Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді

Әдептен озбайық

Мақсаты

  • Оқушыларды қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, әдеп сақтау туралы түсініктерін кеңейту.
  • Жақсы мен жаманды айыра білуге ықпал ету.
  • Жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, ізгілікке тәрбиелеу.
Сабақ түрі: пікірлесу Әңгімелесу

Сабақ барысы

Сабақ тыныштық сәтінен басталады. Негізгі мақсат — оқушыны ішкі жинақылыққа, мейірім мен ізгі ойға бағыттау.

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денені түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолды айқастырмай, қолды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көзді жұмып, елестетіңіз: күннің нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу тарайды.

Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар деп ойлаңыз. Ол нұрдың әсерінен ақырын ашылады. Әсем гүл әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды шайып, жүрегіңіздің жылуын оятады.

Нұрды бүкіл денеге тарату

  • Нұр қолыңызға тарасын: қол тек игі іс жасап, өзгеге көмектессін.
  • Нұр аяққа тарасын: аяқ сізді тек жақсылыққа бастайтын жерлерге апарсын.
  • Нұр ауызға, тілге тарасын: тіл тек шындық пен ізгі сөз айтсын.
  • Нұр құлаққа жетсін: құлақ тек жақсы сөз бен әсем әуенді естісін.
  • Нұр көзге жетсін: көз тек жақсыны көріп, жақсыны аңғарсын.
  • Нұр басыңызды толтырсын: ойыңызға тек ізгі, сәулелі пікір келсін.

Нұрды айналаңызға жолдау

Нұр күшейіп, денеңізден шығып, айналаңызға тарасын. Оны туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей жүрген адамдарға да нұр жолдаңыз: олардың жүрегі де нұрға толсын.

Бұл нұр бүкіл әлемге — адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тіршілік атаулыға таралсын. Ғаламның әр түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша қайталаңыз:

Мен нұрлымын.

Нұр менің ішімде.

Мен — Нұрмын.

Осы тыныштық, махаббат және нұр күйінде біраз отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем сіздің жүрегіңізде. Осы әсем қалыпты сақтап, жайлап көзіңізді ашыңыз. Рахмет.

Оқушылардың әсері

Оқушылар тыныштық сәтінен алған әсерімен бөліседі: қандай ой келді, қандай сезім болды, өзіне қандай ниет қойды.

Үй жұмысын тексеру

Талқылау сұрақтары

  • Әдеп, әдеп сақтау, әдептілік деген не?
  • Әдептілік адамның іс-әрекетінде қалай көрініс табады?
  • «Дұрыс жүру, дұрыс тұру, әдепті болу — ұсақ-түйек емес» дегенді қалай түсінесіңдер?

Тілдік тапсырмалар

Синонимдер (әдептілік):

әдеп, тәртіпті, үлгілі, тәрбиелі, сыпайы, әдепті, көргенді.

Антонимдер:

әдепті — әдепсіз, көргенді — көргенсіз, үлгілі — өнегесіз, тәрбиелі — тәрбиесіз.

Оқу аппараты

Әдеп сақтау — адамгершіліктің белгісі. «Әдеп» ұғымының баламалары көп: адалдық, кішіпейілділік, мейірімділік, сыпайылық, имандылық. Осындай қасиеттері бар бала өзгеге ерекше ілтипатпен қарайды.

«Әдептілік белгісі — иіліп сәлем беру» деген нақылға сай, сәлемдесу — әдептіліктің жоғары көрінісі.

Мәтінмен жұмыс

«Тістелген алма» мәтінін оқу және талдау

  • Жігіттің қылығын қалай бағалайсыңдар?
  • Бағбан жігітті не үшін ұнатты?
  • Саған ұнаған кейіпкердің жағымды қасиеті қандай?

Дәйексөз

«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды».

Ж. Баласағұн

Нақыл сөздің мағынасы ашылады: адам бойындағы жақсы қасиет — бақыт пен берекенің негізі. Оқушылар өз пікірін айтып, дәптермен жұмыс жүргізеді.

Шығармашылық жұмыс

I топ

Ы. Алтынсариннің «Әдеп» әңгімесін сахналау.

II топ

Қазыбек бидің «Жақсы ұл — елдің туы болады» мәтінін сахналау.

III топ

Тағылымы мол сөздер айту: мақал-мәтел, қанатты сөз, нақыл сөздер.

Тағылымды сөздер

Әдепті бала — арлы бала.

Әдепсіз бала — сорлы бала.

Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте.

Ы. Алтынсарин

Жақсы бала — сүйеніш, жаман бала — күйініш.

Абай

Әлемді адам әдемі етеді, ал әдепті адам — одан да әдемі.

Бала болсаң — болғандай бол, ағайынға қорғандай бол.

Топпен ән айту

Қ. Ыдырысов — «Келші, келші, балашым»

Балалар үнтаспаға қосылып, әнді бірге орындайды.

Үйге тапсырма

М. Мақатаев — «Көшеде»

Өлеңді жаттау және әуенімен орындап келу.

Қорытынды тыныштық сәті

Ризашылық және ізгі тілек

Оқушылар шеңберге отырып, көздерін жұмып, бүгінгі сабақтан не үйренгенін еске түсіреді. Іштей өзіне, мұғаліміне және бүкіл әлемге тыныштық пен сүйіспеншілік жолдап, ризашылығын білдіреді.