Балалардың тыңдау зейінің қалыптастырып сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру
Астана қаласы
№10 «Бөбек» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі: Аяпбергенова Ботакөз Сағындықовна
Балабақшада қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары
Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде. Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, ғылымда да, білім беруде де кең қолданысқа енуі үшін бар мүмкіндікті пайдалану қажет. Осыған байланысты білім беру жүйесінің барлық сатылары алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі — білім сапасын арттыру, әдістемені жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барысында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім деңгейі нақты бағдарламамен айқындалады. Қазақ тілі «Біз мектепке барамыз», «Зерек бала» бағдарламалары аясында оқытылады.
Неге ойын мен көрнекілік маңызды?
Заман талабына сай әр мұғалім сабағын жаңаша ұйымдастырып, шығармашылық ізденіспен өткізуі керек. Өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретуде тек сөзді қайталау жеткіліксіз: ойын мен көрнекілік арқылы үйрету әлдеқайда нәтижелі.
- Ойын балалардың тіл үйренуге қызығушылығын арттырып, сенімін күшейтеді.
- Ойын элементтері балалардың белсенділігін көтеріп, пәнге деген ынтасын оятады.
- Алғашқы кезеңде тілдік материалды жеңіл меңгеруге көмектеседі, шаршауды сейілтеді.
- Бірлесіп жұмыс істеуге баулиды, ізденімпаздық пен дағды қалыптастырады.
Ойындарды қолданудың негізгі мақсаттары
- 1 Мұғалімнен кейін қайталау арқылы сөздердің фонетикалық қырын меңгерту.
- 2 Тыңдау зейінін қалыптастырып, сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру.
- 3 Сөздік қорын молайтып, сөздерді орынды қолдануға үйрету.
- 4 Ойлауын дамыту, дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға ынталандыру.
Ойынды сабақта қолдану: әдістемелік талаптар
Әрбір мұғалім ойындарды жаттығудың бір түрі ретінде қолданып, сабақты қызықты өткізуге, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыруға және білім деңгейін тексеруге пайдалана алады. Таңдап алынған ойындар балалардың жас ерекшелігіне, сөздік қорына және тілдік деңгейіне сай болуы тиіс. Кез келген ойынды өткізу үшін мұғалім алдын ала жоспар құрып алғаны жөн.
Ұйымдастыру шарттары
- Ойын мазмұны сабақ тақырыбына сай болуы.
- Уақытты нақты белгілеу.
- Ойналу түрін анықтау (жеке, жұппен, топпен).
- Қажетті материалдарды толық дайындау.
Тілдік мазмұн және жоспар
- Қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін іріктеу.
- Өлең, тақпақ сияқты қосымша материалды дұрыс таңдау.
- Ойынның өту барысының жоспарын құру.
- Нәтижені бекітуге арналған қысқа қорытынды жасау.
Қызығушылық — үйренудің қозғаушы күші
Ең алдымен баланың оқуға қызығушылығын ояту қажет. Қызығушылық арқылы баланың қабілеті ашылып, дарыны ұшталады, өз күшіне сенімі артады, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Осы тұста ойын түрлерін тиімді қолданудың орны ерекше.
Балабақшадағы балалардың назары көбіне ойынға ауады. Қызықты ойыннан кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыласпен әрі сапалы орындайды. Ойындар барлық топтарда (ортаңғы, ересек) қолданылады, сондай-ақ топ ішіндегі ойындар мен іс-әрекеттер арқылы да оқытуға болады.
Ойындарды қашан қолданған дұрыс?
Топ ішінде ойындарды ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында жаңа сөздерді қайталау, өткен тақырыптарды еске түсіру, тыңдау мен сөйлеу дағдыларын бекіту үшін қолданған тиімді.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде қолданылатын ойындар
«Сиқырлы қоржын»
Тақырыптар: жемістер, көкөністер, ыдыс-аяқ, ойыншықтар және т.б.
«Үйде кім жоқ?»
Тақырып: отбасы мүшелері.
«Аудармашы»
Барлық тақырыпқа келеді: мұғалім қазақша айтса, бала орысша аударады; немесе керісінше.
«Снежный ком»
Сөздерді біртіндеп көбейтіп жаттату (1 сөзден 4 сөзге дейін). Лексиканы бекітуге қолайлы.
«Не жоқ?»
Тақырыптар: үй жануарлары, жабайы жануарлар, киімдер және т.б.
«Кімнің дауысы?»
Тақырыптар: үй жануарлары, жабайы аңдар, үй құстары. Үнтаспадан тыңдатуға немесе рөлдік тәсілмен ойнатуға болады.
«Үстелде не жоқ?»
Тақырыптар: оқу құралдары, азық-түлік, киімдер және т.б.
Бұл ойындар балалардың танымын кеңейтеді, білім мен білікті жан-жақты дамытады, тілдік материалды жақсы меңгертуге және сөздік іскерліктерді қалыптастыруға көмектеседі. Олар сабақтағы жұмысты түрлендіріп, қызығушылықты оятып, зейін мен ойлау қабілетін дамытады.
Ойынның мақсаты мен міндеті
Ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның мақсаты — бағдарламада белгіленген білім, білік, дағдылар туралы түсінік беру, оларды қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау немесе тексеру. Ойынның міндеті — баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыратын нақты мазмұн арқылы айқындалады.
Ойын — баланың мінез-құлқын өзіндік басқаруға, топпен жұмыс істеуге, бір-біріне көмектесуге, тез ойлауға және алға ұмтылуға үйрететін әрекет. Сондықтан ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті кезінде ойын түрлерін жүйелі түрде пайдалану қажет.
Қорытынды және күтілетін нәтиже
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті кезінде ойын түрлерін пайдалану, біріншіден, балалардың білімін берік меңгертудің тиімді құралы болса, екіншіден, сабаққа деген қызығушылығын арттырады.
1) Шығармашылығы артады
2) Жылдам жұмыс істеуге дағдыланады
3) Жеке қабілеті айқындалады
4) Топта белсенді болуға ұмтылады
5) Ойлау қабілеті дамиды
6) Әр бала өз деңгейімен бағаланады
Тілді дамытуға арналған қосымша құралдар
Балалардың тілін дамыту үшін әр сабақта өлең-тақпақ, жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш және сергіту сәттерін жиі қолданамыз. Жоспар бойынша мерекелік іс-шараларға өлеңдер мен әндер жаттап, түрлі ойындарды үйренеді.
Ертегілер әлемі: тәрбие мен тілдің тоғысы
Бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін маңызды бағыттардың бірі — ертегілер әлемі. Ертегілер балаларды білгірлікке, батылдыққа, ойшылдыққа, еңбекқорлыққа, өнерпаздыққа баулиды.
Ертегі немесе шағын көріністер бойынша қойылым көрсету үшін алдымен жүйелі түрде дайындық жұмыстарын ұйымдастырамыз. Одан кейін балалар өздеріне ұнаған кейіпкерлерін таңдайды. Әр балаға өз рөлінің сөздерін қайталатып, жатқа үйретеміз. Сахналау кезінде балалар таңдаған кейіпкерінің мінез-құлқын, іс-әрекетін көрсетуге тырысады.
Ертегі арқылы баланы адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге болады. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны қолданудағы мақсатымыз — болашақ ұрпақты еңбекке, адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу және ойлау қабілетін дамыту.
Мұғалімнің жауапкершілігі
Біздің міндетіміз — мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілін өрге бастырып, тіл мәртебесін көтеру. Бұл жолда мектепке дейінгі кезеңде тілді ойын арқылы, көрнекілікпен, жүйелі әрі мақсатты түрде меңгертудің маңызы ерекше.