Мектеп - тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта
Ұстаздық — ұлы жол
Мектеп — білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы. Ол — тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта. Әр жеткіншек — әлі ашылмаған құпия. Сол құпияны танып, баланың ешкімге ұқсамайтын қасиетін көре білу — ұстаздың басты міндеті.
Елбасы Н. Назарбаев білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде:
«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», — деген болатын.
Демек, тәуелсіз Қазақстанның ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесі мен ұстаздың келбеті арқылы айқындалады. Егемен еліміздің жарқын болашағы болатын жас буынға терең мазмұнды білім беру, сондай-ақ ұлтын сүйетін патриот азамат етіп тәрбиелеу — бүгінгі күннің ең басты міндеті. Бұл жолда ұстаз еңбегінің орны айрықша.
Оқыту сапасы және жаңаша көзқарас
Аудан мектептері оқыту мен тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдердің мазмұны мен мақсатына ерекше мән беріп, жаңаша көзқарастарды қалыптастыруға күш салуда. Жаңа талаптың өзегі — қарқынды дамып жатқан өркениет көшінен қалмай, терең білімді меңгеру.
Осыған орай, мектептердің оқыту жүйесінде әлемдік және ұлттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаны дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып, нақты нәтижелер көріне бастады.
«Дипломмен ауылға» және жас мамандардың келуі
Президент Н. Ә. Назарбаевтың ауылды көркейту, гүлдендіру және жас ұрпақтың болашағын жарқын ету мақсатында жас мамандарды ауылға тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасын қолға алғаны баршамызға белгілі.
Соның нәтижесінде ауданымызға 61 жас маман келіп, еңбек жолын бастады.
Ұстазға құрмет — ұлтқа құрмет
Әдептілік пен парасаттылықтың озық үлгісі — ұстаз. Біз ес білгелі оның жанарына қарап, жанының мөлдір бұлағынан сусындаймыз. Ең қадірлі жан деп ұстазымызды білеміз.
Елімізде мұғалім еңбегі жоғары бағаланады. Біздің ауданымызда да еңбегімен еленіп, елдің ықыласы мен қошеметіне бөленген ұлағатты ұстаздар аз емес.