Сендер қандай гүлдермен таныстыңдар
Маңғыстау облысы • Қарақия ауданы • Мұнайшы ауылы
Балауса балабақшасы — бейнелеу өнері оқытушысы Тлеумағанбетова Асемгүл Орынғалиевна.
Мақсаты
Балалардың түстерді ажырата білуін дамыту, көктем туралы білімін толықтыру және гүлдердің негізгі түрлерімен таныстыру.
- Гүлдердің атауын, сыртқы келбетін және бөліктерін (тамыр, сабақ, жапырақ т.б.) дұрыс атауға үйрету.
- Гүлдерді баптау, күту ережелерін меңгерту.
- Әсемдікті сезінуге, көктемдік талғамды қалыптастыруға ықпал ету.
- Табиғатты қорғауға, адамгершілікке, ұқыптылыққа және бастаған істі аяқтай білуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Слайд көрсету
- Сұрақ-жауап
- Сергіту сәті
- Мадақтау
Көрнекіліктер
- Слайд материалдары
- Бөлме, дала және емдік гүлдер (үлгілер/суреттер)
- Өскін (тамыр шығаруға арналған)
- Түрлі түсті гуашь
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Педагог балаларға бүгінгі күннің ерекше екенін айтады: топқа қонақтар келген. Қазақтың дәстүріне сай, алдымен амандасып, ізет білдіріледі.
Шаттық шеңбері
Сурет салсам — гүл саламын,
Гүлге толып тұрса алаңым — деймін мен.
Сурет салсам — күн саламын,
Күндей күліп тұрса маңым — деймін мен.
Сурет салсам — қала салам,
Болсын барлық баласы аман — деймін мен.
Сурет салсам — адам салам,
Қорған болсын маған, саған — деймін мен.
2) Кіріспе әңгіме және сұрақ-жауап
Сұрақ: Қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап: Көктем.
Сұрақ: Өткен оқу іс-әрекетінде ненің суретін салдық?
Жауап: Үйдің суретін.
Сұрақ: Үйдің қандай бөліктері болады?
Жауап: Қабырға, шатыр, терезе, есік.
Сұрақ: Терезенің алдында не тұрады?
Жауап: Гүлдер.
Осылайша бүгінгі ашық оқу іс-әрекетінің тақырыбы айқындалады: гүлдер.
3) Гүл туралы түсінік
Гүл — өсімдік. Ол табиғатқа көрік беріп қана қоймай, бөлме ауасын тазартып, адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Гүлдерді күтіп-баптау үшін оларға мейіріммен қарау, уақытылы суару, топырағын қопсыту қажет.
Гүлдің құрылысы
Тамыр, сабақ, жапырақ, тостағанша, күлте, аталық және аналық.
Сұрақ: Гүлдердің ұзақ уақыт жайқалып тұруының сыры неде?
Жауап: Махаббатта, қамқорлықта.
4) Гүлдердің түрлері (3 топ)
Гүлдер түстері әртүрлі және үш топқа бөлінеді: дала гүлдері, бөлме гүлдері, емдік гүлдер. Материал слайд арқылы көрсетіледі.
Дала гүлдері
- Бәйшешек
- Раушан
- Қызғалдақ
- Бақбақ
- Астра
Көктем-жаз мезгілінде өседі. Раушан — хош иісті, мерекеде сыйға тартылатын гүл.
Бөлме гүлдері
- «Әйел бақыты»
- «Доллар гүлі»
- Кактус
- Фикус
- Пальма
Жыл бойы бөлмеде өседі. «Әйел бақыты» жарықты, ылғалды ауаны және бірқалыпты жылы температураны қажет етеді.
Емдік гүлдер
- Алоэ
- Анис
- Адыраспан
- Түймедақ
- Қалампыр
Бөлмеде де, далада да өсе береді. Алоэ — емдік қасиеті бар өсімдік: жапырағын жарақатқа тигізсе, жазылуына көмектеседі.
5) Тәжірибе: гүл отырғызу және күтім
Педагог тәжірибе жүзінде гүлді қалай отырғызуды көрсетеді: өскінді қиып алып, тамыры шыққанша суға салады; құнарлы топыраққа тамырланған өскінді отырғызады; су құяды және тамыр дем алуы үшін топырақты қопсытады.
Күтімнің негізгі ережелері
- Уақытылы суару
- Топырақты қопсыту
- Жарық пен температураны сақтау
- Өсімдікке ұқыптылықпен қарау
Балалар гүлдің «қуанып» та, «мұңайып» та қалатынын, яғни күтімге сезімтал екенін түсінеді.
6) Шығармашылық бөлім: «Сиқырлар әлемі» және сурет салу
Балалар қиялға беріліп, «ТАЙО» автобусымен сиқырлар әлеміне саяхат жасайды (слайд). Педагог «сиқыршыға» айналып, балаларды «суретшіге» айналдырады.
Негізгі тапсырма: дала гүлдерінің суретін салу. Педагог жаңа тәсілді таныстырады: ТРИЗ әдісі — қолда бар түрлі заттарды пайдаланып, шығармашылықпен сурет салу.
Интербелсенді тақтадан табиғатта өсіп тұрған гүлдердің үлгісі көрсетіледі, педагог кезең-кезеңімен салып түсіндіреді. Одан кейін балалар ұжымдық жұмыс арқылы сурет салады.
Сергіту сәті
Балалар бейнежазба арқылы қимыл-қозғалыс жаттығуларын орындайды.
Сабақ барысында гүл туралы тақпақтар тыңдалып, қысқа ертегі оқылады, кейін топқа қайта оралып, бекіту жұмыстары жасалады.
7) Бекіту: жұмбақ және ойын
Жұмбақ
Аналарға сыйлайтын,
Аралар бал жинайтын.
Бұл немене, балалар,
Үзуге адам қимайтын?
Жауабы: гүл
Дидактикалық ойын
«Гүлді ретімен орналастыр!» — балалар ойын шарты бойынша суреттерді рет-ретімен орналастырады.
8) Қорытындылау
Сұрақ: Қандай гүлдермен таныстық?
Жауап: Дала гүлдері, бөлме гүлдері, емдік гүлдер.
Балалар әр топтан таныс гүлдерді атап, гүлдердің түстерін ажыратады: қызыл, сары, көк және т.б. Жапырақ түсі — жасыл.
Педагог белсенді қатысқан балаларды атап, жұмыстарын мақтайды. Қонақтармен қоштасып, іс-әрекет аяқталады.
Жылулық шеңбері
Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер.
Өсе берші нұрланып,
Өсе берші ырғалып.
Көріскенше күн жақсы,
Сау-саламат болайық!