Естіледі сөзі

Сабақтың тақырыбы

Жай сөйлем және құрмалас сөйлем (Қазақ тілі, 4-сынып).

Түрі

Түсіндіру, талдау

Әдісі

Сұрақ-жауап, әңгімелеу

Көрнекілік

Суреттер, жазылған сөздер, кестелер

Күтілетін нәтиже

Оқушылар сөйлем, жай сөйлем және құрмалас сөйлем туралы түсінігін кеңейтеді; оқу-жазу дағдылары нығаяды; оқуға қызығушылығы артады.

Мақсаты

  1. Жай сөйлем мен құрмалас сөйлем туралы ұғымды меңгерту; суреттер арқылы мәтін құрастырып, талдай білуге баулу; жай сөйлемнен құрмалас сөйлемді ажырата білуге үйрету; сөйлем туралы өткенді пысықтау.
  2. Баланың тілін бейнелі сөздермен байыту; сөйлеу мәдениетін дамыту; сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру.
  3. Ұқыптылыққа, әдептілікке баулу; адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Психологиялық дайындық (хормен айтуға болады):

Әрбір адам? Досым, сыныптасым.

Әрбір сабақ? Үйрену, оқу, іздену.

Әрбір ісің? Тірлік, тірек, адамдық.

Әрбір сөзің? Шындық, бірлік, адалдық.

Қазір қандай сабақ екенін еске түсірейік:

Қазақ тілім — өз тілім, анам тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім.

Бұл — ғұлама ақын-жазушылар сөйлеген, қастерлі туған тіліміз: қазақ тілі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тапсырма бойынша оқушылардың жазбалары тыңдалып, қателер талданады.

III. Жаңа сабақ

Кіріспе сұрақтар

  • Сөйлем деген не?
  • Сөйлем неден құралады?
  • Сөйлемнің қандай түрлерін білесіңдер?

1) Оқулықпен жұмыс

Тақырып бойынша мәтін оқылып, негізгі ойлар белгіленеді.

2) 1-жаттығу: салыстыру және талдау

  • Екі бағандағы сөйлемдерді оқып, салыстырыңдар.
  • Сөйлемдердің айырмашылығын анықтаңдар.
  • Сөйлемдерді көшіріп, бастауыш пен баяндауышты тауып, астын сызыңдар.

Мысал (жай сөйлем)

Тұз — қасиетті зат.

Мысал (құрмалас сөйлем)

Саятшылық — ел өміріндегі қастерлі салт, сондықтан оның ерекшеліктерін жастар білуі қажет.

3) Ереже

Жай сөйлем

Бір ғана тиянақты ойды білдіретін сөйлем жай сөйлем деп аталады.

Мысал: Асан мектепке келді.

Құрмалас сөйлем

Екі немесе одан да көп жай сөйлемнен құралған сөйлем құрмалас сөйлем деп аталады.

Мысал: Әсел сабақтан келді де, анасына көмектесті.

4) 2-жаттығу: жұмбақтағы екінші жай сөйлемді табу

Берілген жұмбақтарды оқып, әрқайсысындағы екінші жай сөйлемді тауып жазыңдар.

Дыбыс естісе қашады,
Қырқаны бір-ақ асады.

Жауабы: қоян

Гүрілдеп жүреді,
Жердің бетін сүреді.

Жауабы: бульдозер

Көрінбейді өзі,
Естіледі сөзі.

Жауабы: жаңғырық

Қыста шыны боп қатады,
Жылыда су боп жатады.

Жауабы: мұз

5) 3-жаттығу: мақал-мәтелмен жұмыс

Мақалдарды көшіріп жазыңдар да, әрқайсысында қанша сөйлем бар екенін анықтаңдар.

Мақал Сөйлем саны
Ердің атын еңбек шығарар. 1 (жай сөйлем)
Жақсы өз басынан көреді, жаман жолдасынан көреді. 2 (жай сөйлем)
Достықтың төлеуі — достық. 1 (жай сөйлем)

6) Шығармашылық тапсырмалар

  • Сурет бойынша 3 жай сөйлем құрастырыңдар.
  • Сол жай сөйлемдердің негізінде 2 құрмалас сөйлем құрастырыңдар.
  • Әр сөйлемнен бастауыш пен баяндауышты табыңдар.

Қорытынды сұрақтар

  • Жай сөйлем деген не?
  • Құрмалас сөйлем қалай жасалады?
  • Бастауыш қандай сұрақтарға жауап береді?
  • Баяндауыш қандай сұрақтарға жауап береді?

Бағалау

Жауаптың толықтығы, сөйлемді дұрыс құрастыруы, бастауыш пен баяндауышты дәл табуы және жазу сауаттылығы бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • Ережені жаттап келу.
  • 5-жаттығуды орындау.