Балалардың даярлықта алған білімдерін тексеру, қорытындылау
Даярлықпен қоштасу ертеңгілігіне арналған сценарий
«Біз — өмірдің гүліміз!» атты мерекелік ертеңгілік — балалардың даярлық тобында алған білімдерін саралап, қорытындылайтын ерекше күн. Бұл — ата-ана, ұстаз және бүлдіршіндер үшін қуанышқа толы ортақ мереке.
Мақсаты
Балалардың даярлықта алған білімдерін тексеру және қорытындылау.
Міндеттері
- Білімді пысықтау, өз ойын толық әрі анық жеткізуге дағдыландыру.
- Сөздік қорын, тіл байлығын дамыту.
- Үлкенді құрметтеуге, ұйымшылдық пен ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Шарлар, гүлдер, мерекелік жазулар.
І. Ұйымдастыру кезеңі
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, қадірлі қонақтар, ардақты ұстаздар! Бүгін біз мәпелеп өсіріп, тәрбиелеген бүлдіршіндерімізді даярлық тобымен қоштастырғалы отырмыз. Бұл — үлкен әрі мәнді мереке. Тойларыңыз құтты болсын!
2-жүргізуші:
Өтті қызық көп күндер,
Жеті жасқа жеттіңдер.
Барасыңдар сыныпқа —
Бір белестен өттіңдер.
1-жүргізуші:
Өсті ақыл-ойларың,
Өсті, міне, бойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың!
Балалардың тақпақтары
Тамирлан
Қуанамыз, сыйлаймыз
Қуаныштың мың гүлін.
Даярлықпен қимай біз
Қоштасатын күн бүгін.
Гульвира
Ботақандай бөбек деп
Еркелеткен ұл-қызын.
Анамызды ерекше
Қуантамыз біз бүгін.
Нұрел
Бұл қуаныш себебін
Бізге қарап ұғарсың.
«Ержетті» деп бөбегім,
Туған Отан қуансын,
Туған дала қуансын.
Сәуле
Жерде қар жатса да,
Асыр салып ақпанда,
Күнде ертемен мектепке
Келетінбіз ақ таңда.
Айдос
Добым, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап?
Үстел үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.
Гүлзада
Ана тілін ардақтап,
Ата салтын біз көрдік.
Сурет салып, ән жаттап,
Оқып, жазып үйрендік.
Мәди
Сүйген өз ұл-қызын
«Бөбегім» деп аянбай.
Мектебім — өз үйім,
Тәрбиешім болды анамдай.
Музыкалық нөмір
2-жүргізуші: Ән: «Ақ көгершін». Орындайтын — «Өркен» даярлық тобының оқушысы Байжанұлы Дінмұхамет.
Қонақтарды қарсы алу: «Сауат ашу» және «Әліппе»
1-жүргізуші: Балалар, бізге қонаққа «Сауат ашу» мен «Әліппе» келіп жатыр. Қане, қарсы алайық!
Әліппенің сөзі
Армысыңдар, жас достар,
Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға.
Білім деген ғажайыптың
Әліппесін меңгерер,
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
«Сауат ашу» сөзі
Біз сендер даярлықпен қоштасып жатыр екенсіңдер дегенді естіп, қонаққа келдік. Енді өнерлеріңді де, білімдеріңді де «Әліппеге» көрсетіңдер.
2-жүргізуші: Ал енді балалар, біліміміз бен өнерімізді «Әліппе» мен «Сауат ашуға» көрсетейік. Кішкентай әріптерді ортаға шақырайық!
Әріптер әлемі: шағын көрініс
Әлішер
Әріптерді таныңдар,
Бәрін жаттап алыңдар.
Онда қызық ойын бар,
Оған көңіл қойыңдар.
Бауыржан
Ойнаңдар да ойлаңдар,
Қызығына тоймаңдар.
Бәрін қарап шығыңдар,
Әріп сырын ұғыңдар.
Мөлдір
А дегенім — ардақты,
Ақ сүт берген анамыз.
Жаннел
Б дегенім — бал тілім,
Біз бақытты баламыз.
Ермек
Ә дегенім — әншінің
Әнге айналған әуені.
1-жүргізуші:
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып-тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!
(Бишілер ортаға шығады.)
Дерек
Білім беру ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Т. Ы. Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп.
Даярлық топ тәрбиешісі
Дулатова Жаннұр Дулатқызы.