Сәкен - қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен роль атқарған жаңашыл ақын

Сәкен Сейфуллинге 120 жыл: «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» әдеби кеш

Бұл әдеби кеш Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойына арналды. Сәкен — революционер-қайраткер, белгілі жазушы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі.

Кештің мақсаты

  • Жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын тануға, оқып-үйренуге баулу.
  • Ақынның өз дәуіріндегі саяси-қоғамдық көзқарасын таныту.
  • Ұлтжанды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу.

Көрнекілігі

С. Сейфуллиннің портреті, слайдтар, плакаттар, шарлар, сахналық безендіру элементтері.

Кештің ашылуы

Шашу биі

Кеш көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын «Шашу» биімен басталды.

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын революционер-коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 120 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер.

2-жүргізуші

Тарихта қалған тарландардың өмірі — біз үшін өнеге. Қазақтың қазыналы тілін түлеткен талай ақын-жазушы сөз маржанының қадірін елге дәлелдеп кетті. Өмір атты теңізде қалам ұстап, дүниенің сырын іздеген дана жандар аз емес. Алайда халық жүгін көтерер дара тұлғалар әр дәуірде сирек туады. Соған қарамастан, қазақ әдебиеті ХХ ғасырда кенже қалған жоқ — керісінше, жаңаша қырынан дамыды. Әр адамның өз келбеті, өз жан дүниесі бар.

1-жүргізуші

Ақынға сезім мен сұлулық қатар дарыса, одан нағыз шедевр туындылар күтуге болады. Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин — дәл сондай сері тұлға. Қазақ халқы келбетті, жүрегі кең, өнерлі ерді «сері» деп атаған. Сол сері Сәкеннің сұлу жанынан талай құнды дүние өрілді. Ол соғыстың ащы дәмін де татып, бала оқыту ісін де меңгерді. Өмірінің соңына дейін жүрегіндегі ақындық шырақты өшірмей өтті. Бүгінде Сәкен арамызда болмаса да, оның есімін иеленген мектебіміз, шығармалары мен өлеңдері — бізбен бірге.

1-жүргізуші

Сәкен — қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен рөл атқарған жаңашыл ақын. Өз өнерін халық мұратына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болды. Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық енгізген ақындар ішінде оның орны бөлек.

2-жүргізуші

Атыңнан айналайын, қайран Сәкен,
Ұмытпан, демім барда, тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
Тар жолда, тайғақ кешіп болдың көсем.

— Сәбит Мұқанұлы

Осы жыр жолдарындай, С. Сейфуллин ұрпаққа ұлан-ғайыр мұра қалдырды.

Өмірбаяннан деректер

1-оқушы

Сәкен Сейфуллин 1884 жылы 15 қазанда Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (қазіргі Жезқазған облысы, Ағадыр ауданы) көшпелі кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол — қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері. Есімі революция жылдары мен одан кейінгі кезеңде кеңінен танылды. Қазақ ақындарының ішінде алғашқылардың бірі болып революцияны жырлап, кеңес өкіметі үшін күреске белсене қатысты.

2-оқушы

Табиғатынан дарынды, мөлдір қара көзді, толқынды шашты, қыр мұрынды қайратты ұлға Сейфолла мен Жамал азан шақырып қойған Сәдуақас есімінің орнына еркелетіп «Сәкен» деп ат қойып кеткен.

3-оқушы

1937–1938 жылдардағы сталиндік репрессия қара дауылдай соғып, қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына үлес қосқан С. Сейфуллин де нақақ жаланың құрбаны болды. Жалған айып тағылып, өлім жазасына кесілген көрнекті ақын-жазушылардың қыршын кетуі қазақ мәдениетін орны толмас шығынға ұшыратты.

4-оқушы

Өзіне қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі — Сәкен Сейфуллин. Оны НКВД 1937 жылғы 24 қыркүйекте тұтқындап, 1938 жылғы 25 ақпанда атып тастады.

Сахналық бөлім

Көрініс

«Сәкеннің монологы» атты сахналық көрініс ұсынылды.

1-жүргізуші

Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай.
Әсемін әңгіменің көп таратқан,
Айтылмай қалған екен тау мынадай.

2-жүргізуші

Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас
Төгіліп көк жиекке саудыраған.

Осы жыр жолдарындай, келесі кезекте табиғат пен туған жер тақырыбындағы өлеңдерден үзінділер тыңдалды. Оқушылар сахнаға шығып, жыр шумақтарын мәнерлеп оқыды.