Ғарыш денесі
Сабақ туралы жалпы мәлімет
Пән / сынып
Дүниетану, 4-сынып
Сабақтың тақырыбы
Ғарыш әлемі
Әдіс-тәсілдер
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту, АКТ
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың ғарыш әлемі туралы білімдерін кеңейту.
Көрнекіліктер
- Ғарыш туралы буклет
- Интерактивті тақта
- Мәтіндер, маркерлер және басқа құралдар
Сабақтың міндеттері
- Ғарыш әлемі туралы жан-жақты ақпарат жинауға қолайлы орта құру.
- Мәтінмен танысу арқылы саралау, сипаттау, зерттеу, салыстыру және талдау жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау.
- Жеке, жұптық және топтық жұмысты ұйымдастырып, пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру.
- Патриоттық сезімді оятып, елін-жерін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже
Білім
Сабақ соңында оқушылар ғарыш әлемі туралы алған білімдерін өзгелермен бөлісе алады.
Дағды
Ғарыш туралы мәтінді сипаттап, саралап және талдау жұмыстарын орындай алады.
Коммуникация
Жеке ойын анық жеткізіп, ортаға сала алады.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Суреттерге назар аударту арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту.
Бағыттаушы сұрақтар
- Суреттен қандай ақпарат алдыңдар?
- Бұл нені білдіреді деп ойлайсыңдар?
2) Қызығушылықты ояту
Мұғалім сұрағы: «Ғарыш туралы не білесіңдер?»
Мұғалім әрекеті
Оқушылардың жауаптарын тақтаға тізбектеп жазады.
Оқушы әрекеті
Әр оқушы өз ойын жазады, жұбымен бөліседі, топта талқылайды және құнды ойларды сыныппен бөліседі.
Ескерту
Оқушылар жазған сұрақтарына сабақ соңында қайта оралып, сол сұрақтар негізінде қорытынды жұмыс жүргізеді.
Мысал жауаптар
Ғарыш, Күн, жылу, Жер, глобус, Ай, Ю. Гагарин, Жер серігі және т.б.
3) Ой қозғау: мәтінмен жұмыс
Оқушыларға мәтіндер беріледі. Топ ішінде танысып болған соң, әр топтан бір оқушы келесі топқа барып өз мәтінін түсіндіреді.
1-топ: Жұлдыздар, планеталар және Күн жүйесі
Мәтін 1Жұлдыздар Жерден өте алыс орналасқан. Ашық аспанда жай көзбен шамамен 3 мыңға жуық жұлдызды көруге болады. Ал қазіргі заманауи құралдармен есепке алынған жұлдыздардың саны бірнеше миллионға жетеді. Ғалымдардың болжамынша, жұлдыздардың жалпы саны әлденеше миллиардтан асады.
Жерге ең жақын жұлдыз — Күн. Оның төңірегінде ірі аспан денелері — планеталар айналып жүреді. Планеталар өздігінен жарық шығармайтын, салыстырмалы түрде салқын денелер. Дегенмен олар да аспанда жұлдыз сияқты жылтырап көрінеді.
Әр планетаның өз серіктері болуы мүмкін. Жердің серігі — Ай. Күн және оны айналып жүретін планеталар мен олардың серіктері Күн жүйесін құрайды.
Ғарыш кеңістігінің шегі жоқ. Аспан денелерінің арақашықтығын Жердегі өлшеммен (мысалы, километрмен) өлшеу өте қиын. Сондықтан ғарыштағы қашықтықты өлшеуде жиі жарықтың таралу жылдамдығы бірлік ретінде алынады.
2-топ: Жарық жылдамдығы және ғарышты игеру
Мәтін 2Жарық секундына 300 000 км жылдамдықпен таралады. Ол Айдан Жерге шамамен 1,3 секундта, ал Күннен 8 минуттан сәл астам уақытта жетеді.
Бізге ең жақын жұлдызға дейінгі қашықтықты жарық шамамен 4 жылда жүріп өтеді. Алайда Әлем кеңістігімен салыстырғанда бұл — қас қағым сәттей ғана.
Күн жүйесі кіретін Галактиканың бір шетінен екінші шетіне жарықтың жетуі үшін жүз мың жылға жуық уақыт керек. Ал алыстағы галактикалар бізден бірнеше миллиард жарық жылы қашықтықта орналасуы мүмкін.
Адамзат ерте кезден-ақ ғарыш денелерінің Жердегі құбылыстарға ықпалын зерттеуге тырысты. Ғарышқа жол 1957 жылғы 4 қазанда ашылды: сол күні бұрынғы Кеңес Одағында Жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды.
1961 жылғы 12 сәуірде адам баласы алғаш рет ғарышқа ұшып, Юрий Гагарин ғарыш кемесімен Жерді айналып өтті. Бұл күн тарихқа ғарышкерлер күні ретінде енді.
Қазіргі кезде ғарышты игеру қарқынды дамуда: Жер төңірегіне екі мыңға жуық жасанды серік ұшырылды. Орбиталық станциялар ұзақ уақыт тұруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Автоматты құрылғылар Ай топырағының үлгілерін алып, Жерге жеткізді, Айдың бетін суретке түсірді. Ғарыш аппараттары Күн жүйесінің бірнеше планетасына жіберіліп, ғылыми деректер алынды.
Жердің жасанды серіктері халық шаруашылығына да үлкен қызмет атқарады.
Дәптермен жұмыс
Оқушылар өз ойларын 1–2 сөйлеммен жазады. Соңында әр топтан бір оқушы жазғанын дауыстап оқиды.
Ой толғау
Тақырып: «Таза болсын табиғат, аман болсын адамзат»
Оқушылар өз ойларын сынып алдында бөліседі.
Қорытындылау
Жұмбақ
Көктемде көгереді,
Жазда ырысқа бөленеді.
Күзде пісіп марқаяды,
Қыста бірден қартаяды.
Жауабы: Жер
Топтық тапсырма: сауалнама және жоба
Топтарға сауалнама беріліп, сурет дәптерге шағын жоба жасалады.
1-топ
Егер сен табиғатты қорғау саласының маманы болсаң, қандай іс-әрекет жасар едің?
2-топ
Бірнеше жылдан кейін қаламыздың табиғатын қалай елестетесің? Нені өзгерткің келеді?
Бағалау
Оқушылардың жеке, жұптық және топтық жұмыстағы белсенділігі, пікір білдіруі, мәтінді талдауы ескеріледі.
Үй тапсырмасы
«Ғарыш денелері. Жер» тақырыбы бойынша Жердің суретін салу.
Қосымша материалдар
- Жерден Күнге дейінгі қашықтық: шамамен 150 000 000 км
- Жарық жылдамдығы: секундына 300 000 км
- Ұғымдар: Жер шары, Күн жүйесі, Галактика, галактикалар тобы, Әлем (ғарыш)
- Көрнекі материалдар: Күн жүйесі суреттері, слайдтар