Қасым ханның қасқа жолы

Мазмұны

  • Кіріспе: Ата заңы — баба заңы
  • Негізгі бөлім: Ұлы дала заңдары
  • Көшпелілер қоғамындағы әдет-ғұрып құқығы
    Қасым ханның қасқа жолы
    Есім ханның ескі жолы
    Тәуке ханның Жеті жарғысы және Қазақтың тұңғыш Конституциясы
    Абай Құнанбаевтың «Ережесі»
  • Қорытынды

Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз.

— Н. Ә. Назарбаев

Кіріспе: Ата заңы — баба заңы

Заңды білу — заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет құру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын терең білуі, соған сай құқықтық сана-сезімін қалыптастыруы қажет.

Азамат үшін негізгі ұстаным

  • Заң талаптарын бұзбау.
  • Өзіне жүктелген міндеттерді адал орындау.

Өйткені заң — өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы оның адалдығы мен әділдігінде.

Заңның басты мақсаттарының бірі — қоғамдағы әртүрлі мінез-құлық пен көзқарастарды ортақ тәртіпке бағындырып, адамды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Ата заң мемлекеттік құрылымды және жария билік институттарын белгілейтін ереже ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің қандай құндылықтарды сақтауы керектігін айқындайтын негізгі құжат.

Конституция қағидаларын толық іске асыру қоғам мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, адам құқығының сақталуына, бірлік пен тұрақтылықтың нығаюына жол ашады. Тарих өткенді таразылап, келер уақытқа өнеге қалдырады: Қазақстанда конституциялық құндылықтардың қалыптасуы өзіндік тарихи жолдан өтті.

Тарихи сабақтастық

Қазақ хандығы құрылған кезеңнен бастап халқымыз жан-жағынан қаумалаған қауіп-қатерге төтеп бере отырып, дербес, қуатты әрі тұрақты мемлекет болуды көздеді. Алтайдан Арқаға асып, Жайыққа дейін созылған ұлан-ғайыр жер — сол күрестің нәтижесі.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағиданы ұстанған бабаларымыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген дала даналығын өмір салтына айналдырды. Осы рухтағы құқықтық жүйенің іргетасын Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы секілді дала заңдары бекітті.

Қазақтың дәстүрлі құқығы — аса құнды рухани мұра. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетіліп, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Ол дәстүрлі әдет-ғұрыпқа сүйеніп, материалдық нормалармен қатар сот ісін жүргізудің қағидаларын да қамтыды. Есте сақтауға жеңіл, ықшам әрі дәл сөз тіркестеріне құрылған құқықтық тіл — дала өркениетінің айрықша белгісі.

Бүгінгі Қазақстан Республикасының Конституциясымен үндесетін тұстар да аз емес: ел басқару, заң шығару, дауды әділ шешу дәстүрі бағзы заманнан келе жатқан қоғамдық тәжірибеге сүйенді. Көшпелі қоғамның құқықтық өмірі көне дәуірлерден бастау алады, ал оның терең мәні адамгершілік бағдарында, рухани келбетінде және шешендік өнерінде жатыр.

Сот билігінің орны

Қазақ қоғамында сот билігі кең тараған мемлекеттік билік формасы болды. Кей тұста ол хан билігінен де жоғары бағаланды, өйткені әділ төрелік — ел тұтастығының кепілі саналды. Халық парасат иелерін «дала даналары» деп ардақтап, олардың білімін, ой өрісін және шешендігін жоғары қойды.

Әдет-ғұрып құқығы — құқықтық жүйенің тарихи тұрғыдан ең алғашқы түрлерінің бірі. Ол қоғамдағы қатынастарды реттеудің ішкі мазмұнын, сыртқы формасын, әрекет пен мінез-құлықты бағамдау өлшемдерін айқындап, адамзат мәдениетінің ерекше туындысы ретінде қалыптасты.

Қазір әдет-ғұрып заңдарын іздестіру, жинақтау, жүйелеу және зерттеу бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Белгілі ғалым-заңгерлер С. З. Зиманов, Ғ. С. Сапарғалиев, Н. Өсерұлы, М. С. Нәрікбаев, З. Ж. Кенжалиев және өзге зерттеушілер ата заң бастаулары мен қайнар көздерін терең қарастыруда.

Халқымыздың құқықтық болмысын және мәдениетін толық игермей, оны өз мемлекетіміз бен құқықтық жүйеміздің алтын арқауына айналдырмайынша, құқықтық мемлекет құру мүмкін емес.

Ұлы дала заңдары

Көшпелілер қоғамындағы әдет-ғұрып құқығы

Қазақтың көне құқығы — ұлан-ғайыр еркін дала кеңістігінде қалыптасқан түркі тілді көшпелі өркениеттің мәдени жемісі әрі мұрасы. Қазақтардың құқықтық жүйесінің өзегін әдет-ғұрып құқығы құрады. Бұл жүйе «адат» деп аталды.

«Адат» — заңдастырылған әдет-ғұрып нормалары. «Адат» сөзі араб тілінен енген, «әдет-ғұрып» деген мағынаны білдіреді.

Бұл нормалар қазақ қоғамының барлық саласын реттеп, көптеген өзгеріс пен толықтыруларға ұшырай отырып, 1917 жылға дейін негізгі реттеуші құрал қызметін атқарды. Соған қарамастан, «адаттың» басты институттары ғасырлар бойы түбегейлі өзгеріске түсе қойған жоқ.

Әдет-ғұрып құқығының ерекшеліктері

  1. 1

    Рулық-патриархалдық дәстүрдің ұзақ сақталуы

    Ру қазақ қоғамының тірегі болды, ал рудың негізі — патриархалдық отбасы. Отбасы басшысы (отағасы) шешуші тұлға саналды. Бұл — көшпелі экономикалық қатынастардың табиғи көрінісі.

  2. 2

    Өтпелі құқықтық институттардың сақталуы

    Барымта, «қанға — қан, жанға — жан», әмеңгерлік, өз бетімен сот ұйымдастыру сияқты институттар құқықтық жүйеде елеулі орын алды.

  3. 3

    Қылмыстық және азаматтық істерді ажыратудың әлсіздігі

    Әдет-ғұрып құқығында бұл екі саланың арасына бүгінгідей қатаң шекара қойыла бермеді.

  4. 4

    Жерге жеке меншіктің болмауы және әлеуметтік теңдік ұстанымы

    Қоғам мүшелері құқықтық тұрғыдан тең деп танылғанымен, қазақ ақсүйектерінің (сұлтандар, билер, қожалар) артықшылықтары ресми түрде бекітілді. Ел билеу ісі негізінен сұлтандардың үлесі ретінде рәсімделіп, қоғамдық пікір тарапынан да мойындалды.

  5. 5

    Жазаның салыстырмалы гуманистік сипаты

    Жаза түрлері қоғамның тұтастығын сақтауға, дауды тоқтатуға және тараптарды бітімге келтіруге бағытталды.

  6. 6

    Демократиялық мазмұн және қағидалардың өміршеңдігі

    Маңыздысы — қағидалардың мәні мен мазмұнының сақталып, нақты өмірде іске асуы. Мысалы: қылмыс пен жаза саласында — қанды кек немесе құн төлеу; неке саласында — жеті атаға дейін қыз алыспау; сот ісінде — әділдік, жариялылық, шешендік.

Әдет-ғұрып құқығы — тек құқықтық әдеттердің жиынтығы емес. Ол — қағида, көзқарас, ой-түсінік жүйесі; қоғамның моральдық өлшемі мен әділет туралы ұғымын орнықтырған тұтас дүниетаным.