Оқушыларды табандылыққа тәрбиелеу

Өзін-өзі тану сабағы (8-сынып)

Құндылық: дұрыс әрекет • Қасиеттер: дұрыс ой, еңбекқорлық, жауапкершілік

Тақырып

«Мақсат – жетістік желкені»

Мақсаты

Оқушылардың өз болашағының бағытын айқындап, мақсат қоя білу туралы түсінігін кеңейту арқылы «дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.

Ресурстар

  • Үнтаспа, баяу әуен
  • Плакат, түрлі-түсті маркерлер, қарындаштар
  • Бейнежазба, интернет
  • Оқулық, оқу құралдары

Сабақ міндеттері

1) Дұрыс ойлауға үйрету арқылы өз мұратына жету жолдары туралы түсінік қалыптастыру.

2) Өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі жетілдіру арқылы еңбекқорлық дағдыларын дамыту.

3) Табандылыққа, жауапкершілікке баулу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, түгендеу.
  • «5Т» ережесімен таныстыру.
  • Құрал-жабдықтың дайындығын тексеру.

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Үнтаспа: «Волшебная композиция – Хрустальная грусть»

Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу тарайды. Кеудеңіздің орта тұсында гүлдің түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен жайлап ашыла бастайды.

Балғын әрі таза әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді жұмсақ шайып, жүрегіңіздің «қауызын» ашады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарап, біртіндеп күшейе түседі.

Оймен нұрды қолдарыңызға бағыттаңыз: қолдарыңыз нұрға толып, сәуле шашсын. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді жақсылық жасауға апаратын игі жерлерге бастасын. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналсын.

Нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін: тіліңіз тек шындықты және жылы, жақсы сөздерді айтсын. Нұр құлақтарыңызға жетсін: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естісін.

Нұр көздеріңізге жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылықты аңғарсын. Басыңыз түгелдей нұрға толып, санаңызға тек ізгі ойлар келсін.

Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашсын. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.

Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де нұрға толсын. Нұр бүкіл әлемге—барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге—таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша айтыңыз:

«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен нұрмын».

Нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем жүрегіңізде. Сол әсем күйді сақтап, жаймен көзіңізді ашыңыз. Рахмет.

Сұрақ: Қандай сезімде болдыңыздар?

3) Үй тапсырмасын тексеру

Б. Төреқыздың әңгімесін оқу.

  • Әңгімеден қандай ой түйдіңдер?
  • Жетістікке қол жеткізу үшін адамда қандай қасиеттер мен дағдылар болуы керек?
  • Алға қойған мақсаттарың бар ма? Қандай?

4) Дәйексөз

Оқулық: №5-сабақ, 26-бет

«Мақсатсыз жанталасып жүрген адамнан өз мақсатын көзден таса етпеген сылбыр адам әлдеқайда артық».

Э. М. Форстер

Талқылау: Дәйексөзден қандай ой түйдіңдер?

Эдвард Морган Форстер (1879–1970) — ағылшын романисті және эссеисті. Ол әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы түсініспеушілік пен қабылдаудың қиындығын жиі көтерген.

5) Оқиғаларды әңгімелеу (сұхбат): «Адам өмірі» (аңыз-әңгіме)

Үш ағайынды жігіт «Адам өмірінде өткен, қазіргі, әлде болашақ маңызды ма?» деген сауалға дауласады.

Біріншісі:

«Өткен өмірім қазіргі өмірімнің бастауы болды. Бұрын үйренгендерім бүгінгі тіршілігіме азық. Өзіме ризамын, себебі алға қойған мақсаттарыма жету үшін қажымай-талмай еңбектене білдім. Өміріме серік еткен жолдастарым да сенімді».

Екіншісі:

«Егер сенің айтқаның дұрыс болса, адам “түйе көргенінен жаңылмас” дегендей бір орында тұрып қалар еді. Маған өткен емес, болашақ маңызды. Сондықтан болашағыма қажет нәрсені үйренемін. “Екі жыл бұрын кім едім?” дегеннен гөрі, “екі жылдан кейін өмірім қандай болады?” деген сауал маңыздырақ. Қазіргі әрекетім бұрынғыма емес, ертеңгі болмысыма бағытталған. Жаңа таныстар ұнайды: олардан білмегенімді үйренемін; ал ескі таныстарымның білетіні өзіме де мәлім».

Үшіншісі:

«Өткен мен болашақ сендердің ойларыңда ғана бар екенін ұмыттыңдар ма? Өткен қайтып келмейді, болашақ әлі жеткен жоқ. Оларды қанша аңсасаң да, қолмен ұстай алмайсың. Тек дәл қазір—қазіргі өміріңде—алдыңа ізгі мақсат қойып, әр сәтіңді соған арнасаң ғана өміріңді өзгерте аласың. Өткен бақытты ойлау жанды жабырқатады, болашақ бақыт туралы ой жанды жегідей жейді; ал ойды іске айналдыратын шақ — бүгінгі сәт».

Талқылау сұрақтары

  • Аңыз-әңгімеден қандай ой түйдіңдер?
  • Мақсат қоюдың адам өміріндегі орны қандай?
  • Қай пікірмен келісесіңдер? Неліктен?

Қосымша: бейнебаян (интернет желісі арқылы).

6) Шығармашылық жұмыс (топтық)

Топқа бөлу

Оқушыларға «мақсат», «арман», «қиял» сөздері жазылған жасырын карточкалар таратылады. Сол арқылы 3 топ құрылады.

Жоба тақырыбы

«Бүгіннен — жарқын болашағыма!»

Құрылымы

  • Мақсат
  • Әрекет
  • Құрал
  • Уақыт
  • Нәтиже

Қажетті материалдар

Баяу әуен, үнтаспа, плакат, түрлі-түсті маркерлер, қарындаштар.

7) Топпен ән айту

«Мақсат – бақыт бастауы»

Сөзі: А. Беляев • Әні: Б. Қажымұқанов

1-шумақ

Жолдас керек әр жанға,

Мақсат керек бір биік.

Тұманы мол жалғанда, тұрмайды ма нұр құйып.

Сылдыр сөзбен күлкіңе,

Жете алмайсың мұратқа.

Адасасың бір күні,

Арман жанар жыраққа.

Қайырмасы

Мақсат бойға күш берер жақсы жырдай,

Ойыңда оғаш кетпес.

Адалдыққа жүгінсең,

Жазықсызды қолдасаң —

Мақсат жетер түбінде.

2-шумақ

Сол жырақта межелеп,

Жұмса қайрат-күшіңді.

Жатпайды ешкім елеп сені,

Кез келгенге жүгінбе.

Өзің ұмтыл жалында,

Тосады өмір түбінде,

Бақытыңның бағында,

Тосады өмір түбінде.

Қосымша: үнтаспа, бейнебаян.

8) Үй тапсырмасы

А. Есенбаеваның «Талап» өлеңін жаттау.

Оқулық: 32-бет.

9) Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Рефлексия: Бүгінгі сабақтан алған әсерлерің қандай?

Тыныштық, тыныштық, тыныштық, тыныштық бар жерде,
Тыныштық, тыныштық, тыныштық, тыныштық бүкіл әлемде.

Қорытынды ой

Мақсат — бағыт береді, әрекет — алға жылжытады, ал табандылық пен жауапкершілік нәтижеге жеткізеді. Өткен тәжірибеден үйреніп, болашақты елестетіп, ең бастысы — бүгінгі таңда нақты қадам жасау маңызды.

Білім беру ұйымы

Ақын Сара атындағы орта мектеп КММ

Мұғалім

Сембай Аида Нуртайқызы