өткізген: Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Харкин орта мектебінің психологі — Сая Сатыбалдиева.