Шамшырақ тобына

Сабақ тақырыбы

И, й әріптерінің жазылуы тақырыбын бекітуге арналған сайыс-сабақ жоспары.

Білімділік мақсаты

Сөз жазу кезінде и және й дыбыстарын ажырату; танымдық тапсырмалар арқылы оқушыларды өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істеуге үйрету.

Дамытушылық мақсаты

Ой-өрісті кеңейту; ізденімпаздық, талдау, дәлелдеу, есте сақтау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Топпен жұмыс арқылы ұйымшылдыққа, бірлікке, достықты қадірлеуге баулу.

Сабақ сипаттамасы

Типі:
Оқу материалдарын бекіту
Түрі:
Сайыс сабақ
Әдістері:
Сұрақ-жауап, топтау, жинақтау, дәлелдеу, зерттеу

Көрнекілігі

  • Суреттер
  • Шығармашылық тапсырмалар
  • Семантикалық карта
  • Сызбалар
  • Үлестірмелі қағаздар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылар екі топқа бөлініп, шеңбер құрып отырады. Орындарынан тұрып, «шаттық шеңберін» жасайды.

— Әрбір адам?

— Туысым, досым, жұрағат.

— Әрбір сабақ?

— Үйрену, ұғу, ұлағат.

— Әрбір ісің?

— Тірлік, тірек, адамдық.

— Әрбір сөзің?

— Шындық, бірлік, адалдық.

Екі топ өздерін таныстырады. Сабақ топтар арасында сайыс түрінде өтеді.

1-топ

Болашақ

Ұраны: «Болашаққа барамыз, біз — білімді баламыз!»

2-топ

Шамшырақ

Ұраны: «Шамшырақ боп жанамыз, оқып білім аламыз!»

II. Психологиялық дайындық

Мұғалім оқушыларға таңдау сұрағын қояды: «Осы күндердің біреуін таңдар болсаңдар, қайсысын таңдар едіңдер?» Оқушылардың көңіл күйін көтеріп, сәттілік тілейді.

III. Көркем жазу

Өлең

Суға түссе балықтай,

Жүзе берер жалықпай.

Судан шықса баладай,

Тәй-тәй басып қалады-ай.

Оқушылар сұрақтарға жауап береді: өлең не туралы, «қаз» сөзі қай дыбыстан басталады? Қ дыбысы хормен айтылады.

Артикуляция

Қ — тілдің артқы шені таңдайдың артқы шеніне нық тиіп, содан кейін бірден ажырауынан жасалатын дауыссыз дыбысты таңбалайтын әріп. Барлық буында кездеседі, жуан дауыстылармен тіркеседі.

Тапсырма

Жемістер мен көкөністер атауларынан қ дыбысы бар сөздерді тауып, дәптерге жазыңдар.

IV. Үй тапсырмасын тексеру

Әр топ үй тапсырмасының орындалуын түсіндіреді: ереже және 82-жаттығу. Оқушылар и дыбысының жазылуына қатысты пікірлерін айтады.

Қорытынды ереже

И дыбысының алдында ы, і естілгенімен, олар жазылмайды.

Топтар «шие», «сиыр» сөздерін буынға бөліп, дыбыстық талдау жасайды. Кейін қарсы топтың сөзіне сәйкес өлеңді жатқа айтады.

1-топ (сиыр)

Сәйгел тисе мөңкіген,

Оқыра тисе жөңкіген,

Ала бас жіп естірген,

Мұрнын тура тестірген…

Саздау жерге тоқтаған,

Үй арасын қақтаған,

Сиыр деген мал екен!

2-топ (шие)

Шиемін мен, шиемін,

Піскенше тон киемін.

Бала келсе піскенде,

Басымды мен иемін.

V. Жаңа сабақты бекіту

1) Венн диаграммасы

Оқушылар сұрақтар арқылы и және й дыбыстарының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды.

Болашақ тобы (и)

  1. И дыбысы қандай дыбыс?
  2. Сөз басында кездесе ме?
  3. Қандай дыбыстан соң жазылады?
  4. Қай буында кездеседі?

Шамшырақ тобы (й)

  1. Й дыбысы қандай дыбыс?
  2. Сөз басында кездесе ме?
  3. Қандай дыбыстан соң жазылады?
  4. Қай буында кездеседі?

Ортақ қорытынды

И — дауысты, й — дауыссыз. И әрпі сөз басында және дауыссыздан кейін жазылады, ал й әрпі дауыстыдан кейін жазылады.

2) Сөздік жұмыс

Мұғалім түсіндіреді: дауыссыз й дыбысы кейбір сөздердің басында ғана кездеседі. Мысалдар: йод, йокс.

Йод

Жараға жағылатын сұйық дәрі.

Йокс

Суық тигенде, тұмаурағанда қолданылатын дәрі; ауызды шайып ем жасауға арналған.

Оқушы өлеңі

Йокс — тұнба, тым әрлі,

Йокс — шипа, бұл дәрі.

Йокспен шайсаң ауызды,

Йокс қуар тұмауды.

Оқушылар берілген сөздерді қатыстырып сөйлемдер құрайды.

3) Семантикалық карта

Көп нүктенің орнына қандай дыбыс керегін анықтап, и немесе й әрпіне сәйкес белгілейді.

Болашақ тобы

й, и: …
к…ік, ме…із, ша…ыр, қа…ың, т…ін, п…ма, б…ші, а…на, сы…лық

Шамшырақ тобы

и, й: …
к…ім, а…ыр, тү…ме, ты…ым, с…ыр, ш…е, ә…нек, ж…ю, жа…ын

VI. Сергіту сәті

Оқушылар шеңбер құрып тұрады. Өлең мазмұнына қарай қимыл-қозғалыс жасайды.

Доп қудым,

Су ақты,

Көп қудым.

Қуатты.

Шөп будым,

Қар жауды,

Көп будым.

Мол жауды.

VII. Кітаппен жұмыс

83-жаттығу

Көп нүктенің орнына и немесе й әрпін қойып, дәптерге көшіріп жазады.

84-жаттығу

Ауызша орындалады: ереже бойынша түсіндіріп, дәлелдейді (мысалы: и — киім, й — айна).

VIII. Бекіту

Үлестірмелі қағаздар таратылады. Оқушылар и, й әріптері қате жазылған сөздерді түзетіп, дұрыс нұсқасын жазады.

IX. Қорытынды және рефлексия

Оқушылар сабақ туралы ой-пікірлерін айтады. Белсенділігіне қарай бағаланады.

«Алақан» ойыны

Екі топ бір-біріне жылы лебіз білдіреді: алақан бейнесіне қарсы топ мүшелеріне мінездеме сөздер жазады. Шарт: сөздердің ішінде и немесе й әрпі болуы керек.

1-топ → 2-топқа

  • Аружан — ибалы
  • Диана — биші
  • Теміржан — ойшыл
  • Ақниет — инабатты
  • Делназ — биязы
  • Ерзат — қайырымды

2-топ → 1-топқа

  • Әрсен — айнадай
  • Алтынай — жинақы
  • Ботагөз — сүйкімді
  • Ғалия — ибалы
  • Ермұқан — мейірімді
  • Сабина — тиянақты

X. Үй тапсырмасы

И немесе й әрпі бар құс атауларын жазып келу.