Желтоқсан айы

Тәуелсіздік ұғымы және тәрбие мақсаты

Бұл ашық тәрбие сағатының мақсаты — тәуелсіздік ұғымын түсіндіру, туған жерін және елін сүйетін, ұлтжанды, адамгершілігі мол азамат тәрбиелеу.

Ұйымдастыру сәті

  • «Адай» күйі ойнап тұрады.
  • Балалар қолдарына жалауша ұстап шығады.
  • Үш рет айналып, орындарына тұрады.
  • Қонақтармен сәлемдеседі.

Шаттық шеңбері

Жарқырасын күніміз!

Тыныш болсын еліміз!

Аман болсын басыңыз!

Мықты болсын деніңіз!

Бүгінгі ашық тәрбие сағатының тақырыбы: «Менің Тәуелсіз Қазақстаным».

Желтоқсан және мемлекеттік мерекелер

Қай мезгіл?

Қыс мезгілі.

Қыстың қай айы?

Желтоқсан айы.

Желтоқсандағы мерекелер

  • 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні.
  • 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні.
  • 31 желтоқсан — Жаңа жыл мерекесі.

Біз өткен аптада Тұңғыш Президент күнін атап өттік. Қазақстан Республикасының Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Тәуелсіздік деген не?

Тәуелсіздік — өз алдына дербес мемлекет болу. Тәуелсіз елдің өз Елтаңбасы, Туы және Гимні болады. Бұларды мемлекеттік рәміздер деп атаймыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Егемен еліміздің Елтаңбасынан кең-байтақ Отанымыздың өткен тарихы, бай дәстүрі, салт-санасы мен жасампаз рухы көрінеді.

Шаңырақ — ел бірлігі мен бейбіт өмірдің белгісі. Қазақтың «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілегі осы мағынаны айқындайды.

Қанатты пырақ — еркіндік пен қуаттың нышаны. Жылқы қазақ үшін қадірлі, тарихта да ел өмірі мен ерлік күресте орны ерекше.

Жеті буынды мүйіз — елдіктің тұтастығын, ата дәстүрін қастерлеуді аңғартады.

Бес бұрышты жұлдыз — жол көрсететін, биік мақсатқа жетелейтін белгі ретінде бағаланады.

Елтаңба авторлары: Жандарбек Мәлібекұлы және Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Мемлекеттік Тудың авторы — алматылық Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков.

Көк түс — ортақ аспанның, бейбітшілік пен тұтастықтың белгісі. Жер беті мемлекеттерге бөлінгенімен, жоғарыдағы аспан ешқашан бөлінбейді.

Күн — баршаға ортақ жылу мен нұр. Оның сәулесі тіршілік атаулыға өмір сыйлайды.

Қыран — биіктік пен еркіндіктің нышаны. Тудағы қыран тәуелсіз Қазақстанның асқақ болуын, ғұмырының ұзақ болуын меңзейді.

Ою-өрнек — ұлттық болмыстың, қазақ елінің өзіндік сипатының көрінісі.

Туға тұтас зер салсақ, көк жүзінде нұрын шашқан Күн, астында қалықтаған Қыран — тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою-өрнек тудың қай елдікі екенін танытады.

Мемлекеттік Гимн: қашан орындалады және қалай тыңдалады?

  • Жиналыстар мен мәжілістерде орындалады.
  • Ескерткіштер орнатылғанда орындалады.
  • Шет елдердің мемлекет басшыларын қарсы алғанда немесе шығарып салғанда орындалады.
  • Гимн орындалғанда міндетті түрде түрегеп тұрып, оң қолды жүрек тұсына қойып тыңдайды.

Рәміздер туралы тақпақ

Көк аспандай көкпеңбек — Қазақстан жалауы.

Көк емес ол тектен-тек — елдің ашық қабағы.

Ақ ниетті — алтын күн, асқар арман — қыраны.

Жалауы бұл халқымның — мәртебесі, мақтаны.