Сейіт ата қонақта Мақсаты

Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар

Бүгінгі күнде білім ордамызға қонақ болып, өзі ақын, өзі жазушы, өзі сатирик, өзі этнограф-ғалым — Сейіт Кенжеахметов атамыз келіп отыр. Бұл кездесу — рухани сабақтастықты бекемдеп, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге бағытталған тағылымды басқосу.

Жүргізуші 1: Өмірбаяннан

Сейіт Кенжеахметов 1939 жылдың 12 қаңтарында Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы Қызбел өңірінің Сарықопа ауылында дүниеге келген. Ол — жазушы, ақын, сықақшы, белгілі этнограф әрі мәдениеттанушы.

Жүргізуші 2: Білімі мен қызмет жолы

Торғай қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті, кейін С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1969).

1957–1965 жылдары Торғай орта мектебінде мұғалім болды, аудандық мәдениет бөлімінің халық театрында режиссер қызметін атқарды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі мен А. Иманов мемориалдық музейінде директорлық қызметтерде еңбек етті.

1965 жылдан бастап баспасөз саласында жұмыс істеді: Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» (1965), Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (1966–1970), Торғай облыстық «Торғай таңы» (1970–1977) газеттерінде бөлім меңгерушісі әрі жауапты хатшы міндеттерін атқарды.

1977–1989 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Торғай облысындағы әдеби кеңесшісі болды. 1989–2002 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Жүргізуші 1: Қоғамдық қызметі

1990–1995 жылдары Торғай облыстық Қазақ тілі қоғамының төрағасы міндетін қоса атқарды. 2003 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті.

Жүргізуші 2: Шығармашылық бастауы

Әдебиеттегі алғашқы қадамын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазудан бастаған. Тұңғыш туындылары 1957 жылдан бастап «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, сондай-ақ «Ара», «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды. 1965 жылдан әзіл-сықақ әңгімелерімен қатар шағын интермедиялар да жазды.

Жүргізуші 1: Жетістіктері мен марапаттары

Оның сәтті интермедиялары «Тамаша» ойын-сауық отауында 30 жылдан астам уақыт бойы сахналанып келеді. Сатиралық шығармаларға арналған республикалық конкурстарда бірнеше рет жүлдегер атанған.

Этнографиялық-танымдық еңбектері үшін «Ана тілі» газетінің «Ана тілінің саңлағы» құрметті атағын алды (1992).

Ұлт мәдениетіне арналған үш кітаптан тұратын «Жеті қазына» ғылыми еңбегі үшін Қостанай облысы меценаттарының «Қазына» сыйлығына ие болды (2002).

Кездесудің мәні

Бұл сабақ — бір тұлғаның өмір жолын таныстырумен ғана шектелмей, үлкенге құрмет, сөз қадірін білу, ұлттық дәстүрді ұлықтау сияқты құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған тәрбиелік кеңістік.

тәрбие ата дәстүр рухани сабақтастық әдебиет этнография