Қара сөз туралы жалпы мәлімет ала отырып, ақынның қара сөз жазудағы мақсатын түсіну

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пәні: Қазақ әдебиеті (7-сынып).

Тақырыбы: А. Құнанбаев — Жиырма тоғызыншы қара сөз.

Бұл сабақта оқушылар қара сөз туралы жалпы түсінік алып, Абайдың қара сөз жазудағы мақсатын ұғынады. Жиырма тоғызыншы қара сөздің мазмұнын талдап, ақынның негізгі ойын анықтауға бағытталады.

Сабақтың мақсаты

  • Қара сөз туралы жалпы мәлімет бере отырып, ақынның қара сөз жазудағы мақсатын түсіну.
  • Жиырма тоғызыншы қара сөздің мазмұнымен танысып, ақынның айтар ойын анықтау.
  • Қара сөздің идеясы арқылы адамгершілікке, имандылыққа және адами құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу.
  • Ізденімпаз, талапты, өз алдына мақсат қоя білетін тұлғаны қалыптастыру.
  • Оқушылардың ауызша сөйлеу мәдениетін және ойлау қабілетін дамыту.

Күтілетін нәтиже

  • Қара сөздің мәнін түсінеді және негізгі идеясын анықтайды.
  • Қара сөздерде айтылған ойға байланысты өз пікірін дәлелдеп айта алады.
  • Бірінші және Отыз бірінші қара сөздермен байланыстыра отырып, ақынның көздеген мақсатын таниды.
  • Пікір алмасып, өз ойын мәдениетті түрде қорғауға, өзгенің пікірін құрметтеуге және әдеппен тыңдауға үйренеді.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер

«Қораптағы сұрақтар» Топтық жұмыс «Жұбыңды тап» «Ауыспалы үштік ойыны»

Керекті жабдықтар

  • Абайдың портреті
  • Тапсырмалар жазылған слайдтар
  • Бағалау парақшалары
  • Оқулық
  • Флипчарттар
  • Маркерлер
  • Интерактивті тақта

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сергіту сәті: «Ыстық алақан»

Оқушылар бір-біріне қарама-қарсы тұрып, алақандарын түйістіріп, бір-біріне жылы тілек айтады.

Топқа бөлу: «Жұбыңды тап»

Өлең жолдарын құрастыру арқылы оқушылар топтарға бөлінеді.

Мақсаты: бірлесіп жұмыс істеуді, ынтымақтастықты қалыптастыруды және өз пікірін дәлелдеуді дамыту.

II. Үй тапсырмасы

«Қансонарда бүркітші шығады аңға» және «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдерін жатқа айту.

III. Қайталау және еске түсіру

«Қораптағы сұрақтар» әдісі арқылы Абай туралы білімді еске түсіруге бағытталған сұрақтар қойылады:

  1. Абай кім?
  2. Абай кімді сынады?
  3. Неліктен сынады?
  4. Осы тақырыпқа қатысты ақынның қандай өлеңдерін білесіңдер?

IV. Жаңа сабаққа дайындық

1) Бірінші қара сөзбен жұмыс (топтық жұмыс)

Интерактивті тақтада берілген Абайдың Бірінші қара сөзін оқып, қара сөз жазудағы ақынның мақсатын анықтайды.

Мақсаты: оқушылардың өздігінен қорытынды жасай алу дағдысын жетілдіру.

2) 6-сынып материалын еске түсіру (Абай сөзімен жауап беру)

Сұрақ: Естіген нәрсені ұмытпау үшін не керек?

Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі — көкірегі байлаулы, берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселі нәрселерден қашық болу керек.

Сұрақ: Ой кеселдеріне не жатады?

Ой кеселдеріне уайымсыздық, салғырттық, ойын-күлкішілдік, бір қайғыға салыну немесе бір нәрсеге құмарлық пайда болу жатады.

Сұрақ: Одан құтылудың қандай жолдарын көрсетеді?

Егер кез болып қалса, салынбау керек. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер.

V. Жаңа сабақ

Әдіс: «Ауыспалы үштік ойыны»

Оқушылар Жиырма тоғызыншы қара сөзді оқып, мазмұнымен танысады. Содан кейін түсінгенін топ ішінде талқылап, ой бөліседі.

Мақсаты: бірін-бірі оқыту, қолдау көрсету, ынтымақтастықты нығайту және өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастыру.