Мынау менің мейірімді әжем

Білім салалары мен бөлімдері

Білім салалары

  • Қатынас
  • Таным
  • Әлеуметтік
  • Шығармашылық

Бөлімдері

  • Тіл дамыту
  • Математика
  • Қоршаған ортамен танысу
  • Құрастыру

Тақырыбы: «Менің отбасым»

Мақсаты

Білімділік

Отбасы туралы түсінігін кеңейту, қонақжайлыққа үйрету, әдептілік ережелеріне баулу.

Дамытушылық

Бейнелі ойлауын дамыту. Отбасындағы өзара сыйластық қарым-қатынасты нығайту.

Тәрбиелік

Жанұя мүшелеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, оларды сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі

  • Отбасылық суреттер
  • «Әдептілік – әдемілік» кітабы
  • Өлең-жұмбақтар
  • Ойындар

Ескерту

Бұл сабақ жоспары балалардың сөйлеуін, ойлауын және отбасы құндылықтарына құрметін дамытуға бағытталған. Тапсырмалар жеңілден күрделіге қарай беріліп, ойын элементтерімен толықтырылған.

Сабақ барысы

1) Мотивациялық кезең: «Шаттық шеңбері»

Мақсаты: көңіл күйді көтеру, бірлік атмосферасын қалыптастыру

Тәрбиеші балаларды ортаға шақырып, қол ұстасып шеңбер құруды ұсынады. Балалар алақандарының жылуын сезінеді.

Өлең

Үлкенге де сіз,

Кішіге де сіз,

Ата-ананы құрметтеп,

Бас иеміз біз.

Тәрбиеші сабақтың ерекше екенін айтып, қонақтардың келгенін ескертеді. Кейін отбасы суреттерін көрсетіп: «Бұл суреттерді бір сөзбен қалай атаймыз?» деген сұрақ қояды.

2) Саусақ жаттығуы: «Бір үйде нешеуміз?»

Мақсаты: ұсақ моториканы және байланыстырып сөйлеуді дамыту

Балалар саусақтарын бүгіп отырып жаттығуды орындайды.

Санамақ

Бас бармағым — әкем,

Балаң үйрек — апам,

Ортан терек — ағам,

Шылдыр шүмек — мен,

Титтей бөбек — сен.

Бір үйде нешеуміз? Бір үйде бесеуміз.

Тәрбиеші сұрақ қояды: «Санамақ кімдер туралы?» және «Отбасында тағы кімдер бар?»

3) Жұмбақтар мен тақпақтар: «Отбасы мүшелерін танимыз»

Мақсаты: сөздік қорды байыту, отбасылық рөлдерді ажырату

Жұмбақ 1

Кітапты көп оқитын, немерелерін жақсы көретін, ақ сақалды кісіні кім дейміз?

Жауабы: Ата

Ата туралы тақпақ

Айтады ертек жан атам,

Ақ сақалы салалап,

Құмарымды тарқатам,

Жермен көкті аралап.

Жұмбақ 2

Өзі салмақты, байсалды; бос уақытын балалармен өткізгенді жақсы көреді; циркке, саябаққа апарады; отбасын қорғаушы, сақтаушы — ол кім?

Жауабы: Әке

Әке туралы тақпақ

Атам айтса «ұлым» деп,

Әжем айтар «күнім» деп,

Екеуінен қаймығып,

Айтады әкем «інім» деп.

Жұмбақ 3

Өте мейірімді, ақ шашты; тәтті бауырсақ пісіреді; жылы қолғап, шұлық тоқиды. Бұл кім?

Жауабы: Әже

Әже туралы тақпақ

Әжемдей данадан,

Ертекке қанамын.

Шақырса даладан,

Жүгіріп барамын.

Сұрақ

Балалар, сендерді ең көп жақсы көретін, ең сүйікті адам кім?

Жауабы: Ана

Өлең-жұмбақтар (шешуін табу)

Дегенімді жасайтын,

Қалған тамағымды асайтын,

Ертіп алып жетектеп,

«Немерем» деп атайтын.

Ертегі айтып беретін,

Айтқаныңа сенетін.

Дегеніңді екі етпей,

Жаныңда сенің жүретін.

Кіріңді сенің жуатын,

Үйді шаштың деп қуатын,

Тамағыңды дайындап,

Жақсы көріп тұратын.

Тәрбиеші балаларды мадақтап, сергіту ойынына шақырады.

4) Дидактикалық ойын: «Кім жоқ?»

Мақсаты: зейін мен есте сақтауды дамыту

  1. 1Тақтаға отбасы мүшелерінің суреттері ілінеді.
  2. 2Балалар көздерін жұмады.
  3. 3Тәрбиеші бір суретті алып тастайды.
  4. 4Балалар көздерін ашып, қай суреттің жоқ екенін айтады.

5) Сергіту сәті: «Отбасы шежіресі» жұмбақтары

Мақсаты: отбасы байланысын түсіндіру, ойлау мен сөйлеуді дамыту

Балалардың алдында әкесі, атасы, анасы және басқа да туыстарының фотосуреттері жатады. Жұмбақтың жауабына сәйкес суреттер «ағаштың» тамыры мен бұтақтарына орналастырылады.

Жұмбақ

Айтары мол ғұлама, көп жасасын бұл адам. Әкесі ол әкеңнің — білер оны сұраған.

Жауабы: Атам

Жұмбақ

Атаңның баласы, кей кезде таласып. Қаласың әжеге — білгенің асады кәдеге.

Жауабы: Әкем

Жұмбақ

«Бала, бала» деп түнде шошып оянған, түн ұйқысын төрт бөліп бесік таянған. Қолын қатты тигізбей, кірлі көйлек кигізбей, иісін жұпар аңқытқан.

Жауабы: Анам

6) Ойын: «Неге теңеймін?»

Мақсаты: салыстыру арқылы ойды анық жеткізу

Балаларға күннің, айдың, бұлттың, алманың, гүлдің суреттері таратылады. Тәрбиеші: «Анаңды кімге теңейсің?» деп сұрағанда, балалар таңдаған суретін көтереді. Осы тәсілмен ата, әке, аға және басқа отбасы мүшелері туралы да айтылады.

7) Балалардың әңгімесі: «Менің отбасым»

Мақсаты: өз ойын жүйелі айтуға үйрету

1-бала

Менің отбасымда 4 адам бар: әжем, атам, анам, әкем. Әжем зейнеткер. Анам мектепте мұғалім. Әкем жүргізуші. Мен балабақшаға барамын.

2-бала

Менің отбасымда әжем, әкем, анам бар. Мен — әкем мен анамның жалғыз қызымын. Кейде кішкентай інім немесе сіңлім болса ғой деп ойлаймын. Мынау менің мейірімді әжем. Ал мынау тәтем, ол ауылда тұрады.

3-бала

Мынау менің отбасым: әкем, анам және мен. Менің екі әжем бар, олар мені жақсы көреді. Екі атам да бар — олар мені еркелетеді. Мынау ағам, ол Арменияда тұрады. Бұл тәтем, менімен ойнайды. Біз тату тұрамыз.

8) Рефлексия: құрастыру тапсырмасы

Мақсаты: қорытындылау, топпен жұмыс істеу

Балалар қима суреттерден отбасы бейнесін құрастырады. Тәрбиеші сұрайды: «Нені құрастырдық? Кімдер бар?»

9) «Жүректен — жүрекке»

Мақсаты: жылы тілектер айту, эмоциялық байланыс орнату

Балалар қол ұстасып, шеңбер құрып тұрады және кезекпен жақсы сөздер айтады:

Аяулы анам мейірімді!
Қадірлі әкем мейірімді!
Әлпештеген әжем мейірімді!
Еркелеткен атам мейірімді!

Қорытындылау сұрақтары

  1. 1Отбасы мүшелерін ата.
  2. 2Үйіңдегі отбасы мүшелерінің міндеттері туралы айтып бер.
  3. 3Отбасыңа қандай көмек көрсетесің?
  4. 4Ата-анаң қайда жұмыс істейді?

Отбасы — ең жақын адамдардың жылуы мен қамқорлығы тоғысатын орта. Сондықтан әрқашан отбасы мүшелерін сыйлап, құрметтеу керек.

Қоштасу өлеңі

Ортаға келіп тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық!

Күтілетін нәтиже

Білуі керек

Ата мен әже — отбасының тірегі. Оларды сыйлау керек.

Түсінуі тиіс

Ата, әже, әке, ана, ұл, қыз — бұлардың бәрін «отбасы» деп атаймыз.

Істей білуі керек

Біздің кішкентай жүрегіміз отбасы мүшелерінің бәрін жақсы көреді және құрмет көрсетеді.