Баянды болсын тұғырың тәуелсіздік, Халайық құтты болсын ұлы тойың

Мақсат пен міндет

Мақсаты

Айтыс өнері арқылы оқушыларды суырыпсалмалыққа баулу, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Жас ұрпаққа ана тіліміздің тұғыры берік болуының негізін қалаған бабалар сөзін оқыта отырып, өз ана тіліне, ұлтына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ояту.

Тәрбиелік

Егемендіктің қадірін түсінуге, тарихи шежірені білуге, салт-дәстүрдің мәнін ұғынуға баулу.

Дамытушылық

Өз ойын мазмұнды, жүйелі әрі әсерлі жеткізе білуге үйрету.

Көрнекілік

Қазақтың ұлттық аспабы — домбыра.

Тарихи негіз

I-жүргізуші

Тарихшылардың нақты деректеріне сүйенсек, Қазақстан Ресей империясының боданында болған 255 жыл ішінде ел аумағында 300-ге жуық саяси толқу мен көтеріліс орын алған. Солардың ішінде 1986 жылғы 16–18 желтоқсан күндері қазақ жастарының бейбіт наразылығы — аталған көтерілістердің соңғысы. Маңыздылығы жағынан бұл оқиға қазақ тарихының жарқын беттеріне алтын әріппен жазылып, ғасырлар бойы үзілмеген азаттық күресінің заңды жалғасы болғанын айқын көрсетті.

II-жүргізуші

Бұл — бәріміз куә болған, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, әрі мақтанышына айналған оқиға. Егемен ел атануға дейін халқымыз талай қиындықты бастан өткеріп, небір қатал сындардан өтті. 1986 жылғы Желтоқсан — қазақ халқының тағдыры мен тарихына өшпес із қалдырған кезең; ол Қазақстанды әлем жұртшылығына танытқан оқиғалардың бірі.

Осы оқиғаның алғашқы құрбандары — Ләззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев. Оларды еске алып, рухына тағзым ету — парызымыз.

1 минут үнсіздік

Кештің барысы

I-жүргізуші

Армысыздар, қадірменді халайық! Бүгінгі кеш өзге кештерден ерекше. Қазақ — сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Елдің кеңдігі де, елдігі де, кемеңгерлігі де сөзге сыйған. Бітпес даудың кесімі де, бәтуасыз шудың шешімі де — сөз. Сондықтан сөзден өткен күш, сөзден өткен құдірет жоқ.

Бүгін сіздерге бала ақындардың айтысын ұсынамыз. Айтыскер оқушыларымызды ортаға шақырамыз. «Тәуелсіздік тұғырым» тақырыбында 8-сыныптар арасындағы айтысты қабыл алыңыздар!

Айтыскерлер таныстырылымы

I-жүргізуші: Әр ақынның өзіндік шамасы бар, алып жүрер халқынан бағасы бар. Халайық, байқайсыз ба осы сіздер — Жандәулеттің ақын болуға талабы бар.

II-жүргізуші: Бағдар етіп, 30 жылды межелеп, ел алдында берген серт. Сыныбының жетістігін жырлайтын — Қарғабайқызы Ақбаян. Балғын айтыскер Ақбаянды қарсы алайық!

I-жүргізуші: Таниды әлем Қазақстан ел атын, 50 елдің қатарына енетін. Жаңабайұлы Нұртуғаның келетін.

II-жүргізуші: Еркелігі бойында, екі қасы қиыла. Үкілеп қосты апайы, үміт артып қызына. Озат болып қатардан шығып еді сыныпта — қарсы алыңыз, ағайын, Камалбек немересі Айжанды!

Қазылар алқасы

Енді оқушылар айтысына баға беретін қазылар алқасымен таныстырамыз. (Қазылар таныстырылады.)

Айтыскерлер тәуелсіздік туралы, сондай-ақ өз сыныптарының жетістігі мен кемшілігін арқау етіп, сөз сайысына түседі.

II-жүргізуші: Көк аспандай байрақтың желбірейтін күні — бұл, менің ана тілімнің бағы ашылған күні — бұл.

Айтыс (I жұп)

1-айтыскер

Армысың, жанашырым, туған халқым,
Бармысың, айтысқа бел буған халқым.
Көркейтіп айтысында, өлеңінде,
Өмірін қайтадан бір құрған халқым.

Тілектес, уа халайық, мен бір ұлың,
Арналар бүгін сізге ән мен жырым.
Баянды болсын тұғырың, Тәуелсіздік,
Халайық, құтты болсын ұлы тойың!

2-айтыскер

Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба,
Шындықты айтып, Шынболаттай жарқылда.
Жаңабайұлы Нұртуғаның мен болам,
Келіп тұрған ұлы өнерің — айтысқа.

Тәуелсіздік айналады жыр-әнім,
Қыран болып ұшатын мен ұланың.
Әділқазы, аманбысың, көрермен,
Ал, сөйлеші Абылайдай қыраның!

1-айтыскер

Ассалаумағалейкум бәріңізге,
Жиналған үлкен-кіші кәріңізге.
Көрерменмен амандасып алайын,
Мұндайда асып-сасып көргем жоқ.
Ұлымын Жантастың, Жандәулет атым.

2-айтыскер

Тәуелсіздік, тәуелсіздік — жыр-әнім,
Ел іргесі берік болсын ұраным.
Тәуелсіздік — өзіңді еркін сезіну,
Салт-дәстүрім — қолдан түспес құралым.

Тәуелсіздік — ар-ожданым, кісілік,
Адамға адам бауыр, жолдас, туыс бол.
Ел-жұртыңның құнын түсірме,
Бірлікті берік ұста — осы шындық.

1-айтыскер

Тәуелсіздік туралы айта кетсем,
Оңайлықпен келген жоқ — мұны білсең.
Ішінде болмасам да көп естідім:
Анамнан және де мұғалімнен.

Қайран елім тәуелсіздікті аңсап өткен,
Қорлыққа да шыдамаған, сарсаң еткен.
Мың тоғыз жүз сексен алты жылы,
Бұрқ еткен көтеріліс — сол себептен.

Өмірде дауыл тұрды аспанымда,
Тәуелсіздік үшін деп қалың жастар
Қара шаңды шұбыртты алаңында.

2-айтыскер

Тәуелсіздік — менің байтақ Отаным,
Бір өзіңсің Мұхтар, Абай, Шоқаның.
Тәуелсіздік — сәбилердің шаттығы,
Тәуелсіздік — атаның ақ батасы.

Тәуелсіздік — жыр-әнім,
Көк байрағым, елтаңба, әнұраным.
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік,
Қолда елімді қасиетті құраным!

1-айтыскер

Жандәулеттей жарқ етейін атыма сай,
Бұл төрде сөз сөйлеуге хақым бардай.
Нұртуған, ашылып бір сөйлесейші,
Түнеріп жауатын бұлтқа ұқсамай.

Ағайын, тәуелсіздік жай келген жоқ,
Желтоқсан ызғарынан мұз қатқан еді.
Құрбан боп бостандықтың жолында өткен,
Аташы Желтоқсанның боздақтарын.

2-айтыскер

Желтоқсанда ақиқатты іздедік,
Қорлығына бодандықтың төзбедік.
Басшы таппай, қазағымның бірінен,
Қане, айтшы, біз олардан кем бе едік?

Желтоқсанның мұзда жанды алауы,
Қолдарында ұсталған бір жалауы.
Ербол, Қайрат, Ләззат пен Сәбира —
Тәуелсіздік болған еді қалауы.

1-айтыскер

Желтоқсан — жас арудың жанарында,
Желтоқсан — қанды ғасыр табанында.
Желтоқсан жаңа ұғым бастатқанда,
Бүгінгі жас буынның санасында.

Отаным — Қазақстан, алтын бесік,
Мінеки, ұлы жолға түстік келіп.
Ағайын, бар тілерім бір Алладан:
Тұғыры мықты болсын Тәуелсіздік!

II-жүргізуші: Қыран құсым көк аспанда самғасын, желбіресін көк байрағың сан ғасыр. Жас ұландар биік ұстап туыңды, жарқыратып туған елдің таңбасын.

Айтыс (II жұп)

1-айтыскер

Армысыз, жиналған жұрт, барша қауым,
Иіліп сәлем беру — ата салтым.
8-сыныбынан келіп тұрмын,
Халқыма көрсетем деп дәстүр салтын.

Үкіледің-ай, үміт артып-ай,
Камалбек немересі Айжан боламын-ай.

Ақбаян, қарсыласым, амансың ба?
Сөздерің бүгін сенің маған сын ба?
Егер мен ұтып кетсем қазір сені,
Үйіңе бұлтаңдамай қайтасың ба?

Сыныптасым-ай, құрбы-досым-ай,
Сәттілік бүгін саған тіледім-ай.

2-айтыскер

Қызымын мен елімнің,
Гүлімін мен жерімнің.
Еркесі едім әкемнің,
Ән мен жыр — серігім.

Атым менің — Ақбаян,
Жетіден шыққан жақұт боп.
Жарқырап шықсам мен бүгін,
Бір Алла, өзің қолдап өт.

1-айтыскер

Дауылға Желтоқсанның желі айналды,
Ашуға мінді Алатау — кәрі, айбарлы.
«Күтпеген іс, ақыры не болар?» деп,
Күллі әлем Алматыға қарай қалды.

Желтоқсаным-ай, ызғарлысың-ай,
Алаңға талай жастар жиналғансың-ай.

Жастарым бодандыққа қарсы тұрдың,
Намыс пен ар-ожданды ту қылдың.
Аңсаған ата-бабам жолын қуып,
Тәуелсіз, егеменді ел болдық-ай.

Қайрат ағам-ай, Ләззат әпкем-ай,
Сәбира, Ерболдардан із қалды-ай.

2-айтыскер

Қарсыласым, құрдасым,
Кекіліңді күн қақсын.
Кешегі жаратылыстану апталығында
Нешінші орын алдың?

Қалып та қойдың бірінен,
Озып та кеттің біреуден.
Құттықтаймын бәріңді
Тәуелсіздік күнімен!

1-айтыскер

Қарсыласым, маған қояр кінәң қайсы?
Жетістік бар еді ғой бізде мұндай.
Екі жыл қайырымдылық акцияда
Мадақтау қағазын біз алғанбыз-ай.

Сұрақ қойдың-ай, жауап берем-ай,
Апталықта алғанбыз бірінші орын-ай.

2-айтыскер

Жібердік еркін ат басын,
Қиянат жанға батпасын.
Тоқырау таңын күйреттік,
Теңдіктің күні батпасын.

Желтоқсан айы, естесің,
Дауыл боп бұрқап ескенсің.
Азаттық күй қашаннан
Көкейін елдің тескенсің.

1-айтыскер

Қазағым — арлы халық, дана халық,
Жүрегі лүпілдеген бала халық.
Қонақжай, бауырмалдық қасиеті
Тұрады басқа ұлттан дараланып.

Дана халқым-ай, бала халқым-ай,
Тұрасың басқа ұлттан дараланып-ай.

Көрерменім-ай, көріскенше-ай,
Ағайын, құтты болсын мерекеңіз-ай!

2-айтыскер

Тарылып жатса даламыз,
Қайтіп біз тыныс аламыз?
Хақымыз жоқ айтуға —
Әділетті қайдан табамыз?

Бұрқ етті қазақ даласы,
Кеудеде өшіп наласы.
Алаңға қарай ағылды,
Таусылып барлық шарасы.

Қош бол енді, көрермен,
Қоштасармын сіздермен.
Тәуелсіздік — тұғырың
Мықты болсын, елім-ай!

II-жүргізуші: Рахмет, қыздар. Әдемі айтыс болды. (Айтыскерлердің бағасы беріледі.)

Қорытынды сөз

II-жүргізуші: «Ел бастау қиын емес — қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес — шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ», — деген екен Бұқар жырау. Бүгінгі айтыскерлер өз міндетін барынша атқарып шықты. Ендігі сөз — қазылар алқасында.

Ән

«Біз — өмірдің гүліміз»

II-жүргізуші: Көрермендер, келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар. Берекелі, бай-қуатты күндер тілейміз.

I-жүргізуші: Тәуелсіздік тұғырыңыз мықты болсын! Алдағы мереке құтты болсын! «Тәуелсіздік — арымдай аңсар әнім» атты сайысымыз осымен аяқталды. Сау болыңыздар!