Тотығу дәрежесі

Сабақтың тақырыбы

Тотығу дәрежесі. Тотығу–тотықсыздану реакциясы.

Сабақтың мақсаты

A) Білімдік

Тотығу–тотықсыздану реакцияларын жазуды меңгерту. Тотығу дәрежелерін анықтап, тотықтырғыш пен тотықсыздандырғышты, тотығу және тотықсыздану процестерін ажырата білуге үйрету.

B) Дамытушылық

Оқушылардың ойлау қабілетін, білімін мен біліктілігін, танымдық белсенділігін дамыту.

C) Тәрбиелік

Сабақ барысында ұқыптылыққа, жинақтылыққа, жауапкершілікке баулу және ойды қорытындылай білуге тәрбиелеу.

Сабақ түрі және көрнекілігі

Сабақ түрі

Жаңа білімді меңгерту сабағы.

Көрнекіліктер

  • Менделеевтің периодтық жүйесі
  • Схемалар
  • Кеспе қағаздар

Сабақ жоспары

  1. Ұйымдастыру бөлімі
  2. Еске түсіру жаттығулары (миға шабуыл)
  3. Жаңа сабақ
  4. Бекіту
  5. Үйге тапсырма
  6. Бағалау

Сабақтың барысы

Кіріспе

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — тотығу дәрежесі және тотығу–тотықсыздану реакциялары. Тақырыпқа кіріспес бұрын ойымызды жинақтап алайық.

Табиғат көрінісі бейнеленген суретте ортада биік тау көрінеді. Бүгінгі мақсатымыз — сол шыңға жету. Оған жету үшін бірлесіп, белсенді жұмыс істейміз.

Еске түсіру жаттығулары (миға шабуыл)

Сынып 3 топқа бөлінеді. Әр топқа 5 сұрақ беріледі. Жауаптар қысқа әрі нақты болуы тиіс.

I-топ сұрақтары

  1. Электртерістілік дегеніміз не?
  2. Электртерістілігі ең жоғары элементті атаңыз.
  3. Электртерістілігі ең төмен элементті атаңыз.
  4. Химиялық байланыс дегеніміз не?
  5. Химиялық байланыс түрлерін атаңыз.

II-топ сұрақтары

  1. Периодтық жүйеде период ішінде элементтердің қасиеттері солдан оңға қарай қалай өзгереді?
  2. Элементтердің металдық және бейметалдық қасиет көрсетуі неге байланысты?
  3. Периодтарда элементтердің электртерістілігі қалай өзгереді?
  4. Ковалентті полюссіз байланыс дегеніміз не?
  5. Ковалентті полюсті байланыс дегеніміз не?

III-топ сұрақтары

  1. Иондық байланыс деп қандай байланысты айтамыз?
  2. Иондар дегеніміз не?
  3. Al элементінің сыртқы қабатындағы электрон саны нешеу?
  4. KCl қосылысында химиялық байланыстың түрін анықтап, неге олай екенін дәлелдеңіз.
  5. Қосылыстарда ортақ электрон жұбының екі атомға ортақ болуы және бір атомға қарай ығыса орналасуын қалай түсіндіреміз?

Жаңа сабақ: мәтінмен жұмыс (K–W–L)

Мұғалім әр топқа бірдей мәтін таратады. Оқушылар мәтінді оқып, төмендегі кесте бойынша жұмыс жасайды. Жұмыс уақыты — 5 минут.

Білемін

Мәтіннен осыған дейін білетін мәліметтерді теріп жазады (I-топ).

Білгім келеді

Қандай сұрақтар туғанын, нені білгісі келетінін жазады (II-топ).

Мен үшін жаңалық

Мәтіндегі жаңа ақпаратты, жаңалық ретінде қабылдағанын жазады (III-топ).

Кейін әр топ өз жазғандарын оқып, сынып болып талқылайды: не білдік, нені білгіміз келеді, қандай жаңалық байқадық.

Тақтамен жұмыс: реакция арқылы түсіндіру

Алынған түсініктерді химиялық реакциялар арқылы бекітеміз. Мысал ретінде натрий оксидінің түзілу реакциясын жазып, теңестіреміз.

Реакция теңдеуі (тотығу дәрежелерімен)

4Na⁰ + O₂⁰ → 2Na₂O
(Na: 0 → +1, O: 0 → −2)

Тотығу процесі (электрон жоғалту)

4Na⁰ → 4Na⁺ + 4e⁻

Натрий электрон беріп, тотығады.

Тотықсыздану процесі (электрон қосып алу)

O₂⁰ + 4e⁻ → 2O²⁻

Оттек электрон қабылдап, тотықсызданады.

Негізгі қорытынды: тотығу — электрон беру, ал тотықсыздану — электрон қосып алу. Тотығу мен тотықсыздану процестері әрқашан бір мезгілде жүреді.