Сабақтың айдары

7-сыныптағы панорамалық сабақ

Сабақтың тақырыбы

Лексикалық тақырып
Бауыржан Момышұлының өмірі
Грамматикалық тақырып
Есімше мен көсемше бойынша өткенді бекіту

Сабақтың форматы

Типі
Білімді бекіту сабағы
Түрі
Өнеге сабағы
Әдіс-тәсілдері
СТО әдісінің элементтері

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Есімше мен көсемше бойынша өткенді Кеңес Одағының Батыры, даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығымен байланыстыра отырып қайталау және жүйелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың сөздік қорын байыту, білімін, іскерлік дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Жауынгер-жазушының шығармалары арқылы оқушыларды елін, жерін, халқын сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер негізінде оқушылардың рухани байлығын қалыптастыру.

Пәнаралық байланыс және ресурстар

Пәнаралық байланыс

  • Әдебиет
  • Тарих
  • Математика

Көрнекіліктер

  • Б. Момышұлының портреті, жанұя суреттері
  • Кітап көрмесі
  • Компьютер, интерактивті тақта, диск

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. Оқушылардың сабаққа қатысуын және әзірлігін тексеру.

II. Қызығушылығын ояту (Кубизм әдісі)

  1. Есімше туралы не білеміз?
  2. Есімше қалай жасалады?
  3. Есімше түрлене ме? Неліктен? Септелуіне және тәуелденуіне мысал келтіріңдер.
  4. Есімше сөйлемде қандай мүше бола алады?
  5. Көсемше дегеніміз не?
  6. Көсемшенің жұрнақтарын атаңдар.
  7. Көсемше қалай түрленеді? Мысал келтіріңдер.
  8. Көсемшенің сөйлемдегі қызметі туралы не айтасыңдар?
  9. Есімше мен көсемше етістіктің қандай түріне жатады?

III. Мағынаны тану

1) Тақырыппен және мақсатпен таныстыру

Бүгінгі сабақтың лексикалық тақырыбы — Бауыржан Момышұлының өмірі. Бауыржан Момышұлы — Ұлы Отан соғысына қатысқан халық батыры, соғыс кезінде дивизия командирі болған. Сонымен бірге ол — жазушы. Бауыржан еңбектерін қазақ және орыс тілдерінде жазған.

Қазақ тіліндегі еңбектері

«Төлеген Тоқтаров», «Ел басына күн туса» және т.б.

Орыс тіліндегі еңбектері

«Біздің семья», «Москва үшін шайқас», «Офицер жазбалары», «Соғыс психологиясы» және т.б.

Жазушы өз балалық шағы, туған үйі мен туған жері туралы «Ұшқан ұя» кітабын жазған. Келіні Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлы туралы «Шуақты күндер» атты естелік қалдырған. Сондай-ақ жазушы Әзілхан Нұршайықов та «Ақиқат пен аңыз» кітабын жазған (кітап көрмесіндегі басылымдармен таныстыру).

2) Назарды тақтаға аудару (айдар)

«Халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мәңгі жасап, ұрпаққа ұран, елге мұра болып қала бермек».
— Н. Назарбаев

«Түртіп алу» стратегиясы арқылы негізгі ойды белгілеу.

3) Дәптермен жұмыс

Оқушылар дәптерлеріне күннің жадын, сабақтың тақырыбын және айдарды жазады.

4) Грамматикалық тапсырма

Айдарда берілген сөйлем ішінен есімше және көсемше тұлғалы етістіктерді тауып, астын сызу және жұрнақтарын белгілеу.

5) Ой шақыру стратегиясы

Сұрақ 1

Ұлы Отан соғысы қай жылы басталып, қай жылы аяқталды? (1941–1945 жж.)

Сұрақ 2

Отанымызды жаудан қорғаған қандай батырларды білесіңдер? (М. Мәметова, Ә. Молдағұлова, Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, Р. Қошқарбаев)

Сұрақ 3

Биыл соғыстың аяқталғанына неше жыл толғалы отыр? (69 жыл)

Сұрақ 4

Б. Момышұлы биыл нешеге толар еді? (104 жасқа)

6) Көрнекілікпен таныстыру

Оқушыларды дискідегі фотосуреттермен және «Момыш ағашының» бұтағымен таныстыру.