Шардың ішінен жақсы тілектер алып шығып, қалған ойыншыларға дауыстап оқып беру
Ата-аналармен жұмыс: тренингтер мен ойындар жиынтығы
Тақырыбы
Балабақша мен отбасы
Мақсаты
- Ата-аналардың өзара қарым-қатынасын жақсарту.
- Балабақша өмірімен таныстыру, тәрбиешімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға көмектесу.
- Психологиялық кеңес беру және ағарту жұмыстарын жүргізу.
Көрнекілігі
Музыка жазылған үнтаспа, қағаз-қалам, ағаш макеті, алмалар, шарлар, себет.
Өткізу барысы
1) «Шаттық шеңбері»
Ата-аналарды қол ұстастырып, шаттық шеңберіне тұрғызамыз.
«Мен сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Қане, бәріміз бір-біріміздің қолымыздан ұстап, шеңбер құрайық».
«Осы дөңгелек шеңберді неге шаттық, жылулық шеңбері деп атаймыз? Қалай ойлайсыздар?»
Шеңбердің қасиеті — біріктіру. Ол көктегі жылу беретін күн секілді дөңгелек: біз шеңберге тұрып, бір-бірімізді жақсы көруге, жақсылық пен жылулық сыйлауға үйренеміз. Сондықтан бұл — жылулық пен шаттық шеңбері.
«Ендеше, бәріміз бір-бірімізге жақсылық тілеп, қуанышымызды бөлісіп, күлімсіреуімізді сыйлайық».
2) Танысу
Әр ата-ана өзін таныстырады: өз атына 2–3 сын есімді қосып айтады.
Мысалы: «Айдай сұлу — Айсұлу».
3) Тренинг «Ағаш: тамыр, дің, жапырақ»
«Табиғатсыз адамның күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, адам табиғатпен тығыз байланысты. Табиғаттағы ең маңызды нышандардың бірі — ағаш. Енді өзіңізді ағаштың қай бөлігімен байланыстырар едіңіз: тамыр, дің әлде жапырақ?
Топтарға бөліну
Қатысушылар таңдауы бойынша үш топқа бөлінеді: тамырлар, діңдер, жапырақтар. Әр топ бөлек отырады.
Талқылау
«Неліктен дәл осы бөлікті таңдадыңыз?» — топ ішінде талқылап, ортақ шешімге келіңіздер. Әр топтан бір адам шығып, таңдауды қорғайды.
Қошемет
Әр топтың сөзі тыңдалып болған соң, қатысушылар қошемет көрсетіп, қол шапалақтайды.
Психологиялық түсіндіру
- Тамырды таңдағандар — істің нәтижесіне мән беретін адамдар.
- Діңді таңдағандар — берік, мықты, өзгеге тірек бола алатын адамдар.
- Жапырақты таңдағандар — сұлулықты, әсемдікті, ұқыптылықты жоғары қоятындар.
Үлкен қағазға ортақ ағаш салынады: тамыр тобы — тамырын, дің тобы — діңін, жапырақ тобы — жапырағын бейнелейді. (Музыкалық сүйемелдеу, қағаз-қалам.)
Тәрбиешіге арналған талап-тілектер жазылады:
- Тамыр тобы — тамырға;
- Дің тобы — діңге;
- Жапырақ тобы — жапыраққа.
Бұл ағаштың тамыры — ата-ана, діңі — тәрбиеші, жапырағы — балаларымыз. Тамыры нәр алып, діңі мықты болып, бұтағы жапырағын жайса — ағашымыз жеміс береді.
Себеттен алмаларды алып, әрқайсыңыз өз балаңызға арнап тілек жазыңыз. Сосын алманы ағашқа іліп, «жемісін» көбейтейік. (Музыкалық сүйемелдеу, тілек жазу.)
4) Ойын «Қай жұп күшті?»
- 1 Әр қатысушы өзіне серік таңдайды.
- 2 Көңілді музыка қосылады: жұптар билей жүріп, шарды жарады.
- 3 Шардың ішінен шыққан жақсы тілекті дауыстап оқып береді.
- 4 Әр жұп белгіленген уақыт ішінде белгіленген жерге дейін бір-бірін құшақтап, шарды бірге жарып шығуы керек.
5) Ойын «Кім екенін тап»
- 1 Әр адам аты-жөнін көрсетпей, өзіне психологиялық мінездеме жазады.
- 2 Мінездемеде өзіңіздің ұнамсыз деп санайтын қасиеттеріңіз де жазылуы керек.
- 3 Жетекші парақтарды жинап, араластырады да, біреуін дауыстап оқиды.
- 4 Топ мүшелері мінездеменің иесін табуға тырысады.
6) «Тілек гүлі» (қорытынды)
Мақсаты
Тренинг туралы пікірлерді ортаға салып, әсермен бөлісу.
Қорытынды сөз
Қоштасатын сәт те келді. Бүгін біз отбасындағы ата-ана мен балабақша арасындағы қарым-қатынастың әр қырын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық.
Отбасы — ұшқан ұя, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілсек, «от» ұғымының да маңызы зор екенін байқаймыз. Сондықтан ошағымыздың түтіні түзу болып, үйімізге береке орнығуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге жақсы сөз айтып орындайық.
Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін үлкен рақмет. Отбасыларыңызға бақыт нұры шашыла берсін!