Түйенің сүті - шұбат
Сабақ туралы
Білім беру бағыты
Экология негіздері
Тақырып
Үй жануарлары мен үй құстары (презентация арқылы)
Негізгі ой
Үй жануарлары мен құстарының пайдасын түсіну, оларға қамқорлық жасауды үйрену.
Мақсаттар
- Үй жануарлары мен үй құстары туралы білімді кеңейтіп, олардың адамға тигізетін пайдасы жайлы түсінік қалыптастыру.
- Қамқорлық сезімін оятып, жануарлар мен құстарға қолайлы жағдай жасауға үйрету.
- Еңбекқорлыққа баулу.
Ұйымдастыру кезеңі
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан әр күнге.
Қызығушылықты ояту: «Сиқырлы сандық»
Оқиға желісі
Бүгін мектепке келе жатып, мен бір сандық тауып алдым. Бұл жай сандық емес — сиқырлы сандық екен. Оның ішінде жануарлар мен құстар «сиқырланып» қамалып қалыпты. Оларды құтқару үшін жұмбақтардың жауабын табуымыз керек. Әр дұрыс жауаптан кейін жануардың немесе құстың суреті тақтаға ілінеді.
Жұмбақтар (үй жануарлары)
-
Кезікті бір жануар, үстінде екі тауы бар.
Жауабы: түйе
-
Құлды екен әр шаруа, қазығына құт байлап. Қанша құйып алсаң да, сарқылмайды сүт-қаймақ.
Жауабы: сиыр
-
Көкке шаншып құйрығын, келеді шауып жүйрігім.
Жауабы: жылқы
-
Кішкене ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар.
Жауабы: қой
-
Желп-желп етіп сақалы, қолыңнан дәм татады.
Жауабы: ешкі
Қысқа талқылау
Бір сөзбен қалай атаймыз?
Үй жануарлары
Қайда мекендейді?
Үйде, қорада
Кім қарайды?
Адамдар
Немен қоректенеді?
Жем, шөп, су
Қимыл-ойын: «Айнытпай сал»
Мысық
Олай-былай жүгіріп, ала мысық ойнайды. Аша алмаса есікті, дыбыстайды ол қалай?
Күшік
Күзетші күшік — саққұлақ, үй күзетіп шапқылап. Дыбыс шықса қаттырақ, қалай-қалай үреді?
Үй құстарын құтқару: тақпақтар
Сиқырлы сандықтан тағы дауыстар естіледі. Үй құстарын да ұмытпайық — оларды құтқару үшін тақпақтар айтайық.
Тауық
Шұбар тауық мүлде жолатпайды барса,
Ұясында жүрген балапаны қанша.
Балапанын тауық қызғанады жаман,
Қанатымен жауып, санатпайды маған.
Әтеш
Жақын түгіл маңайды,
Оятудан талмайды.
Төбелеске келгенде,
Алдына жан салмайды.
Тауық (пайдасы)
Шығып ауыл шетіне,
Жайылады бетімен.
Қызықтырар ол бізді
Жұмыртқамен, етімен.
Үйрек
Қауіп-қатер жоқ алда,
Малту керек оған да.
Жұмыртқадан шыға сап,
Жүгіреді тоғанға.
Демейді жаз, күз еді,
Балдыр, жалбыз үзеді.
Сол жүзгеннен сол үйрек,
Мұз қатқанша жүзеді.
Бүгін біз сиқырлы сандықтан үй жануарлары мен үй құстарын құтқардық. Олар бізге көмектескеніміз үшін алғыс айтады.
Сергіту сәті
«Шип-шип, шөжелерім» (музыкамен)
Үй жануарлары және олардың пайдасы
Үй жануарлары
Үй жануарларына: сиыр, түйе, жылқы, қой, ешкі жатады.
Сиыр
Сиыр — зеңгі баба тұқымы. Адамға үйір, момын жануар. Көптеген күнделікті тағамымыз сиыр өнімдерімен байланысты.
Сүтінен жасалатын өнімдер
Айран, құрт, ірімшік, май, қаймақ және тағы басқа.
Түйе
Түйе — төрт түліктің төресі. Пайдасы мол: сүті — шұбат. Шұбат әрі сусын, әрі тағам, емдік қасиеті де жоғары.
Еті — қоректік, майы мол, жүні — сапалы.
Жылқы
Жылқы — кең тараған, төзімді жануар. Қыста да далада жайыла береді. Сүтінен қымыз дайындалады, етінен қазы-қарта, жал-жая пісіріледі.
Қой
Қой — төрт түліктің ішіндегі ең момыны. Дәстүрлі тұрмыста қойдың құйрық майын суық тигенде сылап, ем ретінде қолданған.
Үй құстарының да пайдасы мол
- Жұмыртқасын азық-түлік ретінде пайдаланамыз.
- Мамығынан көрпе, жастық жасаймыз.
- Етін тағамға қолданамыз.
Тәжірибелік бөлім: тапсырма және ойын
Дәптермен жұмыс
Дәптердегі суреттердің ішінен үй жануарлары мен үй құстарын тауып, оларды бояу.
Дидактикалық ойын: «Төлдерін тап»
Әр жануардың төлін дұрыс сәйкестендіріп табу арқылы балалардың есте сақтау қабілеті мен тілдік қорын дамыту.
Тыйым сөздер: жануар мен құсқа құрмет
Үй жануарлары мен үй құстарына қатысты халқымыздың тыйым сөздері бар. Олар — қамқорлық пен жауапкершілікті үйрететін тәрбиелік қағидалар.
Есте сақтайтын тыйымдар
- Малды ұруға болмайды.
- Ақты төкпе.
- Малға теріс мінбе.
- Құстардың ұясын бұзба, оларды үркітпе.
Нақыл түріндегі ескерту
«Кендірмен байлама, жыңғылмен айдама. Кендірмен байласаң, жыңғылмен айдасаң, мал бітер деп ойлама».
Мағынасы: малға дұрыс қарамасаң, оны күтіп-баптаудың берекесі болмайды.
Қорытынды және марапат
Қайталау сұрақтары
- Бүгінгі сабақта не туралы айттық?
- Үй жануарларын атап көрейік.
- Қандай үй құстарын білесіңдер?
- Үй жануарлары мен үй құстарының қандай пайдасы бар?
Сыйлық сәті
Сабаққа белсенді қатысқан балаларға сыйлығымыз бар. Мына тауыққа қараңдаршы: бұл қарапайым тауық емес, «сиқырлы жұмыртқалар» туады. Ол сендерге сыйлық ретінде өз жұмыртқаларын алып келіпті.
Бүгінгі негізгі ой: үй жануарлары мен үй құстарына үнемі қамқор болу. Олар біздің мейірімімізді, күтімімізді күтеді.
Сабақ аяқталды.