Насос ойыны
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Өтетін орны
Өскемен қаласы, «Балдаурен» шағын орталығы
Тәрбиеші
Чокубаева Маржан Куанышпековна
Білімдік аймақ
Қатынас
Бөлім
Тіл дамыту
Тақырып
«З» және «С» дыбыстары
Мақсаты
- Балаларды әртүрлі дауыстау тәсілдері арқылы «З» және «С» дыбыстарын сөздер мен сөйлемдер ішінде дұрыс, анық айтуға үйрету.
- Сұрақтарға толық жауап беруге дағдыландыру.
- Сөздік қорын, тіл байлығын дамыту.
- Достыққа, мейірімділікке, көмекшілдікке тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс
- маса
- «З» дыбысының үлгісі ретінде.
- насос
- Сорап, сорғыш — «С» дыбысының үлгісі ретінде.
Күтілетін нәтиже
Білу
«З» және «С» дыбыстарын сөздер мен сөйлемдер ішінде дұрыс, таза айта алу; сұрақтарға толық жауап беру.
Нені біледі
«З» бен «С» дыбыстары сөздің басында, ортасында және аяғында кездесетінін; насос пен масаның дыбыстауы осы дыбыстарға ұқсайтынын.
Түсінеді
Көмек сұрап келген қонаққа көмектесу қажет екенін.
Іс-әрекет кезеңдері
Сабақ құрылымы балалардың қызығушылығын оятып, дыбыстарды сезіну және айту дағдыларын біртіндеп қалыптастыруға бағытталған.
1) Себепті-оятушылық кезең
Тәрбиеші балаларды «Әсем күлкі сыйлайық» атты шаттық шеңберіне жинайды. Балалар өлеңді хормен айтып, шеңберге тұрады.
Шаттық шеңбері (өлең)
Жиналайық шеңберге, Қол ұстасып достармен. Айналамыз шеңберде, Әсем күлкі сыйлаумен!
- Балалар қол ұстасып, оң жағындағы көршісінің көзіне қарап, бірнеше жылы сөз айтады.
- Жылы сөз естіген бала алғысын білдіріп, әсем күлкісін сыйлайды.
2) Ұйымдастыру-іздеушілік кезең
Күтпеген қонақ
Тәрбиеші бөлме есігін тоқылдатады:
Тәрбиеші: «Балалар, бұл қандай дыбыс болды екен?»
Бөлмеге сиыр кіріп, балалармен амандасады және көмек сұрайды.
Сиыр: «Сәлеметсіңдер ме, балалар? Мен бүгінгі сабақтарыңа көмек сұрай келдім. Менің бұзауларым “С” пен “З” дыбыстарын дұрыс айта алмай жүр. Оларға қалай дұрыс үйретуге болады?»
Тіл туралы шағын әңгіме
Тәрбиеші қонақты балалардың қасына отырғызып, тілдің «үйі» туралы әңгімелейді.
- Тілдің үйі — ауыз. Ол бірде ашылып, бірде жабылады (балалар ауыздарын ашып-жабып көрсетеді).
- Тіл үйінен бірде шығып, бірде кіреді (тілді шығарып, қайта ішке кіргізіп көрсетеді).
- Тіл ән айтқанды ұнатады: «и-и-и» (барлығы бірге қайталайды).
«С» дыбысы: насос
Бір күні тілге насос келеді. Ол: «с-с-с-с-с» деп дыбыстайды.
Сұрақ: «Қандай дыбыс естіп тұрмыз?»
Насос тілден осы дыбысты үйреніп алуды өтінеді. Содан бері тіл «С» дыбысын анық айтуға дағдыланады. Балалар насостың «өлеңін» бірге орындайды.
Сергіту сәті: «Насос» ойыны
- Балалар бір сәтке насосқа айналады.
- Тәрбиеші «насос қатты айтты» десе — қатты, «ақырын айтты» десе — ақырын дыбыстайды.
- Балалар қолдарын ауыздарына жақындатып, «с-с-с» айтқанда ауа ағынын сезеді.
- Қағазбен демонстрация жасалады: «С» дыбысын айтқанда қағаздың қозғалғаны байқалады.
Қорытынды: «С» дыбысын айтқанда ерін маңында ауа қозғалысы (жел) сезіледі.
«З» дыбысы: маса
Бір кезде бөлмеге ызылдаған маса ұшып кіреді.
Тәрбиеші: «Балалар, бұл не?»
Балалар: «Маса»
Тәрбиеші: «Ол қандай ән айтып жүр?»
Балалар: «з-з-з-з-з»
Балалар масаның «өлеңін» бірге қайталайды. «З» дыбысын айтқанда тіл тістерге жақындайтыны байқалады.
«Маса» ойыны
Балалар екі топқа бөлінеді: бір топ — масалар, екінші топ — балалар.
- «Балалар серуенге шықты» дегенде балалар орындарынан тұрып, бөлме ішінде жүреді.
- «Кеш батып, масалар да далаға шықты» дегенде масалар балаларды «шағуға» тырысып, қуып жетеді.
- Балалар «үйлеріне кіріп үлгеруі» керек — яғни ұстатпай, белгіленген орынға тез жетеді.
3) Қорытынды-түзетушілік кезең
Сабақ соңында тәрбиеші сұрақ-жауап арқылы балалардың түсінігін бекітеді және дыбыстарды ажырату дағдыларын нақтылайды.
Бекіту сұрақтары
- «Әңгіме сендерге ұнады ма?»
- «Әңгіме не туралы болды?»
- «Тіл қандай “өлеңдерді” айтып үйренді?»
- «С-с-с — ненің дыбысы/өлеңі?»
- «З-з-з — ненің дыбысы/өлеңі?»
Дыбысты сөзден табу
- «Бүгінгі қонағымыздың аты кім?»
- «Сиыр сөзі қандай дыбыстан басталады?»
- «“С” дыбысы бар тағы қандай сөздер білесіңдер?»
- «“Бұзау” сөзінде бүгін танысқан қай дыбысты естиміз?»
- «“З” дыбысы кездесетін тағы қандай сөздер бар?»
Тәрбиеші сиырға балалардың «С» және «З» дыбыстарын анық, нақты дыбыстауды үйренгенін айтып, бұзауларына да дәл осылай үйретуді ұсынады.
Сиыр балаларға алғыс айтып, сыйлық ретінде сүт әкеліп береді. Сабаққа белсене қатысқан балаларға естелікке кішкентай бұзаудың суреттері таратылады.