ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДІС - ТӘСІЛДЕР МЕН ТАПСЫРМАЛАР
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Пәні
- Қазақстан тарихы (Ежелгі Қазақстан тарихы, Жаңа замандағы Қазақстан тарихы)
- Сыныптар
- 6 және 8-сынып (біріккен сыныптар)
- Сабақтың түрі
- Қорытынды қайталау
- Өтілу формасы
- Сыныпаралық сайыс
Сабақтың мақсаты
- Өткен материалдарды қайталап, алған білімді бекіту.
- Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен байланысты шығармашылық тапсырмалар арқылы тақырыптар бойынша білімді нақтылау және сыни ойлауды дамыту.
- Топ ішінде бөлінген көшбасшылықты күшейтуге ықпал ету.
Күтілетін нәтиже
Оқушылар Ежелгі Қазақстан тарихы мен Жаңа замандағы Қазақстан тарихындағы оқиғаларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихымен байланыстыратын шығармашылық тапсырмаларды орындайды. Нәтижесінде сыни ойлау дағдылары дамып, топтағы бөлінген көшбасшылық белгілері айқынырақ байқалады.
Интербелсенді әдіс-тәсілдер мен қалыптастырушы бағалауды қолдану арқылы оқушылардың өзіне деген сенімі артып, пәнге қызығушылығы күшейеді.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер мен тапсырмалар
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
Көрме
Алдын ала сынып бөлмесіне ауыл жастарының аудандық футбол жарысында жеңіп алған кубоктары мен мақтау қағаздары қойылады.
Сұрақ-жауап
- Бүгінгі пәнімізге тікелей қатысы жоқ қандай өзгерісті байқадыңдар?
- Бұл көрмені не үшін ұйымдастырды деп ойлайсыңдар?
Сайыс ережесі
«Футбол ойыны» форматының ережелері түсіндіріледі: әр тапсырма — «пас», дұрыс жауап — «гол», топтық қолдау — «командалық ойын».
«Тілек айту» тапсырмасы
Әр оқушыға суреттер таратылады (жұлдыз, кітап, ұшақ, жанып тұрған шам, таразы, нысана және т.б.). Берілген бейнелерді сабақ тақырыбымен байланыстыра отырып, қарсылас топқа қысқа тілек айтады.
2) Сайысқа дайындық және кіріспе сұрақтар
Сұрақ-жауап
- 2016 жыл Ел тарихында қандай маңызды жыл?
- Тәуелсіздігімізді айқындайтын мемлекеттік рәміздерді атаңдар.
- 1993 жылғы 15 қарашада Тәуелсіздік тарихында қандай оқиға болды?
Бағалау тәсілі
Бүгінгі сайыста білім «ұлттық валюта — теңге» арқылы бағаланады: толық әрі дұрыс орындалған тапсырмаға 400 теңге, толық емес жұмысқа 200 теңге беріледі.
3) Негізгі шығармашылық тапсырмалар
Синквейн құрастыру
Сұрақ: Астана қаласын өздерің оқыған Ежелгі Қазақстан тарихы және Жаңа замандағы Қазақстан тарихымен қалай байланыстыруға болады?
Теңеу жасау
Мәтіні бар үлестірме қағаздар таратылады. Тапсырма талаптары түсіндіріліп, оқушылар тарихи ұғымдар мен тұлғаларды бейнелі теңеулер арқылы ашады.
Ранжирлеу
Тақырыптар бойынша сөздер ұсынылады. Оқушылар оларды маңыздылығы немесе логикалық байланысы бойынша реттейді.
Пирамида құрастыру
«Кез келген құрылыс неден басталады?» қағидатына сүйене отырып, құрастыру ең негізгі ұғымнан басталады. Пирамиданың финалы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен түйінделеді: барлығы 25 үшбұрыш қолданылады.
Еркін жазба
Тақырып: 2015 жылы қандай атаулы оқиғалар болды?
- Ұлы Жеңістің 70 жылдығы
- Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы
- Абайдың 170 жылдығы
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы