Батасын бергеннен кейін

Кіріспе: білімнің күші — жүрек пен адамгершілікте

«Білім шынында да үлкен күш, бірақ оның жақсы немесе зиянды болуы адамның жүрегіне және адамгершілігіне байланысты», — дейді Амоношвили. Бүгінгі қоғамда адам интеллектуалды тұрғыдан қуаттанып, рухани тұрғыдан кедейлену қаупіне жиі тап болады: көп жағдайда көпшіліктің игілігі мен рухани сұраныстар үшін емес, жеке мүдде үшін ғана еңбек етуге дағдыланып барамыз.

Бұл — технократия дәуірінің айқын көрінісі. Мұндай ортада білім берудің жоғары мақсаттары кейде эгоистік және тұрпайы материалистік сұраныстарға бағынып, жас ұрпақты «нәтижеге жетуге» ғана дайындап қоюы мүмкін. Ал шын мәнінде, ұрпақты ұлтжанды, өз халқының діліне сай, мәдениеті жоғары азамат етіп тәрбиелеу — аса өзекті міндет.

Назар аударатын ой

Әлемнің қай түкпірінде өмір сүрсе де, кез келген халық баласының ең алдымен Отанын сүюін, анасын құрметтеуін, еңбексүйгіш әрі адамгершілігі мол болып өсуін қалайды.

Жер шарындағы әртүрлі ұлттың балалары әрқилы бесік жырын естіп, сан алуан әуенмен, түрлі ертегімен өседі. Бірақ түпкі арман ортақ: баланың дені сау, салауатты, парасатты азамат болып қалыптасуы. Қайырымдылық, адалдық, үлкенді сыйлау, әділеттілік, ержүректік, намысты қолдан бермеу сияқты асыл қасиеттер — жалпыадамзаттық құндылықтар.

«Бабалар сөзі — даналық көзі» тақырыбы дәл осы құндылықтарды ашуға бағытталған: үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, сөз қадірін түсіну, сәлем беру, ата-анаға ілтипат білдіру сияқты қасиеттерді бала бойына сіңіруге жол ашады.

Сабақтың мақсаты

Өз халқының адамгершілік-рухани құндылықтарын, нақыл және өсиет сөздерін оқып-үйрену арқылы ата-баба сөзі өнеге екенін ұғындыру, адамгершілік пен қамқорлыққа тәрбиелеу.

Сабақтың міндеттері

  • Балаларға адам өміріндегі ар-ұят сияқты қасиеттердің құндылығын ұғындыру, үлкенге құрмет пен әдептілікті өмірде қолдануға баулу.
  • Ойлау дағдыларын дамыту.
  • Ұлттық мінез қалыптастыра отырып, ата-баба даналығынан өнеге алуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер және құрал-жабдықтар

Әдіс-тәсілдер

  • Әңгімелесу
  • Әңгімелеу
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Интерактивті әдістер
  • Ойын

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Бейнетаспа
  • Тапсырмалар салынған конверттер
  • Сюжетті картина
  • Қойылымға қажетті костюмдер

Сабақтың барысы: мәтінмен жұмыс

«Өзін-өзі тану» сабағы өтетін бөлмеде күй әуені жаймен ойнап тұрады. Бұл сабақтың мазмұны мен мәнін тереңірек сезінуге, балалардың көңіл күйіне әсер етіп, назарын жинақтауға көмектеседі. Мұғалім жылы жүзбен сәлемдесіп, дөңгелене орналастырылған орындықтарға балаларды отыруға шақырады.

Сәлемдесу және ынталандыру

Мұғалім

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі сабағымызға қош келдіңдер.

Балалар

Сәлеметсіз бе?

Мұғалім

Көңіл күйлерің қалай? Сендерді көргеніме қуаныштымын. Бүгін бәрің белсенді болып, көп мағлұмат аламыз деп сенемін.

Бұл кезең балалардың ойын мен қиялын бағыттауға, өзіне деген сенімін арттыруға және сабаққа ішкі дайындық қалыптастыруға бағытталады.

Әңгіме: «Бөкен қарттың Сырымға бата беруі»

Мұғалім сабақты шағын әңгімемен бастайды да, балаларды мұқият тыңдауға шақырады.

Сырым жас кезінде бата алу үшін Бөкен қартқа барады. Қарт Сырымнан келген шаруасын сұрайды. Сонда Сырым: «Сізден бата алып, әртүрлі ақыл-кеңес сұрайын деп келдім», — дейді.

Бөкен қарт: «Саған батамды берейін, сен жас болсаң да елге бас болар бала екенсің», — деп бата береді:

Бата мәтіні

  • Арқаң қара нардай жауыр болсын.
  • Мінезің қара жердей ауыр болсын.
  • Өкпең жоқ, кеудең толы бауыр болсын.
  • Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
  • Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін.
  • Жасың жетпіске жетпесін.

Батасын берген соң қарт: «Менің әр сөзімнің өз мәні бар. Қалай түсіндің? Айтып бер», — дейді. Сонда Сырым: «“Арқаң қара нардай жауыр болсын” дегеніңіз — халық үшін еңбек ет, елге сүйеніш бол дегеніңіз», — деп жауап береді.