Табиғатым - тал бесігім

Тәрбие сағаты: «Табиғатым — тал бесігім»

Адам мен табиғат — егіз ұғым. Табиғат — асыраушы да, қамқоршы да. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын» деуі бекер емес: күнделікті ішетін асымыз, киетін киіміміз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, мінетін көлігіміз, ауырғанда пайдаланатын дәріміз, тыныс алатын ауамыз, ішетін суымыз — бәрі де жомарт табиғаттың сыйы.

Бүгінде адамзат алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі — Жер-Ана табиғатын қорғау және оның байлығын ұқыпты пайдалану. Соңғы жылдары ғылым мен техниканың қарқынды дамуы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Мәселен, жыл сайын Жер шарында шамамен 10–15 миллион гектар орман жойылады екен.

«Тәрбие — тал бесіктен басталады» дегендей, болашақ ұрпақты экологиялық сауатты етіп тәрбиелеуді отбасынан, күнделікті әдеттен бастаған жөн. Табиғаттың жасыл желегін, аң-құсын аялау — әрбір саналы азаматтың борышы.

Мақсаты

  • Оқушыларға адам мен табиғаттың егіз екенін ұғындыру, табиғаттың қазына-байлық екенін түсіндіру; жерді құрметтеуге, табиғатты қорғауға үйрету.
  • Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, туған елге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Туған жердің табиғатын аялауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Суреттер, қанатты сөздер.

Кіріспе сөз (Мұғалім)

Құрметті оқушылар, бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы — «Табиғатым — тал бесігім». Адам мен табиғат егіз. Табиғатты асыраушың, қамқоршың десек те болады. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын» деп өсиет айтуы тегін емес.

Қазіргі уақытта табиғатты қорғау және оның сан алуан байлығын ұқыпты пайдалану — кезек күттірмейтін, киелі де күрделі міндет. Ғылым мен техниканың дамуы қоршаған ортаға әсер етіп, орманның азаюы сияқты өзекті мәселелерді күшейтуде. Сондықтан экологиялық тәрбие отбасынан басталып, күнделікті өмірде жалғасуы тиіс.

Оқушылардың өлеңдері мен ой-толғаулары

1-оқушы: Аякөз

Табиғат — сұлу мекенім, Өзіңді пана етемін. Саяңда өсіп, ер жетіп, Биікке самғап жетемін.

2-оқушы: Ерасыл

Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз, Жер бетінің ажары ғой сәніміз. Туған өлке табиғатын аялап, Ұсынайық жүрек нұрын бәріміз.

3-оқушы: Маржан

Табиғаттың орны бөлек ғаламда, Тигізетін пайдасы зор адамға. Ей, адамзат, оны күтіп, қорғаңдар, Жойылмасын жасыл желек ормандар! Болсын тек ауа таза, тұнық су, Басылмасын айдын көлде құстың шу. Төңіректе кесілмесін тал-терек, Араша түс — табиғатта бәрі керек! Тартылмасын теңіз-көлдер суалып, Жарылып жер, өсімдіктер қуарып. Қолда барда қадір тұтып сақтайық, Жаратқанның бергеніне қуанып.

Хор

«Жас дәуірдің түлегіміз» әні.

Табиғат және ұлттық өрнек (Мұғалім)

Табиғат аясы — адамның алтын бесігі. Қазақ халқының табиғатқа деген сүйіспеншілігін күнделікті тұтынатын бұйымдардағы ою-өрнектерден де көруге болады. Мысалы, түс киіздердегі өрнектерде даланың хош иісті гүлдері, өзен-көлдері, тау жоталары бейнеленсе, сырмақтарда қошқар мүйіз, құс тұмсығы мен қанат өрнектері кездеседі.

Өлең жолдары (жалғасы)

4-оқушы: Айдос

Қайырлы түн, Жер-Анам, Көк аспанды жамыл да, Таңға дейін дін аман Тәтті ұйқыға дамылда! Орманың да шуламасын, Суларың да туламасын. Ақ басты ала тауларың да Күңіренбесін, жыламасын!

5-оқушы: Қайнар

Шамыңды өшір, түсіре ғой пердеңді, Қайырлы түн, алып Жер! Дүбірлетіп ұлы сенің кеудеңді Таптамасын танкілер. Қайырлы түн, көк аспан, алып жерді төсен де, Таңға дейін тәтті ұйқыда толаста, Ұшырама кеселге.

6-оқушы: Дәурен

Мен сүйем ерікті еркін құсын, Сайратамын төрт бөліп түн ұйқысын. Мен сүймес дүниеде еш нәрсе жоқ, Сүйемін табиғаттың барлық күшін.

7-оқушы: Арсен

Күн — барлық тіршіліктің құдіретті тірегі. Жер тіршілікке нәр беріп, анамыздай асырап жатыр. Су — тіршіліктің көзі. Ауа — өмір тынысы.

8-оқушы: Сая

Табиғат — әсемдіктің төркінісің, Ән саламын бір сенің көркің үшін. Жан-жануар табынып бір өзіңе, Сенен алып тұрғандай бар тынысын.

Би: Қазақша би Домбыра

9-оқушы: Нәрлен

Адамға табиғатсыз өмір бар ма, Не қиын кезеңдерге төзді ол да. Дария ортасынан түсіп, теңіз қашып, Табиғат бұлқынады қылбұрауда.

10-оқушы: Адылжан

Табиғат адамдарға нәр береді, Сәмбі тал саз кешеді, сәнденеді. Өртенген жетім тоғай жәутең қағып, Мұңайып сездіреді әлденені.

11-оқушы

Мезгілсіз зымыранды ұшырады, Асау жел ерік бермей құтырады. Күтіп-баптап, аялап ескермесе, Байлығынан адамдар ұтылады.

12-оқушы: Ясмина

Уа, табиғат, шеберсің-ау, шеберсің, Көрмегенді көрсетесің, бересің. Ұлан-ғайыр байлығыңды місе етпей, Ашкөзденген адамдарға не дерсің?

Сахналық көрініс: «Табиғатты аялайық»

Мұғалімнің бағыттауы

Балалар, енді кезекті көрініске назар аударайық.

Автор

Талдың төбесіне өрмелеп шығып, бұтағын майыстырып жатқан бүлдіршінге жерде тұрған бала тал болып тіл қатады.

Тал (Бексұлтан)

Сындырма мені, Мен — жақсылық кені! Мен — денсаулық емі! Мен — еркелетем сені! Күтсеңдер, гүл ашам, Жолыңа жұпар шашам. Саямда сағаларсың, Салқындап демаларсың.

Автор

Тал үстіндегі бала өз ісінің әбестігін түсініп, ұялып қалады да, балалардан кешірім сұрайды.

Бүлдіршін (Шалқар)

Балалар, мені кешіріңдерші. Мен енді мұндай іс жасамаймын. Мені де өз қатарларыңа қосыңдар!

Тал

Балалар, сендер мен туралы көп білетін шығарсыңдар. Мен жайында кім тақпақ айта алады?

Автор

Балалар өздері білетін тақпақтарын жатқа айтады.